«Менің қызметтеріме ешкім ақша төлемейді». Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты істің қалай жүріп жатқанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Алаяқтықтың құрбанына айналып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен абақтыға қамалған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі жалғасып жатқанына алты жыл болды. 
Осы уақыт аралығында істе қандай өзгерістер болды, адвокаттар жұмысында ілгерілеу бар ма? Stan.kz ақпарат агенттігі мәселенің жәй-жапсарын Ақжарқын Тұрлыбайдың 2014 жылдан бергі адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетовтан сұрап білді. 
 

Адвокаттың айтуынша, Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

“Қазіргі уақытта, біз, қорғаушы жақ, соттың шешіміне шағым түсірдік. Біздің позиция — Ақжарқынның кінәлі еместігінде.  Орталық Азия аймақтық ақпарат орталығының  (CARICC) мәлімдемесі бойынша, оның есірткі мафиясының құрбаны екені расталды.  Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімшартқа сәйкес, Ақжарқынға қатысты шығарылған үкімді ҚХР юрисдикциясынан Қазақстан Республикасына ауыстыру мүмкіндігі бар. Осылайша, біз үкімді даулау және Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмыз”,-дейді Сұңқар Нұрмағамбетов. 

 

Сондай-ақ, Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты қызметтеріне ақы алмайтынын, Қытайға да өз есебінен барып келіп жүргенін растады. 

 

“Менің қызметтеріме ешкім ақша төлемейді, Қытайға да өз есебімнен барып келетінімді растаймын. Әрине, құжаттарды заңдастыру мен рәсімдеуде, кейбір жұмыстарды жүзеге асыруда, пікір алмасуда СІМ ҚР-ның қолдауы бар екені рас”,-дейді ол.

Өзінің мұндай позициясын адвокат отандастарды қолдау маңыздылығында деп түсіндіреді.

 

“Ақжарқынның туыстары маған келіп көмек сұрағалы бері осы істі 2014 жылдың көктемінен бастап жүргізіп, оның адвокаты есебінде қызмет етіп келемін. Меніңше, менің орнымда болған кез келген адам осылай әрекет етуі тиіс. Еліміздегі болсын, сырттағы болсын отандастарымызға қолдау көрсету маңызды деп есептеймін»,-дейді ол.

 

Істің хронологиясына көз жүгіртсек, оқиға Ақжарқынның Динара есімді қызбен танысуымен басталған екен. Бизнеспен айналысуды ұсынған құрбысымақ Қытайдан киім әкеп сату арқылы қомақты қаржы жинауға болатынын айтады. Кейін Динара Ақжарқынды түнгі клубта Алматыдағы киім дүкендерінің иелерімен таныстырады. Олар өз кезегінде қызды бизнес заңды екенін айтып алдайды.  

 

2014 жыл 

Наурыз — 20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбай есірткі заттарын тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу әуежайында ұсталады. Наурыздың 11-де Қытайдан Малайзияға брендті тауар жеткізу керек болған. Тауар иесі бойжеткеннің қызметіне қомақты ақша төлеуге уәде беріпті. Әуежайда ұсталған Ақжарқын Тұрлыбай Қытай мемлекеті тарапынан 4,5 келі синтетикалық есірткі тасымалдады деп айыпталады.

 

2015 жыл

Маусым — Нигериялық есірткі мафиясының құрбанына айналған Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына кесіледі. Адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов аппелияциялық шағым беріп, істі сотқа қайта қарауға жібереді. 

Сондай-ақ, осы кезде Ақжарқынды елге қайтару мәселесі қозғалады. 2011 жылы Қытай мен Қазақстан арасында сотталған адамдармен алмасу туралы келісім болған. Алайда Қытай бұл туралы нақты шешім қабылдамаған.
Кейіннен есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпарат орталығы қыздың нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болғанын мәлімдеді.

 

2016 жыл
Сәуір — Қытайдағы Қазақстан дипломатиялық өкілдері мен Ақжарқынның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетовтың бірлескен күші арқасында сот қайта шағымданған Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешімнің күшін жойып,  істі жаңа судьялардың құрамынан тұратын бірінші инстанциядағы сотқа жіберді. 

Қараша — Іске қатысты апелляциялық тыңдау өтеді. Ақжарқын Тұрлыбай қытай тілінде аудармашысыз куәлік беріп, өзінің кінәсіздігін алға тартады.

 

2017 жыл

Ақпан — Жаңа судьялар құрамына қайта қарастырылуға жіберілген іске қатысты шешім 27-28 ақпанда шығарылуы керек болған. Алайда, сот оны белгісіз мерзімге кейінге қалдырады.

 Наурыз — Эстрада әншісі Алтынай Жорабаева Жетісайда қайырымдылық концертін өткізіп, жиналған қаражатты Ақжарқынның туыстарына табыстайтынын мәлімдеді.

2018 жыл

Қытай сот жүйесі бойынша қылмыстық істі аяқтау мерзімі заңнамада көрсетілмегендіктен, іс баяу жүріп жатқандығы белгілі болды. Осыған қарамастан, Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайдағы адвокаты оны ақтап шығаратындығын айтып, ол үшін Жоғарғы Сотқа жүгінетінін алға тартады.

Тамыз — Ақжарқынның отбасы қаржылай қиналып жатқанын, адвокаттарға қарыз екендігін айтып, көмек сұрайды. Осы уақытта Зухра Сейтімованың инсульт алғаны белгілі болған. 

 

2019 жыл 

Тамыз — Іске «Шетелде Қазақстанның мүдделерін білдіру» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Бейжіңнің «Дахэн» адвокаттық компаниясынан білікті заңгер қосылған. Бұл уақытта іс Гуандун провинциясының жоғарғы сотында қаралып жатты Ал бұл кезде абақтыда отырған Ақжарқын жаттығу жасап, қытай тілін үйреніп жүргендігі хабарланды. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметінше, Ақжарқын қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр делінді.

 

“Ақжарқын қытай тілін сот отырысында куәлік бере алатындай дәрежеде меңгерген. Яғни оған аудармашы қажет емес. Алайда аудармашы әрбір отырысқа қатысады, себебі заң негізінде қамтамасыз етілген. Қытай тіленен бөлек, Ақжарқын ағылшын тілін де біледі”,-дейді Ақжарқынның адвокаты.

 

Осы уақытта Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазады. Президентке жолдаған үндеуінде әйел өзінің қызының бөтен елде түрмеде әділетсіз айып негізінде отырғанын айтып көмек сұраған. Бұл ретте президент мәселенің шешілуіне күш салатынын жеткізген.  

Қазан — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай билігіне осы мәселені оңтайлы қарауды сұрап, жеке өтініш жасады.

Желтоқсан — 27 желтоқсанда Гуанчжоудағы соттардың бірінде Қазақстан азаматына қатысты сот отырысы өтті. Сот үкімі бойынша Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы өзгертусіз қалады деп шешілді. Адвокат Ақжарқын Тұрлыбай шығарылған үкімге аппеляциялық  шағым түсіретінін жеткізеді.

2020 жыл

Адвокаттар іске қатысты сот шығарған үкімді жеңілдету мақсатында барын салатындарын мәлімдеді. 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА
 

stan.kz