«Мені осындай жағдайға жеткіздіңіздер»: Грузияның бұрынғы президенті Сакаашвилидің қазіргі кейпі көпті шошытты
Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили ақпан айынан бері алғаш рет клиникадан бейне байланыс арқылы сот отырысына қатысты. Оның жүдеу кейпі көпті алаңдатып қойды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тікелей эфирдегі скриншоттарды Facebook парақшасында саясаткердің бұрынғы өкілі Дарья Чиж жариялады. Ол Саакашвилидің ауруханада жатып, қаншалықты арықтап кеткенін көрсетті.
Сот отырысында Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвили бұрынғы президенттің еуропалық жақтастары грузин халқынан кешірім сұрауы керек деп мәлімдеді. Папуашвилидің пікірінше, Михаил Саакашвилидің шетелдік достары тәртіпсіздіктер жасап, Грузияны құрбан еткен.
«Еуропарламент менің босатылуымды талап еткені үшін кешірім сұрауы керек екен. Парламент төрағасына айтқым келетіні – мені осындай күйге жеткізгендеріңіз үшін сіздер кешірім сұрауларыңыз керек. Еуропарламент депутаттарынан, отбасымнан, менің алдымда, Украина мемлекетінен және грузиндердің алдында грузин мемлекетінің негізін салған адамды осындай күйде жеткізгендеріңіз кешірім сұрауларыңыз керек. Папуашвили, маған мұқият қараңыз», – деді Саакашвили сотта.
Саясаткер сот процесіне дейін 120 келі болған, ал қыста оның салмағы 69 келі болыпты.
Саакашвили – Украина азаматы. Украина президенті Владимир Зеленский Саакашвилидің қандай күйде екеніне наразылығын білдірді.
«Бүгін СІМ-ге Грузияның Украинадағы елшісін шақыруды, оған қатты наразылық білдіруді және өз астанасымен кеңесу үшін 48 сағат ішінде Украинадан кетуді тапсырдым», – деді Зеленский.
Естеріңізге сала кетейік, Грузияда Михаил Саакашвилиге қарсы бес қылмыстық іс қозғалған. 2018 жылы Грузияның экс-президентін алты жылға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылы жергілікті сайлау қарсаңында Саакашвили Грузияға келді, ол дереу ұсталып, түрмеге жабылды. Осыдан кейін саясаткер аштық жариялап, өзін «саяси тұтқын» деп атады. Саакашвилиге Грузия шекарасын заңсыз кесіп өту деген жаңа іс ашылды.
2022 жылдың мамырында денсаулығының нашарлауына байланысты ол түрмеден Тбилиси маңындағы жеке клиникаға ауыстырылды, онда ол жеке палатада қамауда ұсталды.