Мен болмасам, басқа кім?
Құқығың бұзылғанын көргенде қорғануға тырысу керек. Бұл тек саған емес, ұқсас проблемалары бар басқа адамдарға да көмектеседі.
Адам құқығын қорғаумен ең алдымен әділетті бәрінен жоғары қоятындар айналысады. 2015 жылы «Өз Қазақстаныңды елестет!» деп аталатын азаматтық білім беру курстарына қатысып, адам құқықтары мәселесімен таныстым. Әрекет етуге қажетті бастапқы білім мен құралдарды үйретті. Содан соң идеялары мен құндылықтары өзіме жақын басқа да жобалармен, ұйымдармен таныса бастадым. Қиындық болғанымен, еркіндік атмосферасы мен оң өзгерістерге деген ұмтылыс ұнайды.
Мамандығым – қаржыгер. «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» ұйымының Петропавлдағы филиалының директоры міндетін атқарамын. Қоғамдық бақылау комиссиясына мүшемін және азаптау мен басқа да зорлық-зомбылықтың алдын алудың ұлттық превентивтік механизміне қатысамын.
Азаптауды болдырмау, қамаудағылардың құқықтары, студенттерді басқару мәселелерімен айналысамын. 2017 жылы «Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы студенттердің еркін бірігуі» жобасын ұйымдастырдым, адам құқықтарын қорғаушылар мен азаматтық белсенділердің үстінен қозғалған істер бойынша сот процестерін бақылауға қатыстым, ZhasCamp-тың Петропавлдағы директоры болдым.
Айналамдағылар мені қолдайды, себебі менің істеп жүрген ісімді аздап болса да, түсінетін жандармен араласуға тырысамын. Туыстарым жұмысым жайлы аз біледі, бірақ мен қиын проблемаға ұшырап қала ма деп қорқады. Кейбіреулері конфликт болмайтын, тыныш жерге ауыс деп үгіттеуге тырысады. Ал мен үшін бұл мүмкін емес, себебі ойлау жүйеме қарай қай жерде де проблема табылады.
Басында жұмысыма биліктің бәлендей қатысы болған жоқ. Кейін нұсқауға ере бермей, өз ұстанымымды қорғауға көшкенде проблемалар басталды. Студенттер кәсіподағының төрағасы қызметіне сайлауға түскенімде бірінші конференцияны болдырмай тастады. Проректор келді де, қуып жіберді. Бұл ұйымның жұмысы заңсыз деп айыптады, оқу орнымен арада басқа да мәселелер болды.
Атқарушы органдар, үкіметтің қарамағындағы үкіметтік емес ұйымдар мені «Батыстың, Американың адамы», «оппозиционер» деп атай бастады. Өздеріне байлап қою үшін мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге үнемі шақырады. Кейде тіпті таныстарым қонақ болам деп келіп, құжаттарымды, ноутбугімді ақтарған кездері болды. Түрлі мекемелерден қайта-қайта хабарласып, немен айналысып жүргенімді сұрады. «Деректер базасына саламыз», «министрдің өкімі» сияқты түрлі себеп айтты. Оларды, мәселен, қаржыландыру жағы қатты қызықтырды.
Бәрінің ережесін білетіндіктен, оларға ештеңе айтпадым. Заңдары мен жұмыс істеу принциптерін өздеріне түсіндірдім. Кейде тіпті ақылға сыйымсыз жайттар болды. Тегін шара өткізіп жатқанымда ішкі саясат басқармасынан қоңырау шалып, «Кім қанша ақша бөлді?» деп сұрады.
Жұмысымның нақты нәтижесін анықтау қиын. Адам құқықтары тақырыбын насихаттадым, көп адамдар еркін жиындарға қатысты, бұл оларға жақсы әсер етті, жаңа нәрелер үйреніп, көп стереотиптен арылуға көмектесті. Басшылар жабуға тырысқан студенттер кәсіподағын сақтап қалудың сәті түсті, жаңа студенттер ұйымын құруға ат салыстым.
Сонымен бірге біз жабық мекемелердегі адамдарға қатысты заңсыздықты жойып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Кей кездері біздің қол ұшымыз тиген, зорлыққа ұшыраған адамдардан алғыс алып отырдық. Қазіргі жүйені ескерер болсақ, үлкен жеңіс туралы айту қиын.
14 жыл бұрын маған «ВИЧ инфекция жұқтырған» деген диагноз қойды. Содан соң университет бітіріп, жұмыс істедім, қыз тудым. Экономикалық білім алдым. Қазір экономика бойынша зерттеу жасап жүрмін, алған білімім кәдеге жарап жатыр. Бірде мені Павлодарда СПИД орталығына тренингке шақырды. Ол кезде жұмыс іздеп жүргенмін. Сонда адамдармен танысқан соң олар мені «Ты не один» деген қорға жұмысқа шақырды. Ол кезде қор енді-енді аяғынан тұрып жатқан еді.
Сол жерде бес жыл жұмыс істедім, бәрі керемет болды. Мен келгенде барлық бастаманы бір кісі айтатын. Қазір үлкен команда бар. Бізбен бірге бастаған адамдар басқа қалаларда ұқсас ұйымдарды басқарып жүр.
Бір кездері өзім жақтырмай қарайтын адамдарға қатысты стереотиптерім өзгерді. Мәселен, есірткі қолданатындарға. Бір кездері олардың барлығын жылдам емдеу керек деп ойлайтынмын. Оны ауыр науқас деп емес, «еркелік», «өмір салты», «ләззат іздеп жүргендер» деп түсінетінмін. Жұмыста кезіккен адамдардың арқасында бұл көзқарасымның өзгергеніне қуанамын.
Бірер жыл бұрын Қазақстанның бірнеше қаласында және Тәжікстанда ВИЧ жұқтырған әйелдерге қолдау көрсететін ұйымды дамытуға ат салыстым. Дегенмен, басты жетістігім – Қазақстандағы ВИЧ инфекциясына қатысты баяндама жазуды үйлестіріп, БҰҰ-ға тапсыруымыз дер едім. Бұл – жан толқытар жұмыс, себебі еліміз бұрын ешқашан мұндай есеп әзірлемеген.
Қазір «Қазақстандағы ВИЧ жұқтырған адамдар одағында» жұмыс істеймін.Аты да айтып тұрған шығар. Осы мәселемен айналысатын барлық топтармен жұмыс істейміз. Халықаралық гранттардың, Қазақстанда әлі де бар донорлардың ақшасына күнелтеміз. Бірнеше ірі жобаны жүргізіп жатырмыз, ішінде туберкулезге қатысты жоба да бар. Бұл – бізге өте жақын тақырып. ВИЧ жұқтырған адамдардың көбі осы дерттен көз жұмады.
Қоғамдық ұйымда жұмыс істейтінімді естіп, «Жымқырған ақшаны заңдастырып жүрсің бе?» деп сұрайтындардың заманы өткен. Қазір жұрт көп оқиды, қоғамдық ұйымның не екенін түсінеді. Жақындарым мен достарым жақсы қарайды. Мүмкін айналамдағылар жақсы адамдар болар. Кейде сыныптастар хабарласып тұрады. Мен оларға мәселен балалардың ортопедиялық проблемасы сияқты жұмыстармен айналыспайтынымды түсіндіремін. Қолымнан келсе, көмектесіп те жатамын. Денсаулық сақтауда өз құқығыңды қорғаудың алгоритмі біреу ғана.
Бұл – адвокацияның стандарт механизмі. Бір қызметті алуға бара жатқанда қандай құқығың бар екенін біліп ал. Учаскелік дәрігер қызмет көрсетуден бас тартса, меңгерушіге, болмаса бас дәрігерге барыңыз. Әдетте мәселе сонымен шешіледі, егер бітпесе, жедел желі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет сапасын бақылау орталығына хабарласыңыз, солай кете береді. Сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы денсаулық сақтау министріне дейін жетесіз. Қазір бүкіл үкімет Facebook-те отырады. Өз құқығымызды қорғай алатынымызды дәрігерлерге үйретуіміз қажет. Азаматтық қоғам болып бетімізден қағатындардың барлығын бір-бірлеп анықтауымыз керек.
Әпкем екеуміздің басымыздан мынадай жағдай өтті.ВИЧ жұқтырған әйелдер туралы фильм түсірдік. Әпкем оны көрді де: «Созылмалы ауруы бар әйелдердің барлығына қатысты көзқарас осындай ғой», – деді. Ол эпилептикалық синдром ауруымен ауырады. «Мен де медицина қызметкерлерінің, айналамдағылардың өзіме қатысты осындай стигмасын сезінемін», – дейді ол.
Зорлық-зомбылық жасайтындар белгілі бір себеппен стигмалайды, кемсітеді. Бұл – қоғамның бойындағы жалпы ыза-кек. Сондықтан халықтың тамағы тоқ, жұмысы бар болса, барлығы психологқа барса, бақытты болса, деп армандаймын. Үкіметтің «кемсіту» терминіне анықтама беріп, оны пайдаланғанын қалаймын. Бұл термин қазіргі кейбір құжаттағыдай шикі болмағанын қалаймын. Сонда жұрт кез келген кемсіту үшін жазаланатынын жақсы түсінеді.
Бұл салаға жаңадан келдім, бұрын ешқашан құқық қорғау ісіне қатысым болған емес, тек адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы репортаждарды теледидардан көретінмін. Заңгер болып жұмыс істедім, тегін заңгерлік қызмет көрсеттім.
Құқық қорғау саласына «Құқық қорғаушылардың жаңа буыны» жобасы арқылы жақында ғана келдім. Бұл мен сияқтылар үшін жұмыс бастаудың ең оңтайлы жолы сияқты көрінді. Жоба қолыңнан не келетінін, білім-білігің қандай екенін көрсетеді.
Жоба аясындағы тақырыбым «Интернет-ресурстарға шектеу қою – пікір білдіру еркіндігін шектеу түрі» деп аталады. Меніңше, бұл – соңғы кездегі өте өзекті мәселе, себебі қазір шектеудің саны мен ауқымы ұлғайып кетті. Өз басым интернетті белсенді түрде қолданамын, сондықтан бұл шектеудің маған да, айналамдағыларға да қатысы бар. Бұл – ақпарат іздеп, қабылдап, тарату бостандығы.
Сайттарға шек қоюдың әрқилы негіздері бар, солардың ішінде терроризм мен экстремизмді насихаттау себебі жиі айтылады. Бір жағынан бұл мәселенің бүкіл әлемде ушығып кеткені рас. Қазақстан бұған қарсы тұру шараларынан тыс қала алмасы белгілі. Екінші жағынан, бұл терминдер біздің заңнамада тым бұлыңғыр жазылған, соған қарамастан белгілі бір сайтты жабуда оны өте жиі қолданады.
Мәселен, Қазақстан аумағында әйгілі музыкалық платформаны жауып тастады.Себебі онда тыйым салынған ұйымның бірнеше медиафайлы табылған. Бірнеше файл үшін бүкіл ресурсқа тыйым салуға бола ма? Меніңше болмайды. Мұндай жағдай мыңдаған сайттың басында бар.
Оның үстіне, бұл негіздер бойынша қандай сайттардың жабылып жатқаны да белгісіз, себебі олар жайлы ақпарат таралмауы үшін реестр құпия сақталады. Тұйық шеңбер, қысқасы. Ақпарат және коммуникация министрлігі соттар мен мемлекеттік органдар заңсыз деп таныған ресурстардағы материалдар тізімі көрсетілген арнайы жүйені қолдануды ұсынады. Бірақ бұл жүйе әлі пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр, оның функционалы тым жұтаң. Оның үстіне, реестрді биылғы 28 мамырдан жаңартпаған. Сондықтан оның өзектілігіне күмән бар.
Шын мәнісінде, бұл салада мәселе көп, мен солардың бірін ғана атап өттім. Биліктегілер жұмысыма байланысты әрекет етіп үлгерген жоқ, бірақ біз конструктивті және өзара тиімді диалог құра аламыз деп ойлаймын. Ата-анам құқық қорғау саласымен онша таныс емес, бірақ олар да, достарым да бастамаларымды қолдайды. Ал таныс кісілерге жоспарымды көп айта бермеймін.
Меніңше, құқық қорғау – қазіргі өте маңызды қоғамдық институт. Ол қоғамның да, жеке адамның да лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажет.
Нәтиже туралы ауыз толтырып айту үшін алдымда әлі көп жұмыс тұрғанын сеземін.
Құқық қорғау саласына барған себебім – «Мен болмасам, басқа кім?» деп ойладым. Айналамда көріп жүрген әділетсіздікке төзе алмайтынымды түсіндім. Жағдайды өзгертуді қаладым. Әділетті жаным жақсы көреді, мұны өзгерту мүмкін емес. Басқа салаларда жұмыс істеуге тырысып көрдім, бірақ бәрібір қайта оралдым.
Бойымда бірдеңені өзгертуге деген сенім бар. Бұлайша «жалындап» тұрған адамдар көп. Оларды күн сайын кезіктіремін. Бәріміз бірігіп мақсатымызға жетеміз. Жобаларым арқылы гендерлік теңдік, тұрмыстық және сексуалдық зорлыққа ұшыраған әйелдердің құқықтары сияқты тақырыптар төңірегінде пікірталасты арттырып жүрмін. Олардың мәселелері көбірек шешіле бастады ма, білмеймін, бірақ батыл, сенімді қыздардың көбейгенін білем.
Мамандығым – инженер-эколог. Қазір жастарды әлеуметтік тұрғыдан белсенді ете түсуге арналған білім беру бағдарламасын үйлестіріп жүрмін. Жоба Azamat 3.0 деп аталады, ол Impact Hub Pilot Almaty-да орындалып жатыр.
Соңғы жобаларымыздың бірі – сексуалдық зорлыққа ұшыраған қыздарға қатысты стереотиптермен күресуге арналған «Киімді кінәлама» көрмесі.Шара биыл ақпанда Алматыда өтті. Командамызда үш адам болды. Біздің жобамыз қанаттандырған белсенділер мұндай көрмені өз қалаларында – Токмокта (Қырғызстан) және екі рет Астанада өткізді. Тағы төрт қалада ұйымдастыру жоспарланып жатыр.
Біреу зорлыққа ұшыраса, ол алдымен өзін кінәлайды, сол арқылы өз тағдырын айқындайды. Өзіңді өмірде жақсы нәрсеге лайық еместей сезінесің. Бірақ мен бұлай емес екенін дәлелдегім келді. Неге біреулер зорлық жасап, ештеңе болмағандай әрі қарай жүре береді, ал әйел өмір бойы бұл азапты арқалап жүреді? Бұлай болмауы керек.
«Киімді кінәлама» көрмесінен кейін маған сексуалдық зорлыққа ұшыраған бірнеше қыз хат жазды. Ұзақ сөйлестік, мен оларға қолдау көрсеттім. Бірлесе отырып, оларды бойындағы өзін кінәлау сезімінен арылттық. Екеуі осы тақырып бойынша диплом жұмысын жазды, ал біреуі ақыры бір жігітпен көңіл жарастырды. Тағы бір қыз – менің құрбым биыл маған ішіндегісін ақтарды. Жақында оны шетелде жұмыс істеуге шақырды, өзі қорсыну сезімінен арылды. Осындай жетістіктерге қуанамын.
Ата-анам бұл салада жұмыс істегенімді қаламайды, себебі уайымдайды. 2016 жылы тіпті мені Facebook-тегі постым үшін жұмыстан шығарып жіберді. «Билікке қарсы адам екенсің» деді. Университетте оқытушыларым қырын қарап, «бөтен жолға түсіп кеттің» дегендер де табылды. Достарым түсінбей, үнемі маған басқа жұмыс іздеп жүрді. Дегенмен, айналамда қолдап, қанаттандыратын адамдар көп. Ал мен басқаша бола алмаймын. Маған шындықты айтқан ұнайды.
Бұл істе ең бастысы – уайымға салынбау және ең алдымен құқық қорғаумен өзің үшін айналысып жүргеніңді түсіну. Бұл саған керек. Барлық қауіп-қатерді білуің керек. Зардап шегушінің рөліне кіріп, «маған кедергі жасайды, сенбейді, қолдамайды» деудің керегі жоқ. Өйтсең, құрдымға кетесің. Және ең бастысы – мүдделестерді іздеп жүру. Идеяларыңды түсініп, жұмысыңның қажеттігіне күмәнданбайтын адамдар керек.
Ақтөбеде туып-өскенмін. Мамандығым – заңгер. Университетте сабақ бердім, әскери жігітке тұрмысқа шығып, Ақтауға көштім. 2007 жылы қайтып келген соң қайтадан оқытушының жұмысын іздеудің орнына жұмыспен қамту орталығына бардым.
Бос жұмыс орындарының арасынан «Ақтөбе қаласының әйелдерін қолдау орталығы» деген атауды көріп қалдым. Ол кезде «қоғамдық ұйымның» не екенін білмейтінмін. Маған атауы ұнады.
Бұған дейін бес жыл бойы қарулы күштерде қызмет еткенмін. Оның өз ережесі бар: жарғы бойынша жұмыс істейсің, бұйрықты орындайсың. Ал үкіметтік емес ұйымда сүйікті ісіңмен айналысып, оқуға, дамуға болады. Сол кезде-ақ мемлекеттік қызмет пен бизнестен гөрі әлеуметтік сала қызықтыратынын түсіндім.
Қазір «Дәріс» ақпараттық-консультациялық орталықтың атқарушы директорымын. Қазір бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз, негізінен Ақтөбе облысындағы еңбек миграциясы, адам саудасы проблемаларымен айналысамыз. Өзім жобалар дайындап, өтініштер толтырамын, фандрейзингпен шұғылданамын. Өзіме қызық бағыттарды таңдаймын. Қиын жағдайда қалған адамдарды қолдаймыз, оларға әлеуметтік көмек көрсетіп, тегін көмек береміз, сотта өкілдік етеміз. Бізді жергілікті және халықаралық деңгейде мойындайды.
Бұған қоса азаптау ісімен де айналысамын. Жабық мекемелердегі азаптау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу механизмінің Ақтөбе облыстық тобының жетекшісімін, қоғамдық бақылау комиссиясының және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қасындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесімін.
Мұның бәрін жұмыс деп қарамаймын, себебі жасап жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Жақындарым – күйеуім, балаларым, ата-анам мені қатты қолдайды. Достарымның да қолдауын сезінемін.
Негатив бар болса, тек мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста болып жатады. Мәселен, қылмыстық-атқару жүйесінде азаптау, зорлық-зомбылық. Жапа шеккен адамға, яғни сотталған кісіге көмек көрсетеміз. Сонда текетірес болуы мүмкін, кейде айыпталушылардың туыстары жасырын нөмірден хабарласып, қоқан-лоқы жасайды. Мұндай қауіп-қатерге дайынмын, сондықтан оған мән бермеймін.
Ең басты жетістігім – өзіміз көмектескен адамдар деп санаймын. Көп жетістікке жеттік. Құлдыққа жегіліп, сексуалдық күңдікке түскен 59 жастағы әйел болды. Оны босатып, біздің көзімізше балаларымен қауышты. Тағы бір әйелдің оқиғасын алайық. Телехабар арқылы оның ұлын таптық. Ол колонияда жазасын өтеп жатыр. Ананың баламен кездесуі – өте көп еңбектің нәтижесі.
Жүйеде өзгеріс болғанын, заңның өзгергенін қалаймыз. Қазір «шарасыз мигрант» ұғымын енгізуге күш салып жатырмыз. Бұл ұғым құралдарды қалыптастырып, тараптарға, жауапты адамдарға, соның ішінде мемлекетке мигранттарды қорғау жауапкершілігін жүктейді.
Миграциялық заңнама саласында Қазақстанға айтар ұсыныстар өте көп. Бірақ [билік] оларды қабылдамайды, ал бар заңдар орындалмайды, құқық саласында қолдану өте баяу.
Жалпы адам құқықтары деген – жаңа бағыт. Жалпыға бірдей декларация Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған. Бірақ ресейлік мықты құқық қорғаушы айтқандай, ол — әдемі де асқақ құжат. Оны жүзеге асыру үшін көп тер төгу керек.
Семейде тудым, қазір осында тұрамын. Қаржы саласында білім алғанмын. Кәсіпкермін, EcoSem қоғамдық қорының директорымын. Жобаны «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің» бағдарламасы арқылы жүзеге асырдым. Жоба «Құқық қорғау органдары қамауға алған кезде адам құқықтарын сақтау» деп аталды. Сонымен бірге Freedom House-тың «Азаматтардың экологиялық ақпаратқа қолжетімділігі» жобасына да қатыстым. Қазір Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің экологиялық ақпаратқа қолжетімділік ережесін сақтау міндеттемесі бойынша «Сорос – Қазақстан» қорының аясында жұмыс істеп жатырмын.
Адам құқықтарын қорғау саласына кездесйсоқ келдім. Бұрын мұндай мамандықтың бар екенін білмеппін де. Күнделікті өмірдегі әділетсіздікке үнемі қарсы шығып жүретінмін. Өткен жылы «Адам құқығын қорғаушылардың жаңа буыны» бағдарламасына қабылдау болып жатыр деген хабарландыру көрдім. Өтініш жібердім. Бірінші кезеңнен өткенде таңқалдым. Сөйтіп өзім үшін күнделікті өмірімнен мүлде өзгеше жаңа әлемді аштым. Адам құқықтары, халықаралық пактілер мен конвенцияларға сүйене отырып, оларды қорғау мүмкіндігі туралы алғаш рет естідім. Бұл – еркіндіктің, әділетке деген сенімнің бір жұрнағы іспетті.
«Құқық қорғаушы» деген сөзді алғаш рет естіген адам үшін оқу біршама қиын болды. Бірақ жұмыс еліктіріп әкетті, зерттеуден ләззат ала бастадым. Өз салаңдағы «мұз жарушы» екеніңді, адам құқықтарының жағдайын жақсы жағына өзгерту мүмкіндігінің бар екенін түсінудің өзі бір ғанибет.
Алғашқы жұмысымның тақырыбы «Семей қаласындағы Цементный кенті тұрғындарының зиянды қалдықтардың ауаға таралуы жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуі» деп аталды. Зерттеу кезінде халықтың экологиялық деректерді, мәселен ауаның ластану деңгейі туралы ақпаратты алмайтынын білдік. Жұрттың экологиялық мәселелерді шешу бойынша қоғамдық тыңдау өткізуге де мүмкіндігі жоқ. Ал бұл құқықтардың барлығы Орхус конвенциясында көрсетілген. Мұның барлығы елдің экологиялық заңдарында да бекітілген. Бірақ ол көбіне орындалмай жатыр.
Туыстарым басында үрейленіп қалды. «Бұл саған қол емес» деген сияқты пікірлер айтты. Бірақ олар менің мінезімді біледі. Егер бірдеңені дұрыс деп шешсем, ештеңеге қарамастан міндетті түрде орындайтынымды біледі. Достардың саны азайды, нағыз достар ғана қалды, есесіне құқық қорғау саласында көп жаңа дос таптым.
Билік ашулана жауап қатты. Елде ерекше бірдеңе бола қалса, түрлі себеппен бізді бақылауда ұстау үшін ішкі істер басқармасына шақырып алады. Халықтың бізбен кездесуге құлшынысын азайту үшін бізді қоғам алдында қаралайды.
Құқық қорғау адамға жоғары талап қояды: жеке тәуелсіздік, батыл рух, интеллектуалдық жұмысқа деген икем, өнімді жұмыс істеу және ең бастысы – әділдікке деген ерекше ұмтылыс. Егер осы қасиеттер болса, құқық қоғаумен айналысып, қаржы алуға, бүкіл әлемде тренингтер мен семинарларға қатысуға болады. Сарапшы ретінде белгілі бір деңгейге жетсең, жақсы ақша да таба аласың. Ең бастысы – жастық максимализмді қанағаттандырып, «беделділерді» тәубасына келтіріп, әлемді жақсартасың, біздің елде көп салада мұны жүзеге асыру мүмкін емес.
Бұрын белсенді азамат болмадым, құқықтарым бұзылып жатса да, жүре беретінмін. Барлығы бір мезетте өзгерді. Адамның қадір-қасиетін кемсітуге, құқық бұзуға бұдан әрі төзе алмайтынымды сездім. Қазір барлық жерде, барлық мәселеде ұстанымым – осы.
«Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің» Петропавл филиалында жұмыс істеймін. Бір күні бізге тренингке бір кісі келді. Кейін ол бізге мұның ақпараттық вакуумнан шығатын жол болғанын айтып берді. Қазір ол әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Осындай жағдайлар қанат бітіреді.
Достарым немен айналысып жүргенімді көп білмейді. Ата-анам қолдайды. Үнемі жетістіктерімді сұрап, абайлап жүр деп кеңес беріп тұрады.
Қазір мені «пікір білдіру еркіндігі», «бейбіт жиын өткізу құқығы» тақырыптары қызықтырып жүр. Билік өкілдері халықаралық жиындарда бейбіт жиындар туралы біздің заңдардың халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай екенін айтып тұрғаны қатты ашуландырады. «Сорос – Қазақстан» қорының «Құқық қорғаушылардың жаңа толқыны» жобасының аясында «Флешмоб пікір білдіру еркіндігі құқығын жүзеге асыру формасы» деген тақырыппен зерттеу жасап жатырмын.
Бас прокуратураға флешмоб пен бейбіт жиындар туралы өтініш жібердім. Оны облыстық әкімшілікке жолдады. Жақында ішкі саясат бөлімінен осы өтініш бойынша хабарласты. Кездесейік немесе жауапты өзіміз әкеліп берейік деді. Электрондық поштаға жіберуді өтіндім. Басқарма қызметкері заң бойынша хатты өтініш берушінің қолына табыс ету керектігін айтты, «Ата-анаңа беруге бола ма?» деп сұрады. Олармен тұрмайтынымды айттым. Оның «Ата-анаңызбен тұрасыз ғой» деген жауабы таң қалдырды… Жауапты электрондық поштаға жібереміз деген, әлі жібермеді.
Бір кездері мен «Иә, мені жұмысқа алмағаны қалыпты жағдай, себебі мен трансгендер әйелмін ғой», – деп ойлайтынмын. Қазір мұны мүлде дұрыс емес деп санаймын. Бұлай ойлайтын адамдардың қандай жағдайда екенін, олардың өзіне, өмірге деген көзқарасы қандай екенін елестетіп көріңіз. Мамандығым – киім дизайнері. Белсенді күреске екі жыл бұрын араластым. 2016 жылы құжаттарды ауыстыру кезінде талап етілетін медициналық комиссиядан өтуге бардым. Маған кеңес алу үшін телефон нөмірін берді. Сөйтіп басқа да трансгендер белсенділермен таныстым.
Бір күні… реніш пайда болды. Адамдардың жақсырақ өмір сүруі үшін көп нәрсе жасай алам ғой деп ойладым. «Қалай көмектесе аламын?» деп сұрадым. Сөйтіп еріктіге айналып, басқа трансгендерлерге тиісті ақпарат беріп, көмектесе бастадым. Жақындарым жұмысымды жақсы түсінбеді, «өзі сияқтыларға қайырымдылық жасап жүр» деп ойлады. Содан соң «Сорос» қорының мектебіне бардым («Адам құқығын қорғаушылардың жаңа толқыны» жобасы), көп ақпарат алдым, эмоциям да артып, оны ашық сыртқа шығара бастадым. Қазір достарым адам құқықтары бойынша ғана емес, құқық бұзу бойынша да ақыл-кеңес сұрай бастады. Олар адам құқықтарын қорғаушыны заңгер деп ойлайды. Айналамдағылар мені қолдайды, мақтан тұтады. Бұл – өте маңызды.
Басқалар сияқты емес, жолым болды. Ата-анам да мені түсінді, бірақ мектептегі жылдар қиын тиді. Осы күйімді тым ерте мойындадым. Жетінші сыныпта-ақ әйел сияқты болдым, басқалардан ерекшеленіп тұратынмын. Мені кемсіткендер, мазақтағандар, келемеждегендер болды. Мектепті есепке алмасақ, негатив пен агрессия онша көп болған жоқ. Менің басымдағы жағдай шынымен ерекше. Өз ахуалымды басқалардың айтқандарымен салыстырамын да, менікі ең қауіпсіз жағдай екенін түсінемін. Кейде олардың айтқанын естіп, мұндайдың шынымен болатынына сенбейсің.
Трансгендерлікті патология деп түсіну қалыптасқан. Сондықтан жұрттың дүниетанымы да сондай. Интернет кейін, мен өсе келе пайда болды. Там-тұмдап аз-маз ақпарат жинайтынмын. Ол ақпараттың стигмалайтын, медикалдайтын өте нашар дүние болғанын қазір түсініп жүрмін. Мені түзету керек, маған гормонотерапия керек, әйтпесе әйел болмаймын деп ойлайтын едім. Өзіме деген көзқарасым өзгеріп жатыр. Көп нәрсе біліп жатырмын әрі бұл сырттан таңылған нәрсе емес, өз қалауы болуы керектігін түсініп келемін. Қазір бір кездері өзім сияқты күй кешіп жүрген адамдармен араласамын. Мен оларға таңдау мүмкіндігі бар екенін айтамын, олар «Қалай сонда?» деп таң қалады.
Жеке жеңісім – өзім туралы ашық айтатыным. Себебі трансфобия ақпараттың жетіспеуінен болады. Петропавлға барып, онда тұрып жатқан трансгендерлермен кездестім, олардың жайы өте қиын, олар бұл туралы айтуға қорқады. Ондағы «тірі кітапханалардың» бірінде «кітап» болдым. Кейбіреулер өмірінде алғаш рет трансгендер әйел көрді. Көбі менен «түңіліп» қайтты. Олар бәлкім басқа бірдеңе көргісі келген шығар. Жаңа кезіккен адамдарға мен тура өздері сияқты адам екенімді, олардан еш айырмам жоқ екенін айтамын.
Мемлекет бір қырынан болса да, трансгендер адамдарға назар салады деп үміттенемін. Адамның жынысын анықтау процедурасы халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестендіріледі, құжаттарды өзгерту үшін стерилизация операциясын жасауға мәжбүрлемейді деп үміттенемін. Және бұл мүмкіндігінше тез болса деймін. Бізде гендерлік болмысы бойынша кемсітуге жол бермейтін заң қабылданады, сол арқылы адамдар өздерін қорғайды деп үміттенемін. Жаңа буынға үміт артамын…
Дереккөз: Азаттық