«Мен не істеп, не қойғанымды жақсы білемін»: Арыс әкімі жер заңсыз берілді деген қауесетке жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Арыс әкімі Мұрат Қадырбек басшылық қызметте жүрген жылдар ішінде өзінің не істеп, не қойғанын жақсы білетінін айтып ақталды, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі. 

Арыс әкімі

Жарылыс орын алған Арыстағы әскери бөлімге жақын орналасқан аумақта жерлер заңсыз берілген бе деген сұраққа жауап берген әкім қолында ондай нақты мәліметтің жоқтығын жасырмады.

«Біріншіден, ол айналасында заңсыз берілген жерлер туралы мәлімет менде жоқ. Екіншіден, ол жерде, яғни, «Көктем-1» шағын ауданында мен ешкімге жер берген жоқпын. Мен өзімнің не істеп, не қойғанымды жақсы білемін. Ол жерде заңсыз біреуге жер бердім деп айта алмаймын.

Тәртіп бойынша берілуі керек жердің бәрі. Онымен келісемін толығымен. Негізінен онда 2007 жылдан бастап жер беріле бастаған. Мендегі мәліметке сәйкес, сол 2007 жылы қаланың бас жоспары бекітілген және шекаралары анықталған. Сол шекара шеңберінде жерлер беріліп, үйлері салына бастаған», — деді Мұрат Қадырбек.

«Демек сіздің есебіңіз, болжамыңыз бойынша ол шағын ауданда жерлердің ешбірі заңсыз берілмеген бе?» деген сауалға қала әкімі оны құзырлы органдар анықтап, қорытынды шығаратынын, ал жердің заңсыз берілуіне өзінің түк қатысы жоқтығын тағы да қайталап айтты.

Еске салсақ, 24  маусым күні Арыста әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, салдарынан қала тұрғындары қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Бұл жағдайды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бақылауға алып, оқиға орын алған қалаға арнайы келді. Кейінірек қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тілшілерге берген бір сұхбатында жарылысты табиғи апат деп айтып, елдің сынына қалды.

Ал апта басында президент Тоқаев қорғаныс министріне Арыстағы жағдайға байланысты қатаң сөгіс берді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Арыста арсеналға жақын аумақтан жер берген шенеуніктердің жауапқа тартылатынын айтты.

Айта кетейік, қазіргі таңда жойқын жарылыстың себеп-салдарын анықтау бойынша тергеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер қатаң жазаланатын болады.

stan.kz