Мені көзсіз пайдаланды – сотталған блогер Махамбет Әбжан ақпарат көздерін ашты
Сотталған блогер Махамбет Әбжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева Orda.kz редакциясына хабарласты. Ол күйеуінің қолымен жазылған хатты әкелді. Онда ол ақпарат берушінің кім екенін ашық айтқан. Хатта жазылғандай оның ісі бойынша Ермек Әлімов жауапкер болғанымен, сотта Әбжанға ғана айып тағылған, — деп жазады Kznews.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлімов талап арызында кәсіпкерлердің оның алдындағы міндеттемелерін орындамағанын және оған уәде етілген серіктестіктегі үлесті рәсімдеуден бас тартқанын айтады.
Ал кейбір материалдардың егжей-тегжейлері мен ақпарат көздерін жария етуге Exclusive.kz сайтында Әлімов туралы жарияланым себеп болған. Әбжан сотталған соң ол шетелге кетіп, қазір Ұлыбритания сотына Genesis Digital Assets тау-кен компаниясының акционерлерінің үстінен шағым түсірді. Сот ісі Әлімовтің қазір Genesis Digital Assets Limited (GDA) басқаратын, бизнесмендер Әбдімалік Мирахмедов, Рашит Махат және Андрей Ким акцияларының 50%-ына иелік ететін Қазақстандағы ірі биткоин өндіру жобасына қатысты.
Еске салайық, 2022 жылдың жазында Әбжан өзінің Telegram-арнасында Рашит Махатты Қайрат Сатыбалдының «оң қолы» деп атаған бірнеше жазбалар жариялаған болатын.
Артынша Әбжан 50 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. Сот мәжілісінде Рашит Махат жәбірленуші деп танылды, айыптаушы тараптың айтуынша, журналист БАҚ-қа «ар-намысқа тиетін ақпарат таратамын» деп қорқытып, ақша бопсалаған. Ақпан айында Әбжан көрінеу жалған ақпарат таратып, бопсалағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
фото: rus.azattyq.org