Мерейтойды Астанада өткізуді ұсынды | «Айқын» газеті

0

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапарымен барды. Елбасы Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына және ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Петербор қаласына келді. 

Мемлекет басшысы ең алдымен Жоғары Еура­зия экономикалық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында аталған кеңеске мүше мем­лекет басшы­лары күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерін іске асыру барысы жөніндегі баяндаманы тың­да­ды. Бұдан бөлек, газ, мұнай және мұнай өнімдері сала­ларында ортақ нарық қалыптастырудың, сон­дай-ақ интеграциялық бірлестік аясындағы өзара ықпал­дастықтың өзекті мәселелерін талқы­лады.
Қазақстан Президенті Еуразия экономи­калық одағының тарихында 2018 жылдың ерекше орын алатынын айтты.
– Әлемдік экономиканың құбылмалылығы­на байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуекел­дерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала ал­дық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айла­рында сырт­қы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлық­тай артты, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев бір­лескен кәсіпорындар жұмысында оң үрдістің бар екенін нұсқады. Мемлекет басшысы биыл Еуразия эконо­микалық одағының жаңа Кеден кодексі күшіне ен­геніне назар аудартты. Онда кеден ісін әкім­шілен­діруге, соның ішінде бизнес үдерістерін авто­маттан­дыруға және «бір терезе» қағидатын енгізуге қатыс­ты заманауи тәсілдерді қолдану қарастырылған.
Қазақстан Президенті күн тәртібіндегі цифр­ландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұ­мыс­тардың нәтижелеріне де тоқталды.
– Қазақстан және Ресей кеден қызметтері ара­сын­да транзиттік жүктерге спутник арқылы мони­торинг жүргізу жөніндегі сынақ сәтті өтті. Өзара сау­да­дағы кедергілер мен шектеулерді жою үшін тиіс­ті жұмыстар жүргізілуде. Халық­аралық ынты­мақ­тастық та белсенді дамып келеді, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы Еуразия экономикалық одағы ая­сын­да­ғы өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейту үдерісіне қолдау білдіріп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқай­сысының экономи­ка­лық тұрғыдан мақсатқа қаншалықты сай келетініне терең талдау жасау қажеттігін атап өтті.
– Жалпы, біз Еуразия одағының негізгі мақ­сатына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге ЕАЭО-ның толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қосымша күш салуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев төрт «еркіндікті» қам­тамасыз етуге бағытталған құжаттар, соның ішінде Еуразия одаққа мүше елдердің азамат­тарын зей­нетақымен қамту туралы келісім бойынша жұмыс­тарды аяқтаудың маңыз­дылығын айтты.
– Біз 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жоюымыз қажет. Бұл – бір­лестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы. Комиссия мен үкімет осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы экономиканың басты секторла­рындағы ірі жобаларды іске асыру қажеттігін нықтады. Осыған байланысты, Комиссия мен Еуразия экономикалық одағына мүше елдер үкіметіне осындай жобалардың тізімін жасау ұсынылды.
– Мен сонау 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында осы интегра­циялық жобаны құру идеясын алғаш рет жария етіп, тең құқылық пен еркіндік қағидаттары жөнінде айттым. Сол кезде бірте-бірте халық­аралық аренаның белді мүшесіне айналатын қуатты экономикалық одақ қалыптасады деп ойладым. Бүгінде бұл идея шын­дыққа айналды. Келесі жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылғанына 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осы екі мерейлі сәтке арналған кезекті оты­рысты келесі жылы мамыр айында Астанада өткізуді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті бүгінгі оты­рыстың қорытындысы бойынша қабыл­данатын шешімдер ұйымның одан әрі дамуына тың серпін береріне сенім білдірді.
– 2019 жылы Еуразия экономикалық одағының органдарына Армения төрағалық етеді. Сіздердің төрағалықтарыңыз халықта­рымыздың игілігі үшін табысты өтуіне тілек­теспін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуге Әзербайжан президенті И.Әлиев, Беларусь президенті А.Лукашенко, Қырғыз прези­денті С.Жээнбеков, Молдова президенті И.Додон, Ресей президенті В.Путин, Тәжікстан президенті Э.Рахмон, Түрікменстан президенті Г.Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев, Армения Премьер-министрінің міндетін атқарушы Н.Пашинян қатысты.
Мемлекет басшылары кездесу барысында түрлі саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және оны әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Айхан ШӘРІП