Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА: Тарих өзегімен маңызды
Президент атап көрсеткен бұл іргелі бастаманы жеті жылға жоспарланып отырған «Архив-2025» бағдарламасы аясында отандық және шетелдік архивтердің қатысуымен жүйелі және ұзақ мерзімде жалғастыру көзделіп отыр.
Бұған дейінгі «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламалары бойынша шетел архивтерінен алынған ауқымды бірегей материалдар тарих, археология, шығыстану, геоархеология, антропология, молекулярлы генетика, мәдениеттану секілді жалпыгуманитарлық және нақты ғылым мамандарының қоян-қолтық бірлескен жұмысының нәтижесінде алғаш рет жүзеге асырылған «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасына негіз болғанын атап өткеніміз орынды. Бұл алға қойған міндет мәселеге әмбебап пікір алуандығы тұрғысынан қарауға, тарихтың этникалық және этногенездік үдерісі мәселесін айрықша ден қойып зерделеуге, палеоландшафты, ежелгі өндіріс реконструкциясын, тарихи жылнаманың шындығын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Тарихнама туралы білім тарихшының әдістемелік жұмысын айқындайды, ал оның өзегін, бастау-бұлағын білу пәнаралық ыңғайға негізделген, ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманғы тарихқа дейінгі шынайы тарихты жазу мен құруға және түпнұсқа бастауға, архив пен артефактіге сүйенген мемлекеттілікті дамыту бойынша жаңа тарихи сананы қалыптастыруға, сондай-ақ әлемдік тарих қатпарындағы өзара байланыс, өзара әрекеттестік пен сабақтастықтағы Қазақстан аумағының тұтастығын негіздеуге бағытталған оң шешімін береді. Осыған байланысты бұл бағдарламаны жүзеге асыру, айталық түркі әлемінің алтын бесігі іспетті Алтайды зерттеу ісінде де игі ықпалын тигізбек. Соңғы жылдары әлемдік мәні зор жаңа әрі құны баға жетпес тарихи жәдігерлер табылған Шығыс Қазақстан облысындағы ғажайып Алтай өлкесін зерттеуге айрықша назар аударылып келеді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Президент Н.Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының аумағында пайда болған ежелгі металлургияның тарихына ерекше мән беріп, құпиясын қойнына жасырған аймақтың жұмбағын шешетін сәттің келіп жеткенін айтады.
Жоғарыда осы аталған тарихи жаңалықтарды кешенді түрде зерттеу үшін отандық және шетелдік архивтердің қорында сақталған белгілі-белгісіз, деректі және архивтік материалдарды зерделеп қарау ісі міндетті түрде қолға алынуы тиіс. Олардың ішінде Қытайдың Бірінші тарихи архивінің құжаттары (ҚХР), Хайдарабад, Рампур (Үндістан) кітапханаларындағы қолжазбалар жиынтығы, Тегеран, Исфахан кітапханаларындағы (Иран) қолжазбалар қоймасы, Британ кітапханасындағы, Британ музейіндегі (Ұлыбритания) архивтік және қолжазбалар қоры, Францияның Ұлттық кітапханасы, INALCO (Франция) және тағы басқалары бар.
Ғажайып тарихи жәдігерлердің маңызын ашып көрсету, оларды әлемдік ғылыми айналымға енгізу үшін тарихшы, шығыстанушы, археолог, антрополог, генетик, эпиграфист ғалымдардың пәнаралық зерттеуі аса қажет. Ұлы далада мемлекеттік және рулық құрылымдар түзген кешегі көшпенді халықтардың тарихы мен мәдениеті – жүзжылдықтар бойы шығыс және батыс өркениетімен өзара тығыз байланысты дамыған Еуразия тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қытай, түркі, моңғол, иран, араб, батысеуропалық ежелгі және ортағасырлық жазба ескерткіштер Қазақстан аумағындағы көшпелі мәдениет пен этносаяси тарихты зерттеуде аса бағалы дереккөз екені рас.
Еуразия халықтарының бір-біріне тигізген тарихи-лингвистикалық байланысы мен өзара тарихи-мәдени байланысын іргелі зерттеу ісі бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүретін уақыт келді. Б.д.д. ІІ-ІІІ мың жыл бұрын Еуразия аумағында үндіирандық, тохар және ежелгі түркі қауымдастығы бірлігіне негізделген ортақ дүниетанымдық модель қалыптастырған біртұтас мәдени қауымдастықтың құрылымы жүріп жатты. Мыңжылдықтарға созылған Еуразия көлеміндегі мәдениеттер мен діни жүйенің өзара әрекеттестігі ежелгі мәдениеттегі осы құбылыстардың бейімділігі мен мәдени жетістіктермен үздіксіз алмасуға ықпал етіп, ол бір жағы, тұтастық пен интеграцияға жетелеп әкелсе, ал екінші жағынан, мәдениеттердің нығаюына, оның толысуына игі әсерін тигізді.
Ежелгі халықтарды бүгінгі ұрпақпен байланыстырған тарихи-мәдени сабақтастық көшпенді қауымдастықтың негізі болған әлеуметтік-экономикалық бірліктің, материалдық мәдениеттер жақындығының нәтижесі ғана емес, сондай-ақ діни ұстаным, идеология, әлеуметтік институттар мен ойлау жүйесінің де нәтижесі.
Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы
Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық
орталықтың директоры, Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі
Дереккөз: http://egemen.kz/