Месси Дэвид Бекхэм иелік ететін «Интер Майами» командасына ауысады

0

Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси спорттық мансабын америкалық «Интер Майамиде» жалғастырмақшы. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін «Пари Сен-Жермен» клубы Мессидің 2022/2023 жылғы маусым аяқталғанда командадан кететінін мәлімдеген.

«Мен «Барселонаға» қайтып оралмаймын, «Интер Майамиге» ауысамын. Әлір реттеуді қажет ететін бірнеше мәселе бар, бірақ сұрақ 100% жабылды деуге болады», – деді Месси сұхбатында.

35 жастағы спортшы алдағы уақытта отбасына көңіл бөлгісі келетінін айтып, «Барселонаға» қайтып оралмау себебін де түсіндірді.

«Батсапқыда «Барселонаға» қайтып оралғым келген, бірақ бір нәрсе болады деп күтіп, болашағымды басқа адамдардың қолына беріп қойғым келмеді. Өзімді және отбасымды ойлап, шешім қабылдағым келді. Ла Лиганың менің оралуымды мақұлдағанын естідім, бірақ шешімі табылмаған бірнеше сұрақ болды. Мен оралсам, клубқа бірнеше ойыншыны сатуға немесе олардың жалақысын төмендетуге тура келетінін естідім. «Барселонада» ойнап жүргенде шындыққа жанаспайтын дүниелер үшін мені айыптады. Бұл нәрсені қайталағым келмейді», – деп түсіндірді Месси.

Спортшы қазір өзі үшін ақша маңызды емес екенін мәлімдеді.

«Егер ақша қызықтырса, Сауд Арабиясына немесе басқа жаққа ауысар едім. Шешім қабылдарда ақшаны ойламадым», — дейді ол.