Министр 300 мың оқушыны компьютермен қалай қамтамасыз ететінін айтты

1

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Аймағамбетов орта білім деңгейі бойынша қашықтан оқыту форматы елімізде бұрын-соңды болмағанын атап өтті, тіпті заңда да қарастырылмаған

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі 300 мың оқушыны компьютермен қамтамасыз етудің екі жолын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазір бізде компьютері жоқ үш мыңнан астам бала бар. Бұл мәселені екі жолмен шешуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі, мектептердегі компьютерлерді балаларға уақытша пайдалануға береміз. Қазір осы жұмысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары белсенді жүргізіп жатыр. Бүгін, мәселен, Алматы қаласы он мыңнан астам компьютер таратты», — деді Аймағамбетов онлайн-брифингте.

Екінші жолы қосымша компьютерлер сатып алу. Бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кеткен.

Министрлік барлығы 80 мыңға жуық техника сатып алмақ. Оның ішінде компьютерден бөлек планшеттер де бар.

Сонымен қатар, техникалық мүмкіндігі бар, бірақ интернеті жоқ оқушылардың мәселесі де назардан тыс қалмаған. Әкімдіктер мұндай балаларды интернетке қосу жұмыстарын жүргізуде.

Аймағамбетов орта білім деңгейі бойынша қашықтан оқыту форматы елімізде бұрын-соңды болмағанын атап өтті. Тіпті заңда да қарастырылмаған. Техникалық дайындық та, интернет-платформалар да жоқ.

«Сондықтан осы деңгей ең қиыны болып тұр. Ең басты назарды орта білім деңгейіне аударып отырмыз», — деді министр. 

Айта кетсек, төтенше жағдайға байланысты қазақстандық оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады. Оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді.

Карантин жағдайында қашықтан оқыту «Ел арна», «Балапан» телеарналары, «Qazaq radiosy», интернет-ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.



sputniknews.kz