Мені қамаған күні бауырымның кабинетін тінтіген – Елжан Біртанов

0

Елжан Біртанов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс лауазымды қызмет атқарған бауырларының жұмысына қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты Halyq Uni порталына сілтеме жасап.

«Үшеуміз де 30 жылға жуық уақыт дипломатия, медицина және қаржы саласында мемлекетке еңбек еттік. Кәсіби маман және патриот ретінде жұмыс істегеннен кейін бұл жағдайды естігенде шок болды. Ағам 20 жылдан астам уақыт шетелде дипломат ретінде жұмыс істеді, бірақ Қазақстанның азаматтығынан бас тартпаған. Менің жанымда болу үшін елге келді. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр», — дейді Елжан Біртанов.

Айтуынша, ағасы елге келетін кезде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктегі жұмысынан шыққан.

Ал экс-министрдің інісі Есжан Біртанов бір кездері Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Інім 30 жылға жуық Ұлттық банктің жүйесін жасады. Мені қамауға алғаннан кейін кабинетінде тінту жүргізілді. Менің ісіме оның қандай қатысы бар? Ешқандай қатысы жоқ. Осындай қысым болды. Содан кейін Алматы қаласына ауыстырылды. Отбасы Астанада болғандықтан, жұмысын жалғастыру мүмкін емес еді. Өз шешімі бойынша Ұлттық банктен, мемлекеттік қызметтен шығып кетті, — дейді экс-министр.

Айта кетейік, Есжан Біртанов 2019-2022 жылдары Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болды.