Министр 2019 жылы бейресми жұмыскерлер үшін енгізілуі тиіс төлем жайлы айтып берді

0
20 Желтоқсан 2018, 13:05 192 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Заң жобасымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова таныстырды.

«Заң жобасы Мемлекет басшысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Өзгерістер мен толықтырулар 3 кодекске: Салық, Кәсіпкерлік, Бюджет кодекстері және 19 заңға енгізіледі. Заң жобасының негізгі жаңалығы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режим – Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу. 2018 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың саны 8,7 млн адамды құрады, оның ішінде 6,6 млн жалдамалы жұмыскер және 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам. Республика экономикасында жалпы жұмыспен қамтылғандардың 16%-ы (1 387 мың адам) бейресми жұмыспен қамтылғандар, оның ішінде 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскер еңбек шартынсыз жұмыс істейді және 588 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ағымдағы жағдай көрсеткендей, бейресми жұмыспен қамтылуға салық органдарында тіркелу және есептен шығу кедергілері, төлем жүйелерінің көптігі және салық режимін анықтаудың қиындығы әсер етеді. Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады», — деді Әбілқасымова.

Министрдің айтуынша, Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (2525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 айлық есептік көрсеткіш (1263 теңге) деп белгіленді.

«Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі: жеке табыс салығы – 10 %-ды; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар – 20 %-ды; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы төлемдері – 30 %-ды; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар – 40 %-ды құрайды. Бірыңғай жиынтық төлем өз бизнесін табыс алу мақсатында жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады, олар: жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау; жұмыс істеу, жеке тұлғалар үшін қызмет көрсету; жеке тұлғалардың тұтынуы үшін жеке қосалқы шаруашылықты пайдаланудан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу сияқты шарттарды сақтауға тиіс. Бұл ретте күнтізбелік жылға шекті табыс 1175 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс (жылына 2966 мың теңге, 2019 жылы айына 247 мың теңге). Азаматтардың қалған санаттарына салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тәртібі сақталады. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарындағы 500 мың адамның қызметін формализациялау көзделеді, сондай-ақ 65,4 мың төлеуші патент және жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режимінен ауысады деп күтілуде», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Ведомство басшысының мәліметінше, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.

«Түзетулердің екінші блогы «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» анықтамасына әртүрлі түсінік беруді жоюға бағытталған. Терминдерді бірыңғай қолдану үшін «жұмыспен қамтылған адам», «жалдамалы жұмыскер», «тәуелсіз жұмыскер» анықтамалары ұсынылады. Бұдан басқа, жұмыспен қамтылған халықтың қолданыстағы регламентациясымен салыстырғанда жұмыспен қамтылған адамдарды ауқымды санаттау ұсынылады. Жұмыспен қамтылған адамдардың анықтамалары және санаттары Халықаралық еңбек ұйымының жұмыспен қамтылғандар статусының халықаралық классификациясына сәйкестендірілді. Түзетулердің үшінші блогы әлеуметтік төлемдерді төлеушілер санаттарындағы қайшылықтарды алып тастауға бағытталған. Заң жобасымен әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда төлеушілер санаттарын унификациялау жүргізілді. Түзетулердің төртінші блогы Елбасының 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны арттыру бойынша тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ең төменгі жалақыны белгілеудің негізі ең төмен күнкөріс деңгейі екенін көздейтін норма алып тасталады. Бұл ретте ең төменгі жалақының – еңбек ақының ең төменгі стандарты деген статусы сақталады», — деді Әбілқасымова.

Министрдің айтуынша, бұдан басқа бюджетке, бизнеске (жұмыс берушіге) және жұмыскерге қосымша жүктемені болдырмау мақсатында төлемдердің жекеше түрлерін белгілеу үшін ең төменгі жалақының орнына ең төмен күнкөріс деңгейі немесе ай сайынғы есептік көрсеткіш қолданылады (қайтыс болған жеке көмекшінің отбасына және қарсы барлау қызметі немесе жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде қатысу кезінде оның қаза болуы жағдайында оның асырауындағыларға төлемдер; ғылым кандидаты немесе докторы үшін ғылыми, Phd дәрежесіне қосымша төлемдер).

«Сонымен бірге, жұмыс беруші мен жұмыскерге жүктемені азайту үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының жаңа деңгейіне еселенген жарналардың ең жоғары мөлшері қайта қаралатын болады. Бұл ретте олардың ең жоғары мөлшері номиналдық мәнде қазіргі деңгейінде сақталады. Түзетулердің бесінші блогы Салық кодексіне «Aстана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушылар үшін салық преференцияларын беруге қатысты түзетулер енгізуді көздейді», — деді Мәдина Әбілқасымова.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ