Месси тағы да рекорд жасады
2018 жылғы 9 желтоқсан 20:14 76
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бес дүркін «Алтын доп» иегері, «Барселонаның» жұлдызы Лионель Месси испандық Примерада кезекті рет өз есімін жазып қалдырды, деп хабарлайды «SPORTINFORM».
31 жастағы аргентиналық Испания чемпионаттары тарихындағы 13 маусымда қатарынан 10 голдан артық соққан тұңғыш футболшы атанды.
Статистер үшін аса маңызды оқиға 15-ші турда «Эспаньолаға» қарсы матч кезінде орын алды. Лионель кездесудің 17-ші минутында айып сызығынан тамаша соққы беріп, есепті ашты. Ал ойын соңында гол салып, голкипер Диего Лопесті тағы ренжітті. Осылайша, Примераның қазіргі ойынында Мессидің еншісінде 11 гол бар
Мессидің қос голының арқасында «Барселона» 4:0 есебімен ежелгі қарсыласының тас-талқанын шығарды. Одан бөлек, Луис Суарес пен Усман Дембеле бір голдан соқты.
15-ші турдан кейін каталондықтар «Севилья» мен «Атлетикодан» 3 ұпай артық жинап, турнир кестесінде бірінші келе жатыр.