Мен Covid-ті екінші рет жұқтырдым

0

Коронавирустан жазылып шыққан адам, оны екінші рет жұқтыруы мүмкін! Себебі, науқастың иммунитеті төмендеп, Covid-19 инфекциясы ғана емес, өзге де кеселдерге шалдығуы ықтимал. Мұндай пікірді шетелдік ғалымдар айтуда. Ал, елімізде жазылып шыққан науқастың сынамасы қайтадан оң нәтиже көрсеткен ресми дерек әлі тіркелген жоқ. Бірақ, әлеуметтік желіде вирустан сауыққан тұрғындар, иіс пен дәмді сезбей жатқандарын мәлімдеп, қайтадан ауыруға шалдыққанын жазуда.

Бұл жөнінде мамандар не дейді?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Агия Зейнуллинаның Фейсбук желісінен алынған жазбасынан үзінді:

«Мен Covid-ті екінші рет жұқтырдым. Алғаш рет наурызда симптомсыз түрі болды. Сынама оң нәтиже көрсеткендіктен ауруханаға жатқызды. Екі айда толық емдеу курсынан өттім. Жұмысқа шыққаннан кейін екінші рет ауырдым. Тапсырған тестім қайтадан оң нәтиже көрсетті. Компьютерлік томография өкпемнің 48% зақымданған деген қорытынды шығарды. Бірақ, қазір үй карантиніндемін».

Әлеуметтік желіде осы тектес жазбалардан көз сүрінеді. Бірі қайтадан иіс, дәм сезу рефлексінің жоғалғанын айтса, екіншісі ыстығы көтерілгенін мәлімдеп жатыр. Ал, қауіпті вирустан құлан таза айыққандар дерт бойға қалай дендегенін айтып берді.

Серік Оразбеков, емделіп шыққан науқас:

«17-сі аздап температурам көтерілгендей болып, мазасыз сезіндім, бірте-бірте күшейе бастады, жайлап әлсіздік пайда болды. Сүйектерім сырқырады ма, содан кейін жүріп бара жатқан кезде басым айналып кететіндей болып, одан кейін бірте-бірте аппетит жоғалды».

Кеселді жеңген адамға вирус қайтадан жабысуы ықтимал дегенді эпидемиологтар да жоққа шығармайды. Себебі, әбден әлсіреген организмде иммунитет төмендейді екен. Тіпті, коронавирус емес, өзге де қауіпті кеселдерге төтеп беру қиынға соғатынын айтады. Сондай-ақ, адам ағзасындағы вирусқа қарсы антидене де екі айдан кейін өз күшін жоюы мүмкін екен. Сол үшін қатаң, профилактикалық шараларды ұстануға кеңес береді.

Манар Смағұл, эпидемиолог-дәрігер:

«Бұл індет бүкіл әлемде әлі де зерттелуде. Осы таңда белгілі деректер бойынша қайта зақымдалған жағдайлар әлемде тіркелген. Ол әр адамның иммунитетіне байланысты шығар. Бір рет жазылдым екен деп, арқаны кеңге салып жүрмеу керек. Өйткені, әлсізденген ағзаға Covid-тан басқа жұқпадан зардап шегуге болады. Сондықтанда қатаң профилактикалық шараларды ұстану керек».

Коронавируспен күресіп, оны жеңген 54 мыңнан астам тұрғын үшін жағымды жаңалық бар. 1 тамыздан бастап, аталған санаттағы адамдар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаржы есебінен тегін шипажайларда денсаулығын оңалтуға мүмкіндік берілмек. Науқастардың вируспен ауырған кездегі жағдайына қарай бірнеше топқа бөлініп, қажетті көмектер көрсетілмек.

Болат Төкежанов, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы:

«1 тамыздан бастап, коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан тұрғындарды күндізгі стационарларда, емханалар мен арнайы және оңалту орталықтарында емдеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, біз шипажайлар қауымдастығының өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жөнінде қосымша хабарлаймыз».

Мамандардың сөзінше, коронавирустың қазір 20-ға жуық түрі бар екен. Ал, «SARS-Cov-2» адамзатқа белгілі бір ғана індет. Қазір, басқа да вирус тектестерін әлемнің ғалымдары іздеп жатқан көрінеді.

Жұлдыз Данбаева, №3 көпсалалы ауруханасының директоры:

«Коронавирустың әр подтип дегендері бар. Ол 19-20 түрлі, вирусологтар іздеп жатыр. Бірақ, ең бастысы коронавирус өзгермейді. Оны РНК арқылы көреді. Оны ПЦР лабораториялардың барлығында көріп отырады. Ол бір түрі».

Айта кетейік, жуырда ғана Ресейдің Санкт-Петербор қаласында коронавирусты қайтадан жұқтырған бала туралы ақпарат тарады. Инфекция жабысқан сәби осыдан бір ай бұрын ауруханадан емделіп шыққан. Бірақ, 4 күн бұрын жағдайы нашарлап, қайтадан стационарға жатқызылыпты. Алынған тест сынамасы да оң нәтиже көрсеткен. Десе де, көрші елдің денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі әзірге растаған жоқ.