«Менің «крышам» Қайрат…». Елбасының «рухани жары» Назарбаевтар әулетіне разы (ВИДЕО)

0

Елбасы жанымда жүрмесе де қамқорлығын жасап отыр дейді.

Өзін елге елбасының «рухани әйелі», «Айша қажы Әбішкеліні» деп таныстыратын әйел Halyq Uni сайтының Youtube арнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының өзіне көрсеткен қамқорлығын ашық айтып, «жастар арасында одан басқа дінге, ұлтқа жанашыр адам жоқ» деп салды.

«Қайраттың басына қиындық түсті, Алла жәрдемші болсын. Жастар арасынан Қайрат Сатыбалдыдай дінге, ұлтқа жанашыр адамды әлі күнге дейін кездестірмедім. Қайрат мені «тәте» дейді. Бірінші рет зәмзәм суын соның кабинетіне барып іштім. Оған барып, Елбасының ата-анасының бейтінің басында айсыз, тек жұлдыздың тұрғанын айттым. «Ай жоқ, тек жұлдыз тұр. Кесене болмай ма?» дедім. Сонда ол кісі жоспарда барын айтты.

Кәсіпкерлер арасында жерге таласушылар көп. Олар маған «жерді бер де, кете бер, өзіміз салып бітіреміз» дейді. Мен ол жерді еңбектеніп жүріп әрең алдым. Қалай бере саламын? Қаншама жылдық еңбек. Сол кезде «егер біреу сізді ренжітетін болса, менің «крышам» Қайрат деп айтыңыз» деген еді, — дейді Айша Оразбай.

Сондай-ақ ол сұхбатта елбасының туған інісі Болат Назарбаевтың әйелі Гүлжан Назарбаевамен жақын араласқанын да жасырмады.

Әбіш ата мен Әлжан анамызды өз қолымен күтіп, мәпелеп, ақтық сапарға шығарып салған жан еді… Елбасы жанымда жүрмесе де қамқорлығын жасап отыр. Істеп жатқан жұмысымның бәрі елбасының атымен келіп жатыр. Елбасын құрметтейтін кісілер мешіт құрылысына көмектесуде, — деді ол.

Одан бөлек, Айша Оразбай 2002 жылы күзде өткен дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайына барып, Түркістан қаласынан Айша қажы Әбішкеліні, яғни «Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани әйелі» болып оралғанын айтады. Сондай-ақ Назарбаевтар әулеті жайлы, Елбасымен кездесуі, Тоқаевтың көмегі мен басынан өткен қиындықтар турасында сыр шертеді. Бүгінде оның бар арманы – елбасының әкесінің атындағы мешіт пен анасының атындағы медресенің құрылысын аяқтау.

Наима НҰРӘЛІ