«Миллионмен декретке» курсының авторлары жауапқа тартыла ма – министрлік жауабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдістерін үйрететін консультациялық қызметтердің үстінен шағым түсірген. Бұл туралы ведомствоның Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БАҚ өкілдеріне жүктілік пен босану төлемдерін шамадан тыс рәсімдеген 113 адамның үстінен қылмыстық 16 іс қозғалғанын мәлім еткен болатын. Kazinform осы қылмыстық істердің орбитасында «Миллионмен декретке» курсының авторлары бар-жоғын сұрады.
— Бүгінде біз әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook және т.б.) үшінші тұлғалардың тарапынан әр түрлі консультациялық қызметтердің, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілері мен декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отырған әйелдер арасында «формалды» еңбек шарттарын жасасу арқылы әлеуметтік төлемдерді жоғары мөлшерде алу тәсілдерінің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз, — деп жазылған жауапта.
Осы орайда қазір құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Аталған мәселе бойынша министрлік пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өздерінің құзыреті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізу үшін құқық қорғау органдарына бірқатар өтінішке бастамашылық жасады. Қозғалған қылмыстық істер шеңберінде жедел тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді, — деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ, былтыр күзде Антикор Шығыс Қазақстан облысында 780 әйелдің декреттік төлемді арттыру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін анықтаған болатын.