Министр Абаев Қазақстандағы жаңа тағайындауларды түсіндірді
Қысқа сілтеме алу
Министрдің айтуынша, үкіметтегі тағайындаулар президенттің атқарушы билікті жаңа мәселелерді шешуге жұмылдыру үшін жасаған қадамы
НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым — Sputnik. Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың министрлер кабинетінде жасаған тағайындауларына қатысты пікір білдірді.
«Открытый диалог» бағдарламасының жүргізушісі қойған «Соңғы тағайындауларды ел билігіндегі ірі өзгерістердің басы деп санауға бола ма?» деген сұраққа министр былай деп жауап берді:
«Иә, жаңа президент бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады. Бірақ бәрі үйлестірілген. Сол себепті бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде атап көрсеткен он тапсырманы орындауға атқарушы билікті бағыттау үшін жасалған басқарушылық қадам болды».
Министр атап өткендей, президенттің ұлықтау рәсімінде айтқан сөзі жай ғана алғысөз ғана емес, саяси декларациямен тең. Әсіресе, жаңа президент сайланғанда оның маңызы зор.
Тағы оқыңыз: Абаев Қазақстандағы митингілер туралы пікір білдірді
«Ресми түрде рәсімге қатысқандарға айтылғанымен, шын мәнісінде бүкіл халыққа, дипломатиялық корпусқа және бір жағынан әлемдік қауымдастыққа жасалған үндеу», — деді министр.
Абаевтың айтуынша, президенттің сөзі Елбасының бағытын әрі қарай жалғастырып, өзгерістерге бет алу қажеттігін білдіреді. Әрбір пункт пен әрбір тапсырма қарапайым халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектері негізінде айшықталды, деп санайды министр.
«Ұлықтау рәсімінде айтқан сөзі Тоқаевтың өзіндік бір месседжі сияқты болды: «Халықтың мұң-мұқтажын тыңдадық, енді қимылдайтын сәт келді», — деді Абаев.
Тағы оқыңыз: Қазақстан журналистикасы әлемдік деңгейге шықты — министр Абаев
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінен кейін Қазақстанда бірқатар тағайындау жасады. Бұдан бөлек, кейбір ведомстволар қайта ұйымдастырылып, сауда және интеграция, инновациялар және цифрлық даму, сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері құрылды.
sputniknews.kz