Мен қатысқан SputnikPrо. Не түйдім, не көрдім?
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Соңғы уақытта журналистикада жаңа бағыт — әлеуметтік журналистика ұғымы пайда болды. Қолданысқа еніп кеткеніне қарамастан, журналистер қауымы бұл бағыттың ерекшелігі мен өзектілігін әлі түсіне алмай жүрміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Грузия астанасында SputnikPrо жобасы аясында өткен мәскеулік мамандар өткізген тренингке қатысып қайттық.
«Шабыт» байқауынан SputnikPrо бағдарламасына дейін
Алдымен, менің SputnikPrо жобасына қалай тап болғаным туралы бірер сөз. 2018 жылы ХХІ «Шабыт» шығармашыл жастар байқауына «Қарақат сатып үй алдым: астаналықтар жасыл белдеуден қалай ақша табуға болатынын айтты» деген репортажымды ұсындым. Сол байқауда Sputnik агенттігінің арнайы жүлдесі маған бұйырып, SputnikPrо жобасы аясында 15 мемлекетте өтетін тренингтің біріне қатысуға мүмкіндік алдым. Таңдау өзімде болғандықтан, Грузия астанасы Тбилисиге аттануды жөн көрдім. Оның екі себебі бар, біріншісі – Грузия мен бұрын-соңды болмаған ел. Екіншіден, тренингтің тақырыбы әлеуметтік журналистика туралы болғандықтан, таңдау осы елге түсті.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Тбилисидегі SputnikPro жобасы аясындағы әлеуметтік журналистика бойынша тренинг
Грузин оқырмандары нені қалайды?
Белгіленген күні Тбилисге жеттік. Спутник Грузия агенттігінің редакциясына барып, ондағы әріптестеріміздің жұмысымен таныстық. Агенттіктің грузин редакциясының редакторы Тамара Хонелидземен тілдестік. Оның айтуынша, грузин редакциясының оқырмандары мен орыс тілді аудиторияның сұранысы екі түрлі. Сұранысқа сәйкес, тілшілердің жұмысында ерекшелік бар. Мәселен, грузиялық оқырмандар тарих, мәдениет, тарихи очерктер, қарапайым еңбек адамы мен оның жеткен жетістіктері туралы оқығанды ұнатады екен.
«Біз қарапайым адамдарды алып, оның бойындағы бір ерекшелікті мысалға алып, көпке үлгі етуге тырысамыз. Бұған қоса, шетелде тұратын грузиндер туралы тұрақты айдар бар. Аптасына бір рет шығады. Ең қызығы, әлемнің әр жерінен отандастарымыз хабарласып, «мен туралы жазыңыздаршы» деп өтініш те айтып жатады. Сол айдарды жүргізетін тілшіде арнайы тізім бар», — дейді Тамара Хонелидзе.
Байқағаным, грузиндердің талғамы қазақтарға ұқсас екен. Себебі, Қазақстандағы қазақ тілді оқырмандардың да тарих, тіл, мәдениет пен руханиятқа деген сұранысы жоғары екенін бәріміз білеміз.
Әлеуметтік журналистика әлеуеті. Мәскеулік мамандар не дейді?
Редакция жұмысымен танысқан соң, Тбилисиге келгендегі негізгі жұмысымызға кірістік. Ол – мәскеулік журналистердің әлеуметтік тағылымдамасын тыңдау еді. Ал тренингті Мәскеуден келген «Еріктілер жылы» мен «Экология жылы» жобаларына жетекшілік еткен «Россия сегодня» ХАА-ның мамандары Мария Ферсман мен Елена Исайкина жүргізді.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Тбилисидегі SputnikPro жобасы аясындағы әлеуметтік журналистика бойынша тренинг
Мария Ферсманның айтуынша, әлеуметтік журналистика ұғымы үш бөліктен – мемлекет, сарапшылар мен оқырманнан тұрады. Қазір кез-келген БАҚ-та қоғамдағы әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Алайда, тілшілердің көпшілігі тақырыпты тиісті деңгейде аша алмайды. Яғни, көп жағдайда журналистер белгілі бір мәселені басылымда көтергенімен, оның шешу жолдарын көрсетпейді.
Бұған қоса, қазіргі күні әлеуметтік журналистика функциясын әлеуметтік желілер де атқарып отыр. Көп жағдайда желіде көтерілген проблема тек бір жақты ұсынылады. Ал желі қолданушыларын әлеуетті оқырман деп алсақ, нақты факті мен дәйекке құрылмаған жаңсақ ақпарат оларда оқиғаға қайшы пікір қалыптастыруы мүмкін.
«Блогерлерді мысалға алайық. Олар не істейді? Белгілі бір проблема туралы ақпарат салады. Мәселен, жолдағы шұңқырдың суретін салып, «бәрі жаман» деген сипатта ақпарат жазады. Олардың тіркелушілері көп болған соң, жазбаның оқылымы мен таралымы көп болады. Оқырмандары түрлі пікір жазып, мәселені шешу жоладарын ұсынады. Ал біздің жағдайымызда журналистер проблеманы көтеріп қана қоймай, оны шешу жолдарын да ұсыну керек», — деп қосты ол.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Тбилисидегі SputnikPro жобасы аясындағы әлеуметтік журналистика бойынша тренинг
Сарапшы таңдағанда сақ болу керек
Сондай-ақ, мамандар әлеуметтік журналистикада көтерген мәселеге қатысты объективті пікір білдіре алатын сарапшылармен жұмыс істеудің маңызды екенін айтты.
«Мойындау керек, журналистерді ақпаратты бұрмалап, дұрыс жеткізбегені үшін көп жақтыра бермейді. Сол себепті, сарапшылармен өзара байланыста болып, сеніміне кіре білген жөн. Егер журналист сарапшының айтқан сөзіне күмәнмен қараса, оған қайта хабарласып, не айтқысы келгенін нақтылап алғаны жөн. Ең бастысы сарапшы таңдағанда мұқият болу керек», — деді Ферсман.
Мысалы, полиативті көмек туралы айтатын сарапшы керек болса, комментарий алу үшін терапевтке бара алмаймыз. Себебі, ол қанша жерден мықты дәрігер болса да, полиативті көмектің қыр-сырын біле бермейді.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Тбилисидегі SputnikPro жобасы аясындағы әлеуметтік журналистика бойынша тренинг
«Сол сияқты кем дегенде үш сарапшының пікіріне құлақ асқан жөн. Әрі сарапшының сіз көтеріп отырған мәселені қаншалықты білетінін тексеріп алған да артық болмайды. Фактчекинг жасау көп уақыт алмайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сарапшыңыз қаншалықты мықты болса, сіздің материалыңыз қарапайым, түсінікті болып шығады», — дейді маман.
Әлеуметтік журналистика тек аяушылық тудыру ғана емес
«Россия сегодня» агенттігінің мемлекеттік интернет жобалар дирекциясының бөлім басшысы Елена Исайкинаның пікірінше, әлеуметтік журналистиканың негізгі талабы – материалдың түсінікті тілмен жазылуы.
«Біз оқырманға ақыл айтпауымыз керек. Себебі, оқырманмен диалог орната білу маңызды. Өз тәжірибемізде біз материалдың басында немесе соңында оқырманға «осы тақырыпқа ұқсас айтарыңыз болса, мына поштаға жіберіңіз» деп көрсетіп отырамыз. Тура мағынасында айтқанда, біз оқырманнан кері байланыс күтеміз», — деді ол.
Маманның пікірінше, қазіргі БАҚ-та әлеуметтік проблемалар сторителлинг әдісімен беріледі. Алайда тілшілер қауымы осы әдісті пайдалануда қателікке бой алдырып алады-мыс.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Қазақстандық журналист Айнұр Шошаева SputnikPro жобасы аясындағы тренингке қатысып қайтты
«Мысалы, дертке шалдыққан, қоғамның қолдауына мұқтаж адам туралы жазғанда көбі кейіпкердің өзін емес, оның диагнозы туралы бірінші айтады. Әрине, оны оқыған адамда аяушылық туындауы мүмкін. Алайда, кейіпкердің қандай адам екені, оның ішкі жан дүниесі екінші орынға қойылады», — деп қосты Исайкина.
Түйін
Сонымен, тренингтен менің түйгенім – әлеуметтік желідегі жазба мен әлеуметтік журналистиканы шатастыруға болмайды. Екеуіне ортақ ұқсастық болғанымен, атқаратын қызметі екі түрлі. Бұл ретте тілшілердің міндеті басымырақ. Қазіргі дәстүрлі БАҚ негізгі тақырыпты әлеуметтік желіден іздеп тапқанымен, оны оқырманға жан-жақты зерттеп, сарапшы мен сол салаға жауапты меморганның айтарын тыңдап барып берсе дәйекті болады.
©
Sputnik / Владимир Умикашвили
Тбилисиде SputnikPro жобасы аясында әлеуметтік журналистика бойынша тренинг өтті
Ескеретін тағы бір мәселе – оқырманға ақыл айтпай, тек жол көрсету керек. Егер қайырымдылық туралы жазар болсақ, міндетті түрде нақты жұмыс істеп тұрған қорлар туралы ақпарат пен олардың мекен-жайын көрсету арқылы оқырманға ой салуға болады.
Әрине, аты аңызға айналған РИА Новостидің мамандарының тренингіне қатысудың өзі мәртебе саналады. Астанада өткен «Шабыт» байқауындағы жеңісімді Тбилисиде өткен тағылымдамамен аяқтадым.
Әзірге Грузия астанасына барғандағы негізгі жұмысым туралы осы. Ал ол жерде не көргенім туралы алдағы уақытта жазатын боламын.
sputniknews.kz