Мен театрдың төл баласымын – Тілектес Мейрамов

0

– Аға, мерейтойыңыз құтты бол­­сын! Өнердің өзге салаларына на­зар бұрмастан, тек театр өне­ріне қалт­­қысыз қызмет етіп келе жат­қа­ныңызға жарты ғасырға жуық­тап­ты. Жал­пы, осы уақыт аралы­ғын­да шы­ғармашылығыңызға берілген, бе­рі­ліп келе жатқан бағаға көңіліңіз тола ма? 

– Бұл енді әркімнің талап, түсінік-пайымына байланысты дүние ғой. Біреуге әлемді аяғының астына төсеп тастаса да аз көрінеді. Ал кейбіреулерге, керісінше, қолындағы бары бағалы. Жалпы, мен барды місе тұтып, жоққа көп бас қатыра бермейтін адаммын. Болмаған дүниені пешенемнен көремін. Солай болуы керек деп қабылдаймын. Шамам жетпейтін нәрсеге талпынбаймын. Талабым мен талантым жетіп тұрған дүниені шегіне жеткізбей тынбаймын. Бала кезімнен әдетім сол. Сондықтан да бәріне тәубе деймін. Адам маңдайына бұйырғанды көреді. Менің бағыма жарты ғасыр сахна өнеріне қалтқысыз қызмет етуді бұйыртыпты. Шүкір, кәсібім жанымның қалауымен қабысты. Әрине алда әлі де талай атқаратын шаруалар жетерлік. Актер ретінде ел таниды. Ал дипломы бар кәсіби режиссерлігімді білетіндер аз. Оған өзім де кінәлімін. Болашақта осы салада да өзімді сынап көргім келеді. Алла ғұмыр берсе, барлығы да ретімен орындалады деп сенемін.

Актерлік пен режиссерліктен бөлек, сіздің қаламмен де тәп-тә­уір дос­ екеніңізді білеміз. Көркем аудар­­­ма­­­ларыңыз да өз алдына бір тө­бе. Бо­­ла­шақта шығармашылық қа­ры­мы­ңызды жазу саласында сынап көр­гіңіз келмей ме? 

– Көптен бері көңілімде жүрген ойды дөп бастың. Бірақ не десең де, бойымда бір адамға жететін, кежегемді кейін тарта беретін жалқаулық дейтін дертім де бар. Соның салдарынан да жазуды көп құнттай бермеймін. Кезінде белгілі қаламгер аға-інілердің айту, нұсқауымен түртіп қойған біраз жазған-сызғаным да бар. Өзім өнерлеріне тәнті болып, үлгі тұтқан аға, дос, құрдас әріптестерім: Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Қадыр Жетпісбаев, Әнуар Боранбаев жайлы жазған есте­ліктерім де қолжазба күйінде тартпада жатыр. Кезінде Әшірәлі Кенжеев досым туралы толғанысымды оқыған Әшірбек Сығай: «Ойпырмай, сенің жазғаның Әшірәліні тірілтіп бергендей болды ғой!» дегені бар. Марқұм Әшекеңнің өзі осы­лай баға беріп кетсе, онда жазған­дарымда жылт еткен жарықтың болғаны да (күлді). Бұдан артық қандай баға керек. Бірнеше пьесаны қазақ тіліне аудардым. 70 жылдық мерейтойымның қарсаңында соның барлығының басын біріктіріп, кітап етіп шығарсам деген ойым да болған. Алайда түрлі себептерге байланысты кейінге қалып қойды. Бірақ ол кітап түбі бір шығуы керек. Бұл – ең бі­рінші менің асыл ағаларым мен сах­нада бірге жүріп, бірге есейген абзал дос­тарымның алдындағы парызым деп санаймын. 

– Сіздің әріптес ағаларыңызға көр­сеткен ізетіңіз бен құрметіңізді ре­­­жис­сер Талғат Теменов ініңіз әдемі са­бақ­тап,  «Үндемес» деп естелік жазды.

– Расында да, мен өзі бұл жағынан Талғатқа ризамын. Өмірде де, шығарма­шылықта да етене араласып, тығыз қа­­рым-қатынаста болдық деп айта ал­маймын. Кейінірек театрда бірге қыз­мет етіп, әріптес болғаннан бастап шы­­­­ғармашылық һәм адами байланысы­мыз нығайып жатыр ғой. Талғаттың мақаласын оқып отырып, оның адам тани білетіндігіне шын мәнінде таңғалдым. Мінезімді дөп басқанына қайранмын. Мені қашан, қай уақытта зерттеп үлгерді екен деп ойладым. Мәселен, өз басым олай жаза алмас едім. Қараңызшы, алғашқы жолынан-ақ оқырманын үйіріп алып кетеді: «Егер оны көшеден көріп қалсаңыз, танымауыңыз мүмкін. Жиын-тойға барғанда, тіпті бір дастарқанда отыр­саңыз да оның артист екенін біл­мей қалуыңыз ғажап емес. Себебі, ол – сондай. Сөзге шешен, пысық емес. Қара­пайым… Көбінде үндемес…». 

Шынымен де мұндай жағдай күнде кез­­десіп жатады. Сахнадан тыс өмір­де кейбіреулер танымай өтіп кетеді. Ал енді біреулері көшеде көріп қал­ғанда шырамытып барып, есіне түсі­ріп жа­тады. Осы бір мінезіме мән беріл­ген­діктен де болар, мақаланы оқып оты­рып өзімді көргендей болдым. Кейде іш­тей «Өнер зерттеушілері тек ойнаған рөл­дерің жайлы деректерді тізіп, құрғақ фак­тіні талғажау ете бермей, арасында адами мінезге, болмысқа тереңірек үңі­летін жанды мақалалар жазса ғой» деп ой­лайтынмын. Талғаттың «Үндемесі» осы ойыма жақсы жауап болды.

– Ал өмірде осы бір «үндемес» мі­не­зіңіздің пайдасын көп көресіз бе, әл­де зиянын ба?

– Негізінен мен бұдан тек зиян шегіп жүрген адаммын. Себебі бір кісілік мінез менде де болған. Бала күнімде шектен тыс ерке өстім деп айта алмаймын. Бірақ бір үйдің жалғыз ұлы болғаннан кейін, ешкім бетімнен қаққан емес. Институтты да жақсы оқыдым. Өнердегі жолым да М.Әуезов театрынан өте сәтті басталды. Әйтсе де, таңдаған мамандығым, сах­наның жауапкершілігі бойымдағы мі­незді тежеуге әсер етті. Өйткені театр бол­ғаннан кейін текетірес көп. Жұмыс ба­рысында келіспей қалатын сәттер кездеседі. Сондай кезде өзіңді іштей сабырға шақырып, үндемей қалуға тура келеді. Себебі бүгін ренжісіп, көңіліне кірбің салған адаммен ертең сахнада серіктес болуға тура келеді. Ал көңілде кірбің тұрғанда, қалай тырбансаң да спектакль шынайы шықпайды. Оны көрермен де бірден сезіп қояды. 

Мен өзі адамның көңіліне қатты қараймын, ренжітіп алмауды ойлаймын. Көп жағдайда үнсіз қалуға тырысамын. Ашуға атымен жоқпын. Бәрін ішіме сақтаймын. Сыртқа сирек шығарамын. Адалдықты пір тұтамын. Барлық кісілік қасиет адалдықтан туындайды. Ең бас­­тысы, осыны ұмытпауымыз керек. 

Мен үшін сахнадағы сыйластық ең бірінші орында. Сондықтан үнемі болмаса да, өзімді тежеп отыруға тура келді. Әріп­тестерімнің көңіліне қарап, көп рет­те үн­демей қалған кездерім болды. Бірақ одан керемет бір пайда тап­тым, жақсылық көр­дім деп айта алмай­мын. Жалпы, қан­дай жағдайда да айтатын кезде айтып, жа­сайтын кезде жасау керек екен. 

– Бір сұхбатыңызда актер болға­ныма өкінемін деген екенсіз. Мұндай сезімнің тууына не түрткі болды?

– Иә, ол рас. Кезінде Әшірбек марқұм бір сұхбатында суыртпақтап отырып ішімдегі бар сырымды айтқызған еді. Сондай бір көңіл күй үстінде айтылып кеткен сөз ғой. Бір-ақ сәттік қана се­зім ғой бұл. Актер адам әсершіл, шығар­­­­ма­шылығында кездескен кейбір қиын­дықты әсірелеп те жіберуі мүмкін. Әйт­се де, осы тұста бір-ақ дүниені айт­қым келеді, сахнадан бәрі сондай әдемі, ба­қытты көрінгенімен, әрбір актердің ішінде жан баласына айтпаған өз мұңы мен сыры, өз драмасы мен трагедиясы жа­сырынып жатады. Сондықтан да әр­тіс адамның аузынан мұндай сөздің көңіл күй ауанына қарай ара-тұра ай­­ты­лып тұруы заңдылық та болар. Жалпы, мен өз тағдырыма риза адаммын. Ме­рейтойыма арналып қойылған Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» қойылымында кейіпкерімнің аузы­мен айтылатын «Мен өз рөлімді адал орындадым» деген сөзі бар. Сіз­дің сұрағыңызға жауап ретінде осы реп­ликаны өзіме қатысты да қайталап айтқым келеді. Иә, мен өз рөлімді адал орындадым! Сөзсіз, бұл – менің жетістігім. Өйткені мен пендешілікпен ешкімнің алдына түспедім, жолын кеспедім. Шартпа-шұрт мінезге са­­лы­нып, әріптестерімнің көңіліне кірбің сал­­мадым. Қолымнан келгенше өнердің мәнін сыйласым мен шын маңдайтер еңбектен табуға тырыстым. 48 жыл бойы табан аудармастан, тіпті сол уа­қытта жалт-жұлт етіп көзді арбаған, танымалдылыққа, абырой мен беделге кепілдік берген кино саласына да мойын бұрмастан қасиетті сахнама адал қыз­мет еттім. Осы тұрғыдан келгенде, мен өзімді театрдың төл баласымын деп то­лықтай айта аламын. 

– Әйтсе де, көп әріптестеріңіз театр мен киноны қатар алып жүріп те талай белесті бағындырды. Қос саланың құр­метті азаматына айналып үлгерді. Ке­зінде киноға сирек көңіл бөлгеніңіз үшін бүгінде іштей өкініш болмай ма? 

– Шынын айту керек, жас кезімде кино өнерін онша бағалаған жоқпын. Пірім – театр болды. Оның үстіне, театр­да ойнайтын рөлдерім көп болған­дықтан болар, киноға түсу жайын ойлануға уақы­тым да, оның қажеттілігі де бола қойған жоқ. Бірақ кейін ойлап қарасам, адам өзін қолынан келетін өнердің қай қайсысында да сынап көруден тар­тын­бау керек екен. Өмір бір-ақ рет беріледі. Ал тағдыр ұсынған кез келген сыйды да, сынақты да адам қарсы алуға дайын болуы қажет.

– Шығармашылық өмірбаяныңыз­дан білетініміздей, М.Әуезов театрын­да қызмет еткен кездері, нақ­ты ай­тар­ болсақ, 1979-1986 жылдар ара­лы­­­ғында 7 жыл бойы бір де бір ж­а­­ңа рөлге бекітілмеген екенсіз. Өзіңіз айтатындай, бұл да актер адам үшін үлкен сынақ қой. Шығар­ма­шы­лы­ғыңыздағы осы бір тоқырау ке­зеңді қалай жеңдіңіз? 

– Әңгімеміздің басында айтып өткен үнсіздігімнің арқасында шығар. Рас, жеті жыл бойы жаңа рөл ойнамау шы­ғармашылық иесінің ізденісін тежейді. Актер тоқырай бастайды. Бұл күйдің шет жағасын біз де басымыздан кештік. Аталған ауырлау кезеңдегі менің жалғыз ғана өкінішім – театрдағы осы бір ұзақ­тау үзілісті пайдаланып, өзімді кино саласында сынап көрмегенім болды. Киноға шақырған ұсыныстар жиі ке­ліп тұрды. Бірақ балалық па, әлде өзіме қойған биік талаптарымның тежеуі ме, әйтеуір, түсіру алаңына жо­лай қоймадым. Әйтсе де, ки­ноға мүлдем түспедім деп айтпаймын. Режиссер Виктор Пұсырмановтың «Қош бол, сұлу», «Алатаудың күміс мүйізі», моңғолдармен бірігіп түсірген «Ат­қыш Хумучи», «Мейрамның үш күні» сынды бірнеше фильміне түстім. Слам­­бек Тәуекел «Жерұйығына» ша­қырды. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласында» ақсақалдың рөлін ой­надым. Міне, осындай бірнеше фильмде шығармашылық қарымымды сынап көр­дім. Алайда іштей өзімде «Осы рөлім тәуір шықты» деген бір ризашылық се­зім  болған емес. Есесіне, театрда ондай рөлдерім көп. 

Мәселен?

– Жалпы, менің жан дүнием негізінен мінезді рөлдерге жақын, соған бейіммін деп есептеймін. Бірақ театрға алғаш кел­геннен-ақ режиссерлер мені Қозы се­кілді кілең лирикалық бейнелерге салды. Театр тілімен айтқанда, сахнада көп­ке дейін «жас геройларды» кейіптедім. Мәселен, театрдағы тұсауымды кескен алғашқы рөлім – 17 жасар Қозыны 42 жасыма дейін ойнадым. Кейін Жантық, Қарабайларға ауыстым. Өзім қалағандай характерлі рөлдер тек өткен ғасырдың 90-жылдарының басы­нан бастап қана беріле бастады. Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша секілді психологиялық тұрғыда күрде­лі, бейнелілік бояуы қалың кілең хан­дар галереясының мінезін ашатын рөл­дерде өзімді мүлдем басқа амплуа­да сынадым. Кейін Астанадағы Қ.Қуа­ныш­баев атындағы академиялық қа­­­­­­зақ му­зыкалық драма театрында Абай (М.Әуезов «Абай», режиссері Ә.Оразбеков), Ваня ағай (А.Чехов «Ваня ағай», режиссері Ә.Мәмбетов), Лукья­­нов (В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар», режиссері Т.Теменов) сияқты рөлдерде іздендім. Әрбір рөлім өзінің ерекшелігімен ыстық. Бірін екіншісінен бөліп қарай алмаймын. Жалпы, менің сахнадағы бағымның жанып, бірден күрделі рөлдерде көрінуіме режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің үлкен ықпалы болды. Небәрі 4-курстың студентіне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы басты кейіпкер – Қозы рөлін сеніп тапсырған суреткер одан кейін де қамқорлығын аяған емес. Кейінірек Астанаға қызмет ауыстырып, Қаллеки театрына тез сіңісіп кетуіме де Әзірбайжан Мәдиұлының көмегі зор болды. Ұлы ұстазыма қашанда қарыз­дармын. 

– Рас, кез келген актер шығарма­шы­лығында «әкемтеатр» мектебінің рөлі үлкен…

– Бүгінде өзім де ақсақалдық жасқа жетіп отырсам да, Әуезов театрындағы Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова бастаған аға-апаларымның мейірімін сұмдық сағынамын. Мәселен, біздің кезімізде Серке Қожамқұловты Әзе­кең­нен (Әзірбайжан Мәмбетов. – авт.) бастап «Театрдың қызыл құжаты» деп атай­тын. Серағаң театрдың табал­дыры­ғын аттағаннан-ақ барлық ұжым тікесінен тік тұрып қарсы алатын. Сырт­тай қарағанда да, әңгімелесе кетсең де сон­шалықты бір қатал, маңайын қорқы­тып, үркітетін сұсты адам емес. Кері­сін­ше, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасқан адамгершілігі мол, жүзінен мейірімі төгіліп тұрған сондай жып-жылы кісі болатын. Бірақ не құдірет екен, Серағаңды көрсек, барлығымыз бойымызды тез жинап ала қоюшы едік. Өңменіңнен өтер көзқарасы, өзін өзі ұстауы мысыңды басатын. Кейін Серке аға өмірден өткен соң «Театрдың қызыл құжаты» Сәбира Майқанова апайымызға өтті. Өмірдегі қалпымыз бен азаматтық болмысымызды айтпағанда, сахнаға шық­қанға дейінгі мәдениетіміз бен ізде­ні­сімізге де енді сол кісі тікелей жауап берді. Рөлімізді ойнап болған соң аға-апайларымыз не айтар екен деп, үл­кендер жаққа қарайлай беретінбіз. Ол кезде көркемдік кеңестің өзі үлкен жиын секілді өтетін. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бө­ке­ева, Бикен Римова апаларымыздың қаз­дай тізіліп жиналыс залына өтуінің өзі үлкен оқиға һәм тәрбие еді ғой. Сахналық костюмімізден бастап, рөлі­міздің көркемдік деңгейіне дейін ке­лелі талқылау болатын. Ол кісілер ба­­­­тырып сынаса да, аяғыңды жерге түсір­мей мақтаса да, барлығын солай болуы керектей қабылдайтынбыз. Бір тосылып, бір марқайып, сан түрлі күйді бастан кешуші едік. Ол кездегі Әуезов театрының тәрбие мектебі де, бір-біріне деген адами қарым-қатынасы да өзгеше болатын. Біз үлкендердің алдын ешқашан кесіп өткен жоқпыз. Аға-апаларымыз да біздің атымызды атаған емес. Жас деп еркелетті, мейірімін төкті. Мәселен, Серағаң мені Келес де­се, Сəбира апам ғұмырының соңына дейін Өлмес атап кетті. Міне, үлкенді үл­кен, кішіні кіші деп құрмет тұтатын осындай бір ерекше сыйласым болды біздің арамызда. Қазір бақсам, ол да бір үлкен мектеп екен. 

– Міне, бүгінде өзіңіз де үлкен бір ұжым­ның ақсақалына айналдыңыз. Жас­тардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

– Қаллеки театрында Әзірбайжан Мәм­бетов, Жақып Омаровтан қал­ған тамаша бір дәстүр бар. Жалпы, Әзір­бай­жан Мәмбетовтің Астанаға ауысып келуінің өзі М.Әуезов театрындағы сол бір тамаша дәстүр мен сыйласымды, адами қарым-қатынасты, айрықша бір жылылықты өзімен Қ.Қуанышбаев театры­на да ала келгендей болып сезіле­тін. Сол қасиетті ұжым бойына да сіңі­ре білді. Қазір Қаллеки театры қа­лып­­тасқан осы тәртіппен жұмыс істеп ке­леді. Ұжымымыздың да өзіндік бұл­тарт­пас қағидалары мен дәстүрі бар. Бас­тысы, кішілері үлкенді аға тұтып, үл­кендері кішіге ізет білдірер тамаша бір сыйласым мен мейірім шуағы бар мұнда. Бұл да болса Әзекеңнің салып кеткен сара жолы деп білемін. 

– Алматыны сағынасыз ба?

– Алматыны сағынбадым деудің өзі күнә шығар. Әрине, сағынамын! Ол жақта менің жастығым, өмірімнің ең бір қызықты, естен кетпес сәттері қалды. Ол жерде менің жан қиысар абзал көңілді достарым, сырлас әріптестерімнің ізі сай­рап жатыр. Қалай десек те, Алматының аурасы бәрібір бөлек. Ол жақта өнердің жүрегі ешқашан тоқтамайды, мәңгілік соғып тұрады. Алматы дегенде, менің көңілімді осындай бір ғаламат сезімдер кернейді. Әйтсе де, Астананың да өз ерекшелігі бар. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда, елордамыз гүлденіп, көркейіп, шын мәніндегі өнер мен мәдениеттің рухани ордасына айналды. Бұрын рухани орта іздеп Алматыға кеткім келіп тұрса, бүгінде Астананы ешбір қалаға айырбастағым келмейді. Мұнда біз жаңа орта құрдық, өз жолымызды қалыптастырдық. Сондық­тан да ұжымыма айтар алғысым шексіз. 

– Аға, бүгінде 70 жастың белесіне шықтыңыз. Ойыңызға не оралады? 

– Біреуге аз, біреуге көп көрінер. Бірақ 70 деген адам шошитын жас емес екен. Алла күш берсе, әлі де қуатым бойымда. Алда жоспар көп. Талай шығармашылық жұмыстар күтіп тұр. Сол ізденістеріммен көрерменімді қуантқым келеді. Мерейтойыма орай сүйікті ұжымымның қолдауымен Италия драматургі Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» атты жақсы бір дра­ма­сын көрерменге ұсынып үлгердік. Бұл да болса менің сахнадағы жарты ғасырлық шығармашылық өмірімнің есеп беруі болса керек. Аталған қойылымға дайын­далу мен үшін үлкен тәжірибе болғаны анық. Актер үшін ең қымбат дүние – кө­рерменнің қошеметі десек, Алла мені сол бақытқа бөледі. Шүкір!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз