«Мешіт деп ойладым»: Желіде Астана қаласы бас имамының үйі деп түсірілген видео тарады
Әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамының үйі деп түсірілген видео тарады. Дегенмен елорданың бас имамы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Kznews.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған видеоның авторы бастапқыда үйді мешіт деп ойлағанын жеткізді. Расымен кадрлардан төбесі күмбез пішінде жасалған зәулім сарайды көруге болады.
«Астана қаласы бас имамының үйі екен. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың қайда кетіп жатыр? Қалтаға кетіп жатыр бәрі. Не деген сарай мынау!? Төрт әйелі және жеке аспазы бар екен. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Мынаның арғы жағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған», – деді видео авторы.
Алайда Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бұл ақпаратты жоққа шығарды. Мұны ол діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу деп атады.
«Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Facebook, TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын», – деді ол.
Сондай-ақ ол көпшілікті арандатушылардың өсек-аяңына сенбеуге шақырды.
«Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың», – деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын. Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін», – деді ол.