«Менің тағдырым ойыншық болып қалды»
2018 жылы қазан айында Қазақстан билігі Шыңжаңда туған, Қазақстанда “шекараны заңсыз кесіп өтті” деп айыпталған Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Мәселені қараған комиссия “Сайрагүлдің Қытайда қудаланғаны дәлелденбеді” деген қорытындыға келген еді. Ал Сайрагүл Сауытбай мен оның адвокаты Айман Омарова бұл тұжырыммен келіспей отыр.
СОТ ЗАЛЫНЫҢ ТАРЛЫҒЫ
Бейсенбі, 28 наурыз күнгі сот процесінен тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа 50-60 шақты адам жиналған. Бірақ сот залы шағын болғандықтан процесс басында басым бөлігі сот залына кіре алмай қалған. Сауытбайдың адвокаты Айман Омарова судья Бейбіт Тұрысовтан кеңірек зал беруді сұрады. Тек осыдан соң ғана сот процесі кеңірек залға ауыстырылды.
Тікелей эфирді көріңіз:
Сот процесіне келген азаматтар арасында Сауытбайдың жақындары, журналистер, қоғам белсенділері болды.
Сот процесінде негізінен Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесі берілмеуінің негізгі себептері талқыланды. Сауытбайдың мүддесін адвокат Айман Омарова қорғады. Ал айыптау жағында Алматы облыстық полиция департаментінің екі маманы және облыстық көші-қон қызметінің бір өкілі болды.
«ЕКІ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ»
Сотта ең бірінші болып сөйлеген шағым иесі Сайрагүл Сауытбай өзінің Қытайда 2016 жылдың қараша айынан бастап қудалана бастағанын, барлық құжаттарынан айрылып, Қазақстандағы отбасына жете алмағандықтан «шекараны заңсыз кесуге мәжбүр болғанын» айтты.
Өзінің адвокаты мен айыптау тарабының сұрақтарына жауап берген Сайрагүл Сауытбай Талдықорғандағы комиссия жұмысына ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің комиссия құрамында жоқ белгісіз адамдары араласқанын, олардың өзінен «босқын мәртебесін алмасаң да, шағымданбауды» талап еткенін жеткізді.
“Маған босқын екеніңді дәлелдейтіндей құжаттар жина деді. Жинап әкеліп едім, енді оның қажеті жоқ деп ҰҚК өкілі (атын атады) алып кетті… «Босқын мәртебесін неге бермедіңіздер?» деген сұраққа “екі мемлекеттің қарым-қатынасына әсер етеді” деген жауап алдым. Менің тағдырым ойыншық болып қалды” деді ашынған Сайрагүл сотта.
Ал айыптау тарабының өкілі Әсем Егізбаева Сайрагүлдің айтқандарына дәлел талап етіп, “құрғақ сөз, оның бәрін дәлелдеу керек” деді. Осыған орай адвокат Айман Омарова айыптау жағынан комиссияның Сайрагүлден сұрақ-жауап алу кезінен түсірілген видеоны талап етті.
«ҚЫТАЙДА ҚУДАЛАНБАДЫ ДЕУГЕ ДӘЛЕЛ БАР МА?»
Сотта шағым иелері айыптау тарабынан “сіздер Сайрагүл Қытайда қудаланған жоқ дейсіздер, оған қандай дәлелдеріңіз бар?” деп сұрады.
Полиция департаментінің өкілдері “босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесі бір күннің ішінде шығарыла салмағанын”, “Сайрагүлден сұрақ-жауап алынып, ақпараттың мұқият тексеріліп” барып шығарылғанын айтты. Олар бұл тұрғыда Қазақстанның “Босқындар туралы” заңында көрсетілгендей қажетті процедуралардың бәрі сақталғанын жеткізді.
Айыптау тарабының айтуынша, Сауытбайға «босқын мәртебесін беру» мәселесін қараған талдықорғандық комиссияның құрамында жеті адам болған. Олардың арасында облыстық денсаулық сақтау, білім басқармасының мамандары болған.
Адвокат Айман Омарова «бұл мамандардың қаралып отырған мәселеге (босқын мәртебесін беру — ред.) қандай қатысы бар?» деп сұрап еді, айыптау тарабы «комиссияның әу-бастан осындай құрамда бекітілгенін» айтты.
Айыптау тарабының жауабына қанағаттанбаған қорғау тарабының өкілдері сот соңында көп сұрақтардың жауапсыз қалғанын айтты.
Судья Бейбіт Тұрысов келесі сот процесін сәуірдің 8-іне белгіледі.
Бұл шағым бойынша алдын-ала сот тыңдауы 15 ақпанда басталған.
Былтыр тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен.
Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген. Ол сотта Қытайда құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істегенін, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат бергенін жеткізген. Ол егер өзін Қытайға қайтарса, онда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін, Қазақстандағы кез-келген жазаға келісетінін мәлімдеген.
Бұған дейін Қазақстан билігі Сайрагүлге үш ай мерзімге «пана іздеуші тұлға» куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан.