«Мені зорламақ болды»: Алматы облысының тұрғыны өзін құтқарып қалған куәгерлерді іздейді

0

Алматы облысының тұрғыны Айя Өмірзақова 2020 жылдың қыркүйек айында такси ретінде көлігімен тоқтап, кейіннен бойжеткенді алысқа апарып, көлігінде зорламақшы болған азаматтан қашып кетуіне көмектескен үш куәгерге (жігіттер – авт.) іздеу жариялауда. Айғақтардың жеткіліксіз болуына байланысты Айя өзін зорламақ болған күдіктіні жазалай алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz сайты.

«КҮДІКТІНІ ЖАРТЫ ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАЗАЛАЙ АЛМАЙ ЖҮР»

«2020 жыл қыркүйектің 11-нен 12-не қараған түні үйіме қайту үшін Қаскелең қаласындағы Kaspi Bank бөлімшесінің жанынан такси тоқтаттым. Маған тоқтаған көлікте тағы бір клиент отырды. Жүргізуші оны үйіне апарып, сосын мені жеткізіп салатынын айтты. Екінші жолаушыны үйіне жеткізіп салған соң, ол көлігін КИЗ жаққа қарай бұрып, маған «жедел шаруам шығып қалды, бір зат беруім қажет» деді. Мен ол ұсыныстан бірден бас тартып, басқа таксимен жете алатынымды айттым. Бірақ ол мені көндіруге тырысып көрді. Оның қайтпайтынын көрген соң, мен анама қоңырау шалмақ болдым. Ол менің телефонымды көріп, бірден қолымнан жұлып алды. Қатты қорқып кеткеннен көлікте айқайлай бастадым. Ол болса көлік есіктерінің бәрін бұғаттап, мені Жалпақсай кенті жақтағы жазық далаға қарай алып кетті», — деді телефон арқылы сөйлескен Айя.

Бұл оқиғадан кейін жарты жыл өтсе де, Айя сол күнгі жағдай әлі күнге дейін көз алдында екенін айтады.

«Тас жолдан біраз алыстағаннан кейін, ол басымдағы орамалымды шешіп: «сендердің қандай екендеріңді білемін» деді. Ұрып-соғып, ішімнен тепті. Қажет болса мені өлтіріп, көміп кететінін айтты. Әрине, мен оған қарсыласып, шамам жеткенше өзімді қорғауға тырыстым. Бір сәтте ол көліктен шығып, багаждан бір нәрсе алмақшы болды. Мен сол кезді пайдаланып, көліктен шыға салып қаштым. Бірақ ол артымнан қуып жетті де, шашымнан тартып кейін қарай сүйреді. Осы сәтте мен жерден бір уыс топырақ алып, көзіне қарай шашып едім, ол мені жіберді. Мүмкін біз тұрған жаққа қарай келе жатқан көліктің жарығынан сескенді ме, әйтеуір, көлігіне отыра салып қашты. Мен жаңағы көлікті тоқтаттым, онда жас шамалары 20, 25-ті құрайтын үш жігіт отыр екен. Менің жағдайымды көрген жігіттер бірден көмек беріп, 102-ге хабарласты. Осы уақыт аралығында маған көмектескен үш жігітті таба алмадық. 2020 жыл қыркүйектің 11-нен 12-не қараған түні Жалпақсай кентіне қарай бағытта (КИЗ) мені құтқарып қалған жігіттер, егер сіздер мына видеоны көріп отырсаңыздар, байланысқа шығуды өтінемін! Бәлкім, бұл оқиға туралы таныстарыңызға, достарыңызға айтқан боларсыздар. Сол күнгі оқиғаның жалғыз куәгері — сіздер», — деді куәгер үш жігітке үндеу тастап.

«ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛҒАН СОҢ ТЕРГЕУШІЛЕР ДЕ ҚОРҚАДЫ»

Айя қазір писхотерапевтің көмегіне жүгініп жүргенін айтты. Бойжеткеннің денесіндегі ұрып-соғу белгілерін растайтын медициналық сараптама анықтамасы айғақ ретінде жеткіліксіз болып отыр. Күдіктіні оқиға болған күннің ертесі Kaspi Bank бөлемшесі маңындағы бейнежазба арқылы тауып алғанымен, тергеушілердің өздері ҰҚК қызметкерінен қорқып отыр дейді ол.

«Экспертиза болды, анықтамаларым бар. Куәгерлердің мәліметтері жоқ. Сол күні Қарасай аудандық полиция бөлімшесіне мені алып келген патрульдің бірі біраз уақыттансоң жұмысынан шығып кетті десе, ал екіншісі үнемі еңбек демалысында жүреді. Яғни, құқық қорғау қызметкерлерінің өзі қызметтерін атқару барысында мені бөлімшеге қандай күйде жеткізгенін айтудан қашып отыр.

Бас прокурорға істі қайта қарау туралы арыз да жаздым. Оқиға өткен күннен бері жарты жыл өтті, ай сайын тергеуші ауысып, іс сотқа жетпей қойды. Меніңше, бұл мені зорламақ болған Сабыржан Нарымбетовтің ҰҚК қызметкері болғаны үшін осылай болып жатыр. Жап-жақсы жұмыс істеп жүрген жеріме де ҰҚК қызметкерлері қысып көрсетіп, амал жоқ мені жұмыстан шығарды. Ол кісілер намазхан еді, соған байланысты қайта-қайта тексере берген. Сабыржанның туған-туыстары біздің үйге де неше рет келіп қысым көрсетті. «Кешірім бермесең, сотты сатып алады.

Жала жапты деп өзіңді соттатамыз» дейді. Тіпті, бірінші адвокаты болған Тәңірберген Құрышбек маған телефон арқылы тікелей шығып, арызыңды өзгерт деп қоқан-лоқы көрсетті. Шынымды айтсам, жан-жақтан көрсетілген қысымнан да шаршап кеттім. Мен тек әділдікке жеткім келеді. Бүгін мені зорламақ болған құқық қорғау қызметкері, ертең тағы бір қыздың тағдырын ойрандамайтынына кім кепіл?! Қазір ол тергеу изоляторында да емес, үйқамақта отыр. Ол да Қаскелеңде тұрады, мен қазір көшеге шығуға қорқамын. Отбасым да қысымнан шаршады», — деді Айя.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселе бойынша Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне ақпараттық сауалнама жіберді. Баспасөз хатшысы Ақбота Қуанышбекқызы күдікті Сабыржан Нарымбаевтың үйқамақта отырғанын растады.

«Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталу деңгейінде. Жақын күндері іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Күдікті Н. іс бойынша тергелді. Қызметінен босатылды, қазір үйқамақта», — деді ПД ресми өкілі.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан