Министр атышулы ломбардқа қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықтың ақшасын жымқырған «Гарант 24» ломбардына қатысты тергеу қалай жүріп жатқаны туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министр қаржы пирамидасының қалай жұмыс жасап, ақша жымқырғанын толығымен түсіндіріп берді. Оның айтуынша құрылтайшылар ақшаларын алып, шетелге кетіп қалған. Қазіргі таңда филиал директорлары анықталып, олардан жауап алынуда дейді ол.

«Компания құрылтайшылары Қазақстан бойынша алаяқтық жолмен ақша табу үшін жарнама берген. Яғни пәтер, көлікті алып, оны қайта сатқан. Одан түскен қаржыны өздері иеленген. 3 құрылтайшы компанияның қаржы пирамидасы екені анықталған соң, шетелге қашып кетті. Уақытында қабылданған шаралар компанияның 25 өңірдегі филлиал директорын анықтауға мүмкіндік берді. Ондағы бас бухгалтерлер де ұсталды. Көптеген құжат пен мүліктің жартысы тәркіленді», — деді Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде.

Қазіргі таңда құрылтайшылар шетелде жүрген жерінде ұсталып, елге қайтарылған дейді министр. Оған қоса Тұрғымбаев зардап шеккендердің саны өте көп екенін айтып, тергеу жұмыстарын өз қадағалауына алғанын жеткізді.

«Осылайша, бір құрылтайшы Молдовада, екіншісі Қырғызстанда, үшіншісі Ресей Федерациясында ұсталды. Кейін олар бізге жіберілді. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір олар тергеу изоляторында отыр, тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккендер өте көп. Бұл тергеуде қиындық тудырып отыр. 11 мыңнан астам зардап шеккен азамат бар. Жалпы шығынның мөлшері есептеліп жатыр. Қазіргі таңда шығынның мөлшері — 8 миллиард теңге», — деп түйіндеді сөзін ол.

Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпанда еліміздің бірнеше қаласында «Гарант 24» және «Estate Ломбард» салымшылары компания кеңсесіне жиналып, салған ақшасын қайтап беруді талап еткен болатын. Компания салымшыларды сан соқтырып кеткен.

 

stan.kz