Министр «Айсұлтан Назарбаевтың жазбасы жайлы жазғандарды» қай баппен жазалау керегін ашып айтпады

0
70

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерге берген сұхбатында Айсұлтан Назарбаевтың постары жайлы жазғандарды қай баппен жазалау керегін нақты айтпады. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы өткен айда Facebook парақшасында отбасы жайлы ашық пост жазған.

Қазақстандық журналистерге берген сұхбатта өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан. 13 ақпанда ол Facebook парақшасына тағы пост жазып, Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Айсұлтан Назарбаев сол постында Қазақстандағы ең ықпалды Назарбаев әулетінің үлкен жемқорлық істеріне қатысы барын жазған. Ол шешесі Назарбаева коррупция туралы айттырмас үшін өзіне қысым жасағанын да мәлімдеген.

Сол күні кешке ақпарат және қоғамдық даму министрі Абаев «Хабар» арнасының эфирінде «Айсұлтан Назарбаев жазбаларын белгілі бір адамдардың ықпалымен жазып отыр» деген. Назарбаевтың жиенінің жазбасына биліктен алғашқылардың бірі болып пікір білдірген Абаев «мұндай жағдайлар жазасыз қалмайды» деп айтқан.

Оқи отырыңыз: Айсұлтан Назарбаевтың жаңа мәлімдемесіне билік реакциясы

17 ақпанда ҚазТАГ агенттігінің журналисі Мадина Әлімханова «мұндай жағдайлар қандай заң актісі бойынша жазаланатынын» сұрағанда Абаев: «Бұл жерде жаза тек құқықтық жағынан ғана емес, бәлкім моральдық жағы да бар. Жазбаларға белгілі адамдардың қатысы бар, сондықтан мәселені кеңірек қарау керек» деді.

Министр нақты қай бапты меңзеп тұрғанын ашып айтпады. «Мамандарға қайырылу керек. Жеке өзім жауап бере алмаймын. Заңдық жағын қарастырып, сіздерге жауап береміз» деді Абаев.

Ол қандай да бір мәлімдеме жасамас бұрын, заңмен танысатынын айта келе «Сіз сұрап тұрған нақты бапты кейінірек айта аламын» деді.

Журналист министрден Айсұлтан Назарбаев жайлы жазған New York Times сияқты әлемдік басылымдарды қалай жазалайтынын сұрағанда Абаев: «Мұны да бәлкім қарау керек. Менің жауабымның нақты [New York Times] газетіне қатысты еместігін жақсы түсініп тұрсыз ғой» деді.

Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Әлиев көзі тірісінде дипломатиялық қызметтерде істеген. 2007 жылы қуғанға ұшырап, 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми тергеу ол суицид жасаған деген шешімге келген. Ал Әлиевтің екінші әйелі Эльнара Шоразованың адвокаттары германиялық эксперттерге сілтеп, Әлиевті өлтіріп кетті деген.

Azattyq