Мешіттерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр

0

Коронавирустың таралуына байланысты мешіттерде шектеулер енгізілді. «Жұма қабыл болсын» деп амандасуға болмайды

АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Елорда, Алматы, Жамбыл облысындағы мешіттің барлығында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, мешіт ішіне медициналық тазартқыш сұйықтықтар орнатылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Алдағы кезде жұманың уағызы уақытша тоқтайды. Намаз уақыты кірісімен, жұма намазы оқылады. Мешітке балиғат жасына толмаған баламен келуге тыйым салынады, сондай-ақ, қарияларға, әйелдер мен науқас жандарға жамағат намазына қатысуға болмайды», – деді Алматы орталық мешітінің баспасөз хатшысы Бауыржан Мырзақұл.

Сонымен қатар мешітке кіруге бірнеше өзгеріс енгізілді. Діни басқарма өкілдері мешітке келушілерді медициналық бетперде тағып келуге және намаздан тыс мешітте топтасып тұрмауға шақырды. Сондай-ақ, мешітке үйден дәрет алып келу керек. Алайда бұл өзгеріс мешіттің жұмыс уақытына әсер етпейді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды сабырлық сақтауға шақырды 

«Жұма намаздың уақыты қысқартылды. Алайда «бес уақыт намаз оқуға келме», «намаз оқуға келме» деген жоқ. Мешіт бұрынғыша жұмыс істеп тұр», – деді Мырзақұл.

Коронавирустың көпшілік арасында таралуының алдын алу мақсатында жұма намазына байланысты төмендегідей өзгерістер енгізілді:

  • 2020 жылдың 20 наурызынан бастап жұма намазынан бұрын айтылатын 30 минуттық уағыз уақытша тоқтатылады;
  • Намаз уақыты кіре сала азан айтылады, 4 ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының 2 ракағат парызы қысқа сүремен оқылады;
  • Жұма намазының парызынан кейін оқылатын 4 рәкағат сүннет үйде оқылады;
  • Намаздан кейін тәсбих тартылмайды, Құран оқылмайды, имам қысқа дұға жасайды;
  • Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандасуға болмайды;
  • Мешітке медициналық бетперде киіп келу керек;
  • Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу қажет;
  • Жұма намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келуге болмайды;
  • Жұма намазына денсаулығы жарамайтын қариялар, науқастар мен     әйелдердің қатыспағаны абзал;
  • Ауа райы қолайлы аймақтарда жұма намазын мешіт ауласында оқуға рұқсат.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу шараларына кірісті. Елорда, Алматы, Жамбыл облысындағы мешіттің барлығында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, мешіт ішіне медициналық тазартқыш сұйықтықтар орнатылды. Сондай-ақ, мешітке келушілерге тазалық шаралары таныстырлып жатыр.

Қазақстандағы төтенше жағдай  

Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол 15 сәуірге дейін созылады. Мемлекеттік комиссия құрылып, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс істейді. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

15 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда тоғыз адам коронавирус жұқтырды. Елде ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ, отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды.

 



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз