Мерекеге орай құттықтаулар
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсуде.
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Мемлекет басшысын құттықтап, зор денсаулық пен амандық, ал Қазақстан халқына – бейбіт өмір мен жарқын болашақ тіледі.
«Ұзақ жылдар бойы Қазақстан мен Германияны сенімді ынтымақтастық байланыстырып келеді. Сіздердің елдеріңіз өңірде маңызды рөл атқарады және Германияның Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі болып саналады. Қазақстанның осы жылдың басында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі елдеріңіздің халықаралық деңгейде де өзіне жауапкершілік алуға дайын екенін тағы да дәлелдеді», делінген жеделхатта.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған жолдаған хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлін айрықша атап өткен.
«Біз Қазақстанның егемендік алған сәттен бастап халықаралық аренада қол жеткізген табыстарына, сондай-ақ елдеріңіздің дамуы мен өркендеуінің нәтижелеріне қуанамыз әрі мақтан тұтамыз. Бұл жетістіктер Түркі әлемінің ақылманы саналатын Өзіңіздің сындарлы саясатыңыздың нәтижесі екені сөзсіз. Сіз жаһанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнату ісіне үлес қоса беретініңізге, Қазақстанның халықаралық беделі одан әрі арта түсетініне сенімдімін», – делінген Түркия Республикасы Президентінің жеделхатында.
Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани құттықтау хатында мемлекеттеріміздің игілігі жолында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
«Сізді және Қазақстан Республикасының халқын Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Екі халықтың игілігі жолындағы өзара ынтымақтастығымыз тереңдей түседі деп ойлаймын», делінген жеделхатта.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне жаңа табыс, ал Қазақстан азаматтарына бейбіт өмір мен бақыт тіледі.
«Елдеріңіз экономикада, әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті нығайту, қақтығыстарды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеп, оны жүзеге асыру ісіне зор үлес қосып келеді.
Беларусь пен Қазақстан арасындағы өзара сенім мен табысты ынтымақтастыққа негізделген стратегиялық қарым-қатынастар халықтарымыздың игілігі жолында одан әрі белсенді дами беретініне сенімдімін», делінген жеделхатта.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев жеке өзінің және Өзбекстан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Қазақстан заманауи, бәсекеге қабілетті әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде экономикалық, технологиялық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы зор жетістіктерімен әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр.
Біз Сізді халықаралық деңгейде мойындалған мемлекет қайраткері, іскер әрі талантты реформатор, Қазақстан халқының көшбасшысы ретінде құрметтейміз», делінген Өзбекстан Республикасы Президентінің жеделхатында.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның хатында екі ел арасындағы көпжақты стратегиялық өзара ықпалдастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріледі.
«Сіздердің елдеріңізге жасаған ресми сапарым барысында қол қойылған құжаттар және оларды іске асыру жөніндегі бірлескен күш-жігеріміз елдеріміз бен халықтарымыздың мүдделеріне сай келеді. Бұл Тәжікстан мен Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооранбай Жээнбеков жеке өзінің және Қырғызстан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен зор жетістіктерге жетті. Өзіңіз бастамашы болған ауқымды мемлекеттік реформалар елдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне, халықтың әл-ауқатын арттыруға және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға септігін тигізді», делінген жеделхатта.
Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян өзінің хатында екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың және нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Біз бірлесе күш жұмылдырудың арқасында елдеріміздің мемлекетаралық іс-қимылының тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, Армения мен Қазақстан арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың әлеуетін толық пайдалануға жол ашамыз деп ойлаймын», делінген Армен Саркисянның хатында.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халифа бен Заид әл-Наһаян, Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мактум, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид әл-Наһаян өздерінің жеделхаттарында Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барша Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын ұлттық мерекемен құттықтады. Корея Республикасының Президенті өзінің жеделхатында: «Қазан айында өткен АСЕМ саммитінде елдеріміз арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделілік танытқанымызға қуаныштымын», деп атап өткен.
Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа өзінің құттықтау хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен Қазақстанның одан әрі дами беруіне ниеттестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізеді.
Алжир Халық Демократиялық Республикасының Президенті Әбдел Әзиз Бутефлиқ өзінің хатында Қазақстан халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.
Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, мемлекетаралық байланыстарды кеңейтуге және өзара қарым-қатынастарды тереңдетуге мүдделілік танытты.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай өз құттықтауларын Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб, Үндістан Республикасының Президенті Рам Натх Ковинд, сондай-ақ Таиланд Корольдігінің Премьер-министрі генерал Прают Чан-Оча жолдады.
Дереккөз: http://egemen.kz/