Министр Алматыдағы аренаға неге Денис Теннің есімі берілмей жатқанын түсіндірді

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Денис Тен қорының жұмысына арналған баспасөз мәслихатында журналистер Алматыдағы мұз айдыны аренасына спортшының есімін беру мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады

АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мұз айдыны аренасын қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімімен атау мәселесінде асығыстық танытпаған жөн деп санайды. Бұл туралы тілшісі хабарлады. 

Бүгін тамыз айында құрылған Денис Тен қоры жұртшылық өкілдерімен алғашқы кездесуін өткізіп, қордың алдағы жоспарларымен бөлісті. Шара барысында журналистер мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан Алматыдағы мұз айдыны аренасына спортшының есімін беру бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрады. Мәнерлеп сырғанаушының қазасынан кейін қазақстандықтар осындай ұсыныс жасаған еді.

«Белгілі бір процедура бар. Бастама жергілікті атқарушы органдардан түсуі керек. Кейін мәдениет министрлігі оны растайды. Бұл мәселе бақылауда екенін нық сеніммен айта аламын. Асығыстық танытпаған жөн. Болашақта Алматы әкімдігімен бірлесіп бұл мәселені шешеміз деген ойдамын», — деді Мұхамедиұлы. 

Еске сала кетсек, танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілдеде Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде кісі қолынан ажал құшты. Ол көлігінің айнасын ұрлағалы жатқандарды тоқтатамын деп пышақ жарақатын алған. Спортшы ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, көп қан жоғалтқандықтан, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті ретінде 24 жастағы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов ұсталды. Ал Жанар Толыбаева кісі өлтіру туралы хабар бермеді деген күдікке ілінді.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/