«Мен үшін қуанып қойсаңыздар болады»: Елдос Сметов Макронмен кездесуі туралы айтты
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Франция президентімен кездесу қалай өткенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz хабарлайды.
Елдос Сметов пен тағы басқа да спортшылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Франция президенті Эммануэль Макронның мемлекеттік қабылдауына қатысқан еді. Сметов Instagram-дағы ресми парақшасында осы жиын қалай өткенін жазды. «Ардақты ағайын, жаңалықтан көріп көзайым болғандарыңыздай, президентіміз Франция мемлекетіне ынтымақ сапарымен барып келді. Ресми сапардың соңғы күнінде Қасым-Жомарт Кемелұлының құрметіне орай Франция президенті Эмануэль Макрон мырза Елисей сарайында сән салтанаты жарасқан мемлекеттік қабылдау өткізді. Бұл маңызды шараға Францияның Үкімет мүшелері, белгілі саясаткерлер, іскерлік топ, ғылым және дипломатия өкілдері, сондай-ақ екі елдің көрнекті мәдениет және спорт қайраткерлері шақыру алды. Қатарда елім деп жүрген Елдос ұлдарыңыз да бар. Мен үшін шүкір деп бір қуанып қойсаңыздар болады. Кеш жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысының құрметті тобында болу мәртебесі бұйырған барлық замандасымызды көргеніме қуаныштымын. Франция мемлекеті біздің елмен ынтымақ достығының деңгейі қандай екенін президентінің біздің көшбасшымызды қарсы алуынан-ақ көрген боларсыздар. Лайым алты алаштың абыройы осылай алты құрлыққа аса берсін», — деп жазды Сметов.