Мереке Құлкенов: Аз пікір көпшіліктің көзқарасын білдірмейді
Өз басым әлеуметтік сауалнамаға көп сене бермеймін. Себебі, ондай сауалнамаға кімдер қатысты? Қоғамның сай саласы қамтылды? Мәселе –сонда. Бірақ енді Астана мен Алматыда тұратын адамдар әрдайым алда болу керек қой деп ойлаймын. Қай салада да олар аймақта тұратын тұрғындардан озық болуы керек. Мемлекеттік рәміздерді жетік біліп, тануда да олар алда тұруы керек еді. Ал, танымай жатса, ол – өкінішті жағдай.
Мемлекеттік Рәміздер балабақшадан, мектеп қабырғасынан үйретіледі. Сұрай қалсаңыз кішкентай сәбилерге дейін таңдайы тақылдап айтып береді. Әнұран шырқалса, орындарынан атып тұрып, қосыла шырқайды.
Әрине, немқұрайлылық деген бар. Ештеңеге мән бермей, бейжай жүретін жандар болады. Ондай адамдар қоғамда көбейсе қауіпті. Қоғам қашан да сергек болуға тиіс. Немқұрайлылық кітап оқымаудан, көркем әдебиеттен алыстап кетуден туындай ма деп ойлаймын. Кітапты көп оқыған сайын адамның санасы өсіп, дүниетаныма кеңейеді. Бар дүниенің қадірін біледі. Бәлкім бізге осындай тәрбиені қолға алу керек шығар?
Жалпы, «Жаңа Адамдар» қозғалысындағы жастардың түрлі тақырыпта ой қозғап жүргенін көріп жүрмін. Бәлкім, мұндай сауалнаманы Жоғарғы оқу орындарында жүргізіп, әлі де көпшілікті қамтитындай етіп жасау қажет болар? Ал, осы жолғы 500 адам қатысқан сауалнама нәтижесі аздық етеді деп білемін. Әлі де талқылай түсуі керек. Сонда мүмкін көпшіліктің көзқарасы ескеріліп, шешім шығарылатын болар.
(Иллюстрация: SergeyNivens / Depositphotos)