«Мен үшін бұл — жалған құрылым». Досым Сәтпаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайлы
Маусымның 12-сі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наразылық акцияларына ұласқан кезектен тыс президент сайлауынан кейін өткен ант беру рәсімінде билік пен қоғамның диалогына жауапты арнаулы орган – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) құрылатынын мәлімдеген. Президент консультативтік-кеңесші органның негізгі мақсатын «мемлекеттік саясаттың маңызды мәселелері бойынша саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ұсыныстар дайындау» деп түсіндірді.
Бір айдан соң ҰҚСК құрамы белгілі болды. 44 адамнан тұратын кеңеске режиссер Ермек Тұрсынов, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова, экономист Ораз Жандосов, адвокат Айман Омарова, «Ауыл» партиясы атынан президент сайлауына қатысқан Төлеутай Рахымбеков, саясаттанушы Айдос Сарым, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан сынды қоғамға танымал бірқатар азамат мүше болды. Кеңеске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Оның орынбасары қызметін президент аппаратының қазіргі басшысы Қырымбек Көшербаев, хатшы қызметін президент кеңесшісі Ерлан Қарин атқарады.
Азаттық Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевпен сөйлесіп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға қалай әсер ететіні және жаңа орган қандай мәселелерді көтеретіні туралы пікірін білді.
Азаттық: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін неліктен дәл қазір құрды? Билік шын мәнінде бұл кеңестің көмегімен қоғаммен диалог орнатып, қордаланған мәселелерді шешкісі келе ме?
Досым Сәтпаев: Алғашқыда ҰҚСК ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болған жоқ. Шартты түрде, Тоқаев Қазақстанды дамытудың бес-он жылға арналған бағдарламасын ұсынып, оның ішінде ұлттық кеңеске саяси жүйені қайта құрудағы маңызды рөлді берсе, түсінуге болар еді. Бірақ ұлттық кеңес биліктің сайлауалды науқан кезінде байқалған наразылық көңіл-күйді жасанды саяси-технологиялық құрал арқылы басу үшін ойлап тапқан амалына ұқсайды.
Азаттық: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы туралы не айтасыз? Кеңеске «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен қатар белсенді азаматтық позициясы бар, қоғамға танымал азаматтар да мүше болып отыр.
Досым Сәтпаев: Ұлттық кеңес құрамы әртүрлі екені даусыз. Бірақ кеңеске билікке жақын медиа, саяси кеңістік өкілдері мен сарапшыларды көптеп тартуға тырысқаны көрініп тұр. Яғни, билікпен тура және жанама әріптес боп жүргендердің үлесі көп. Кеңеске мүше сарапшылардың арасында сайлауалды науқан кезінде (маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті – ред.) Тоқаевқа, тіпті Әміржан Қосановқа (өзін оппозиция өкілі деп таныстырған кандидат – ред.) дауыс беруге үгіттегендер, сайлаудан қалмай қатысуға шақырғандар да бар. Осыдан олардың билік жүзеге асыруға тырысқан саяси-технологиялық сайлау науқанына белсенді араласқанын көруге болады.
Азаттық: Ұлттық кеңеске көпшіліктің пікіріне ермейтін адвокат Айман Омарова, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова да кірді.
Досым Сәтпаев: Кеңес тегіс «Нұр Отан» мүшелерінен тұратын мәслихатқа немесе Қазақстан халқы ассамблеясына ұқсап кетпесін деп, оның құрамына сіз аттарын атаған бірнеше азаматты қосып отыр. Ұлттық кеңесте плюрализм элементтері болуы үшін азаматтық қоғам өкілі саналатын, өзіндік пікірі бар азаматтарды шақырған. Бұл адамдар жоғарыдан берілген тапсырмамен жүрмейтіні белгілі.
Азаттық: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қандай мәселелер көтерілуі мүмкін?
Жүйелі өзгерістерге бармай, жеңіл-желпі сылап-сипап қояды деп ойлаймын.
Досым Сәтпаев: Кеңесті бұрын оппозиция айтып келген ұсыныстарды ортаға салатын алаңға айналдырғысы келеді. Онда саяси тұтқындар, партиялық заңнаманы либерализациялау туралы айтылып, саяси реформа қажеттігі туралы мәселе көтеріледі. Бірақ Ұлттық кеңестің негізгі міндеті де осы: белгілі бір бастаманы іліп әкетіп, көп мәселе көтеріп, соңында билік өзгертуге бұрыннан дайын бір-екі тақырыпқа айрықша басымдық беру. Бірақ жүйелі өзгерістерге бармай, жеңіл-желпі сылап-сипап қояды деп ойлаймын.
Биліктен қоғам күткен саяси маңызды қадамдарға келсек, менің ойымша, «Біз, саяси реформа аясында, азаматтардың еркін пікір білдіруін шектейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгіземіз. Саяси партиялар, сайлау және БАҚ туралы заңдарды өзгертеміз» деген мәлімдеме жасалуы керек еді. Кейін осы мақсат аясында сарапшылар кеңесінің басын қосуға болады. Ұлттық кеңестің қазіргі құрамына қарасақ, онда заңды өзгертумен айналысатын заңгерлер аз екенін көреміз. Бұл биліктің заңмен жұмыс істеп әуреленгісі келмегенін, алдағы уақытта саяси заңдарға ешқандай өзгеріс енбейтінін білдіреді. Ұлттық кеңес биліктің реформа жасау мақсатындағы нақты бір бастамасына байланысты құрылса, оған деген қарым-қатынас та мүлде басқаша болар еді.
Азаттық: Бұл іс жүзінде қоғамға ешқандай пайда әкелмейтін кезекті бір ресми орган болады дегіңіз келе ме?
Досым Сәтпаев: Кеңестің құзыреті шектеулі. Атының өзі — консультативті-кеңесші орган. Яғни, бұл орган кеңес береді, президент Тоқаев бас изеп мақұлдайды, ал президент әкімшілігінің басшысы Көшербаев маңызды дүниелерді дәптеріне түртіп отырып: «Ұсыныстарыңыз жақсы екен, міндетті түрде қарастырамыз» деп айтады. Бірақ барлық ұсынысты жұмыс тобының талқылауына шығару керек. Ал қазіргі жүйенің саяси реформаларға дайын емесін, оған қарсыласып, дұрыс ұсыныстардың өзін консерватизмге салып, қабылдамауы мүмкін екенін ескерсек, бұл ұзақ әрі қиын жұмыс болғалы тұр.
Мұны Мұхтар Жәкішевпен («Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы. Жақында сот ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілген Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан – ред.) болған жағдай анық көрсетті. Қоғамның «саяси жылымықты» сөзбен емес, іс жүзінде көрсетіп, Жәкішевті мерзімінен бұрын босату туралы талабы билік үшін сынақ болған. Бірақ билік бұл сынақтан сүрінді. Тоқаев оны босатуға қарсы болмаған да шығар. Өйткені оған қазір реформатор ретінде бедел жинау керек. Ұлттық кеңеске де бұл үлкен көмек болар еді.
Азаттық: Демек, Қазақстан президенті Тоқаевтың пікірі жеткіліксіз болғаны ма?
Досым Сәтпаев: Жәкішевтің жағдайы маңызды шешім қабылдауға келгенде Тоқаевтың қолында билік аз екенін көрсетті. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көзі тірі тұрғанда, ол елдегі саяси театрдың белсенді режиссері және сценаристі ретінде саяси дамуға байланысты барлық мәселені жеке өзі қарайды. Сондықтан Ұлттық кеңесте айтылған саяси даму бойынша талаптар мен өзгерістер Назарбаевтың қарауына жіберіледі. Осы тұста «Бірінші президент ұзақ уақыт бойы өзі қолдан құрған жүйені өзгертуге келісе ме?» деген сұрақ туындайды. Барлық заңдық шектеулер, мәселен, барлық БАҚ-ты бақылауда ұстау сайлау үшін емес, енді ғана басталған билік транзиті үшін жасалды. Билік транзитінің шарықтау шегі Назарбаев біржола кеткен кезде басталады. Сайлаудың ашық әрі бәсекеге толы өтуіне кедергі келтірген дәл осы заңдық шектеулердің арқасында Тоқаев президент болды.
Азаттық: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен қоғам не күте алады? Сыни көзқарастағы азаматтардың бірқатары кеңес жұмысына күмәнмен қарап отыр.
Досым Сәтпаев: Мен үшін бұл – билік қоғаммен диалог жүргізе бастағанын көрсету үшін пайдаланғысы келетін жалған құрылым. Бірақ кеңес құрамында азаматтық пікірі айқын, ары таза, қоғамды өзгерткісі келетін бірнеше азамат та бар. Бұл адамдар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде нақты мәселелер көтеріп, консервативті билікке соққы беруге жұмыс істей алады. Олар билік талаптарын орындамағаны үшін ұлттық кеңестен шықса, бұл қоғамда билікке қарсы жаңа наразылықтың тууына әкеп соғуы мүмкін.