Михаил Горбачев туралы естеліктер

0

Мәскеу қаласында КСРО экс-президенті Михаил Горбачев 92 жасында қайтыс болды.

Михаил Горбачев 1931 жылы Ставрополь өлкесінде дүниеге келген. Әкесі машина-трактор станциясында (МТС), ал анасы колхозда жұмыс істеген. Горбачевтің өзі мектеп жылдарында комбайншының көмекшісі болып еңбек етеді, 18 жасында ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Ломоносов атындағы ММУ-ге 1950 жылы оқуға түсіп, ал 1952 жылы КОКП құрамына кірді. Заң факультетін бітіргеннен кейін ол Ставрополь өлкесінің прокуратурасында аз ғана уақыт қызмет атқарып, кейін жергілікті комсомол ұйымдарына ауысты. Осылай өзінің мансабын бастады. Горбачев 1962 жылға қарай облыстық комсомолды басқарды. Сол жылы оған партиялық жұмысқа ауысу ұсынылды. Өлке комитетінің бірінші хатшысы және өлке комитеті бюросының мүшелігіне кандидат ретінде сайланған Горбачев

«Мен енді партиялық жұмыстармен де көбірек айналыса бастадым: аудандарға бару, шешімдер қабылдауға қатысу, пленумдарда және активтерде түрлі мәселелерді талқылауға қатысамын», — деп жазды.

1970 жылға қарай Горбачев аймақтарды тиімді басқарды. Онда ол КГБ-ны басқарған Юрий Андроповпен кездесіп, кейін құрметті кісінің сеніміне ие болды.

Фото: Владимир Акимов

1978 жылы Горбачевке КОКП Орталық Комитетінің хатшысы — Жоғары партия органы болуды ұсынды. Екі жылдан кейін ол ОК Саяси бюросына кірді. Бас хатшы қызметін Горбачев 1985 жылы бұрынғы Константин Черненко қайтыс болғаннан кейін иеленді. КСРО басшысы үшін ол өте жас еді, себебі небәрі 54 жаста болатын. Горбачевтың басқалардан ерекшелігі — өз ойын қағазға қарамай-ақ жеткізе алатын.

Горбачев Бас хатшы лауазымын иеленген соң, қайта құру кезеңінің басталғанын жариялады. 1990 жылы баспасөз туралы Заң мемлекеттік цензураны жойды.

Горбачев Батыс басшыларымен белсенді кездесулер өткізді. 1989 жылы АҚШ президенті Джордж Бушпен келіссөздер нәтижесінде қырғи қабақ соғыс іс жүзінде аяқталды. Горбачев КСРО Америка Құрама Штаттарын әскери қарсылас ретінде қарастырмауға дайын екенін айтты.

Сондай-ақ, 1988 жылы Горбачев Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығаруды қолға алды.

Горбачевтың экономикада қабылдаған шаралары сынға алына бастады. Әсіресе, азаматтардың наразылығын маскүнемдікке қарсы саясат тудырды.

1990 жылы Горбачев КОКП-ның жетекші рөлі туралы Конституция ережесін жою және елде президент лауазымын енгізу қажеттілігі туралы мәлімдеді. Кейін халық депутаттарының съезінде оны КСРО президенті етіп сайлады. Ол осы қызметті атқарған алғашқы және жалғыз адам еді.

1990 жылы Михаил Горбачев халықаралық аренадағы бейбітшілік процесіндегі рөлі үшін Нобель сыйлығына ие болды.

Горбачев ТМД құрылғаннан кейін 1991 жылы желтоқсанда КСРО президенті қызметінен кетті. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында одақтас республикалардағы жағдай шиеленісіп, шерулер өтті, билік әскери күш қолданды. 1991 жылы сәуірде Горбачев пен он республиканың басшылары жаңа одақ келісімін жасауға шешім қабылдады. Тамыз айында құжатқа қол қою қарсаңында Президенттің жанындағы лауазымды тұлғалары төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) құрылғанын жариялады, ол елде төтенше жағдай енгізуді немесе билікті вице-президент Геннадий Янаевқа уақытша беруді талап етті. Бұл уақыта Қырымда демалыста болған Горбачев барлығынан бас тартуға мәжбүр болды және Форостағы мемлекеттік тапсырыста үш күнге оқшауланды. Генерал-майор Лев Толстой ғана президентке барынша қолдау көрсетті.

Мәскеуге оралғаннан кейін Горбачев мемлекеттік құрылымды реформалау жобасын дайындауды бастады, желтоқсанда одақтас республикалардың басшыларымен кездесу жоспарланды. Ресей, Украина және Беларусь басшылары Горбачевтің қатысуынсыз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойды. 25 желтоқсанда Михаил Горбачев азаматтарға үндеуінде отставкаға кететінін мәлімдеді:

“Соңғы жағдайларға,Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына байланысты мен КСРО президенті ретіндегі қызметімді тоқтатамын».

Сол кеште Кремльде КСРО Мемлекеттік туының орнына Ресей федерациясының туы көтерілді.

Михаил Горбачев КОКП ОК жанындағы бұрынғы зерттеу институттары негізінде Горбачев қорын құрып, оны өзі басқарды. Қор әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулермен айналысады. 1993 жылы Горбачев «Новая газетаның» иесіне айналды.

1996 жылы Горбачев президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынып, 1% — дан аз дауыс жинады.

Михаил Горбачевтің әйелі Раиса Максимовна күйеуімен бірге көпшілік алдына шыға бастады. Бұл қоғамның аралас реакциясын тудырды. «Раиса елді Бас хатшымен қатар басқарады» деген пікірлер айтылды. Горбачевтің жеке өмірінің ашықтығы КСРО-дағы атмосфера мен саяси бағыттың өзгеруінің дәлелі ретінде қабылданды. Раиса Горбачева қоғамдық қызметпен қатар қайырымдылықпен айналысқан. Батыста Бас хатшының жұбайының киімдері талқыға түсе бастады. Сәнді киінетін келіншек әйгілі дизайнерлердің емес, Мәскеудегі тігіншілердің туындыларына ерекше назар аударатын болып шықты. Бұл туралы Горбачевтың өзі айтып берді.

“Біз үйленген жыл өте қиын еді. Екеуміз де студентпіз.Тойға ақша табу үшін комбайннан картоп жинадым. Сондағы тапқаным тек ақ көйлекке жеткілікті болды. Ал аяқ киімді Раиса дос қызынан сұрап алды. АХАЖ бөлімінде тіпті сақина салмадық. Мен оған бірнеше жылдан кейін ғана жүзік сатып әпердім” — деп еске алатын Горбачев.

Фото: Nick Didlick

Раиса Горбачева 1999 жылы лейкоздан қайтыс болды. Оның есімі 2007 жылы Санкт-Петербургте құрылған балалар гематологиясы және трансплантология институтына берілді. Михаил Горбачев одан кейін үйленген жоқ. Бүгін де бір қызы, екі немересі және шөберелері бар.

«Раиса екеуміз 50 жылға жуық бірге болдық. Ешқашан қиналған емеспіз. Өте тату тұрдық», — деп жазды Горбачев естеліктер кітабында.

2011 жылы Лондондағы Royal Albert Hall залында Михаил Горбачевтің 80 жылдығына арналған “Gorby-80” үлкен қайырымдылық кеші өтті. Жүргізушілер актерлер Кевин Спейси мен Шарон Стоун болды. Іс-шарада Лондон симфониялық оркестрі мен Үлкен театр әртістері өнер көрсетті.

(ақпарат: rbc.ru, фото: zabavniks.com)