«Мінез»

0
244

Біздің қазақ қоғамы бара-бара меңіреу болады-ау деймін. Қазір біреу өліп жатса мыңқ етпейтін, етін кесіп алса қыңқ етпейтін – сондай немкетер. Бұл ауру ма, әлде етіміз өліп кеткен бе?

Екі аптаның алдында ғана 9-қабаттан үш баласын лақтырып, артынан өзі мерт болған жас әйелді де ұмыттық. Есті адамға бұл ұлттық трагедия, қоғам індеті. Сол індетті емдеген жоқпыз, трагедияға баға берген жоқпыз. Керісінше, ондай оқиға болмағандай, Қазақстанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқандай, төрт құбыламыз түгел жүрміз. Шындығында ондай емес. Астанада қайбір жылы тірідей жанып кеткен бес сәбиден сабақ алған болсақ, қазір мына үш баланы анасы өз қолымен өлімге қимас еді. Бұл әлеуметтік мәселе. Күйеуі бала-шағасын тастап, қалталы әйелмен кету деген сөз – жоқтықтан, таршылықтан қысылған адамның амалы, кедейліктен құтылғысы келген жанның таңдауы.

Біздің қоғамда тұрмысы төмен жас отбасылар баршылық. Бүлініп кетуге шақ отырғандары қаншама?

Жалғызбасты әйелдердің санын айту, тіпті қиын. Ал күн сайын қанша жігіт бала-шағасын тастап, тірі жетім қылып жатады? Оның да нақты статистикасы жоқ. Бірақ осындай тар заманда көпке үлгі болатын азаматтар да бар. Қу шөппен ауыз сүрткендей болмайық.

Мәселен, жуырда ғана қытай геноцидін көрген, 1 жылдай уақыт қытай лагерінде болған жалғызбасты келіншекті қазақтың бір қайырымды азаматы өзіне жар етті. Алматыда дүркіретіп той жасады.

Былай қарасаңыз, көп тойдың бірі сияқты. Бірақ бұл үлкен тәуекел. Саяси неке деуге келеді. Өйткені, адам құқығын шектеп, аз санды ұлт саналатын ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты мұсылмандарды жаппай қудалап, қырып, атып, соттап, із-түссіз жоғалтып жатқан қытай қысымын көрген жалғызбасты адаммен бас қосу – ердің ері ғана баратын іс. Екі оқиға да бір қалада болып жатыр. Біреуі – үш баласы мен әйелін тастап кетсе, екіншісі – асыраушысы жоқ әйелді бір қызымен алып жатыр. Алғашқы кейіпкеріміздің аты-жөні әлеуметтік желі мен сайттардың бәрінде жазылды. Ал көпке үлгі болған екінші азаматтың аты-жөні – Тұрарбек Құсайынов, келіншегі Гүлнұр Божықанқызы.
Тұрарбек Құсайыновты таныстыра кетейік. Ол — «Зұлмат», «Айдаһардың айласы» атты Қытай геноциді туралы кітап жазған тәуелсіз журналист, дінтанушы, «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Саяси неке деуіміздің бір сыры осы.

Айтпақшы, бұл некенің тағы ерекшелігі – Тұрарбек Атыраудың тумасы, ал Гүлнұр Қытайдың Іле аймағына қарайтын Күнес деген жерден келген. Қытай қазағы, Моңғолия қазағы, Қазақстан қазағы деген қазақ жоқ. Әлемде жалғыз қазақ бар, ол – қазақ. Бірақ Тұрарбек пен Гүлнұр екі түрлі ортада өскені анық. Дегенмен, бір жағымыздан қытай қысып, бір жағымыздан жаппай орыстандыру жүріп жатқанда, шеттен келген қазақ демей, қазаққа қазақтың құшақ ашқаны, қазақтың қауқарсыз бір қызын осындағы бір жігіттің жар еткені – бұл қазақтың рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтеріле бастағанын көрсетеді. Соның көш басын қытай қырғыны туралы кітап жазған автордың бастағаны – азаматтың сөзбен емес, нақты іспен көрсете алатынының айғағы.

Азаматтығы демекші, Тұрарбек Құсайынов тойдан бұрын Гүлнұрдың 6 жастағы қызына Алматы қаласынан су жаңа пәтер алып берді. Бұл енді қолында бар адамның өзі жасай алмайтын атымтай жомарттық. Қызыл сөзбен емес, нақты іспен үлгі болу деген осы.
Негізі қазақтың ықылым заманнан бері келе жатқан дала дәстүрі бар. Жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғытпайтын қазақпыз деп мақтанамыз ғой. Біз бұрын сондай болғанбыз. Қазір ондай емеспіз. Ал Тұрарбектің ісі – баяғы қазақтардан қалған далалық мінез. Әр қазақтың бойында осындай мінез болса, бүгінгі саяси жүйеге жем болмас едік! Назарбаевтың жүйесі қазаққа қазақтың қосылғанын қорқады.

Айта кетейік, осыны жазып жатқанда белгілі спорт шебері Дәулет Тұрлыхановтың қызы, Жүрсін Ерманның жиені кениялық жігітке тұрмысқа шығып, негр құдасы алты құрлықтың арғы жағынан сәлем жолдады дей ме? Қазақтың қаймақтары қыздарын шетелдіктерге бергенін әлдеқандай қылып мақтанышпен айтады, ал ұлтқа қызмет ететін нағыз азаматтар өз ұлтының жыртығын жамап жатыр. «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деген Әлихан көсемнің сөзінде мін жоқ-ау!..

Жұқамыр ШӨКЕ