«Мешітке келіп, садақа беріп жүрген жан»: Имам Алматыда ұлын тал түбіне тастады деп айыпталған әке жайлы айтты

0

Алматыда өз баласын таспен ұрып, тал түбіне кілемге орап тастап кетті деген күдікке ілігіп, істі болып жатқан ер адамға қатысты тың деректер шықты.

Имам Алматыда ұлын тал түбіне тастады деп айыпталған әкенің мешітке келіп, садақа беріп жүрген жан екенін айтты

Бүгін тәуелсіз сарапшы бүлдіршіннің жарақаты тастың соққысынан емес, көлік қағудан болғанын дәлелдеп бақты. Өйткені, денесіндегі тыртық ұшып барып құлағанда алған жарақатқа ұқсайды дейді. Былтыр жаздан бері сағызша созылған сотта тағы кімдер Асқар-оғлын жақтауда? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тура бір жыл бұрын бүтін қазақстандықтарды дүр сілкіндірген сұмдық оқиға әлі күнге дейін ел назарында. Бірі — әкесінің туған баласын таспен ұрып, кілемге орап кеткеніне сенбейді. Өзгесі, қара көлік қағып қашып кетті деген куәгерлердің сөзіне күмән келтіреді.

Бірақ ұлын аяусыз ұрды деп аты шыққан Асқар-оғлы әуелі полицейлерге берген жауабында кінәсін мойындаған еді. Алайда кейін айтқан сөзінен айнып қалған. Ал, көлеңкеде ес-түссіз жатқан бүлдіршінді тапқан куәгерлер әлі сол сөзін қайталап айтуда сотта. 

«Біз алғаш көргенімізде-ақ ол баланы осында әкеп тастағанын білдік. Ол тура біздің үйдің жанында болған оқиға емес. Бала тал түбінде мүлдем көрінбей жатты. Ол кісі көп жүретін жер де емес», — дейді куәгер Светлана Цой.

Яғни, қансыраған бүлдіршінді ең алғаш болып тапқан куәгерлер әлі сол көлік қағып, ізін суытты деп отыр. Тәуелсіз сарапшылардың да пікірі сондай. Баланың жарақаты тастың соққысынан емес, көлік қаққанда алғанға ұқсайды дейді.  

» Бас сүйегі мен оның қабығының зақымданғанына қарап, жарақаттың жол-көлік оқиғасы кезінде алғанын байқауға болады. Яғни, автомобиль баланы қаққан кезде ол әудім жерге ұшып кетіп, жерге басымен ұрылған. Денесіндегі басқа да жарақаттар осыны айғақтайды», — дейді тәуелсіз сарапшы Рахымжан Абдукаримов. 

Бүгін сотқа мешіт имамы да келіп сөйледі. Оның айтуныша, Асқар-оғлы бірнеше жылдан бері ұлын ертіп құлшылыққа келіп, садақаны жиі беріп жүріпті. «Балаларды қатты жақсы көреді» деп отбасын жақсы қырынан сипаттады. 

«Біз бұл отбасын өте тәрбиелі, сыйлы ретінде танимыз. Оның оғаш қылығын ешқашан көрмегенбіз. Мен ұлымен де тілдестім. Егер әкесі ұрған болса, ол сағынбас еді. Ал, Мухаммед әлі әкесін күтіп жүр», — деді имам Юсуф Әлиев.

Асқар-оғлы бір жылдан бері тергеу изоляторында отыр. Айта кету керек, былтыр осы уақытта оның бүкіл туысы жолды жауып, полицейлер қысым көрсетіп сұрақ-жауап алды деген болатын. Сөйтіп Алматының бас тәртіп сақшысын ұйықтап жатқан жерінен шығарып, Асқар-оғлын бостандыққа жіберуін талап еткен еді. Келесі сот отырысы енді бір аптадан соң өтпек. Сағызша созылған бұл іске қашан соңғы нүкте қойылары әлі белгісіз.

Еске сала кетсек, 2018 жылы 16 шілдеде Алматыда Шығыс айналма жолының аймағында 4 жасар бала тал түбінен табылды. Бастапқыда оны көлік қақты деген болжам шықты. Кейін әкесі ұлын өзі ұрғанын мойындап, оған қатысты іс қозғалды. Артынша ер адам өз сөзінен айнып, ұлын ұрмағанын айтты. 

stan.kz