«Мешіт салғанша, халықтың әрбіріне 100 млн теңге бермедіңіз бе?» — Назарбаевқа үндеу
Заңгер, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Айгүл Орынбек өзінің Facebook-тегі парақшасында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған зәулім мешітке қатысты пікір жазды.
«Ода айтқыш, төрт қолымен қолдап, жылағыштар: «Жұмаққа барасыз мешіт салсаңыз», — деген соң, үлкенін бір-ақ салып, жұмақтың төрінен ойып орын алайын деген шығар… Айналдырған 10 миллионға жетер-жетпес қазақ деген ұлтына, 30 жылда арабтар сияқты ұрпағына жететін жағдай жасауға болар еді. Өкініштісі, олай жасай алмады. Есесіне жастарымыз Кореяға барып «құл», қыздарымыз Түркияда «дуана» болып жүр. Екі сиыр алып бағайын десек жер жоқ, ұшақпен қаланың екі ортасында ұшып жүріп жұмыс істейін десең, ашылған зауыттары да жоқ!», — деп жазды қоғам белсендісі.
Оның айтуынша, көпбалалы аналарға келгенде ақша да, үй де жоқ. Бірақ мешіт салуға келгенде жер де, қаржы да табыла қалады.
Менен ақыл сұрағанда ғой, «Уа, Елбасы! Мешіт салғанша, саусақпен санарлықтай ғана ұлтың бар! Әрбірінің есепшотына 100 миллион теңгеден аударып берсеңіз, халқыңыз ұрпағыңыздың жұмақта болғанын тілейді ғой», — деп ақыл айтар едім. Қап, кеш, менен енді ешкім ақыл сұрамайды. Бірақ қазақ халқына айтар кеңесім бар: «Үйім жоқ, бала-шағам аш» деп жылап жүрген, әсіресе, көпбалалы аналар. Мешіт — құдайдың үйі, ол жерден ешкім сендерді қуып шыға алмайды. Ақорданың алдына барғанша, Елбасы салған үлкен мешітке барыңдар! Сол жерде азаннан кешке дейін Елбасына дұға жасап, тегін тұра беріңдер! Бұл мешіт те халықтың аузынан жырып алынған қаржыға салынған шығар?! Қанша қаражат кетіпті, кім біледі?, — деп түйіндеді ол сөзін.