Министр арсеналдың бір жылдай шығарылатынын айтты
Жоспар бойынша қаладан 28 мың тонна оқ-дәрі шығару керек
НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери арсеналды басқа жерге көшіру бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Арыс қаласындағы арсеналдан оқ-дәрілер мен қару-жарақты көшіру жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын басталды. Яғни, 5 шілдеде қару-жарақтың бәрі басқа жерге тасылды. Қазіргі уақытта оқ-дәріні шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Алғашқы вагондар жүріп кетті», — деді Ермекбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Министрдің айтуынша, снарядтарды басқа жерге шығару жағынан бірқатар қиындық бар. Мәселен, бұрын әскери қоймаға екі темір жол келіп тұрған. Кейін оның біреуін бұзып, орнында мектеп пен үйлер салып тастады. Осыған байланысты оқ-дәріні алдымен көлікке, одан кейін темір жолға тиеуге тура келіп отыр.
Тағы оқыңыз: Тоқаев қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады
«Жалпы, бүгінде нақты кесте бар. Оған сәйкес, 28 мың тонна оқ-дәрі шығаруымыз қажет. Ол, шамамен, 817 вагон. Жоспар бойынша барлық жұмыс 2020 жылдың мамырына дейін толығымен аяқталады», — деді Ермекбаев.
Арыстағы төтенше жағдай
24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.
Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.
sputniknews.kz