Мен бәрінен шаршап кеттім: Қос қолынан айырылған Азамат Оразбек көз жасына ерік берді

0
4925

Тоққа түсіп екі қолынан айырылған Азамат Оразбек көптің көмегіне зәру. Көптің мазағынан, әкімдікке қараудан, ақшаның жоқтығынан шаршаған. Биліктен көңілі қалған Азамат халықтан көмек сұрайды. Бірнеше жылдан бері пәтер жағалап келген жігіт баспаналы болуды армандайды.

Бұл туралы “Ит өмір” бағдарламасында айтылды.

Азамат Оразбек бірнеше уақыттан бері көптің көмегіне жүгініп келеді. Бірқатар отандық бағдарламаларда қонақ болды. Желіде белсенді. Отбасылық вайн түсіріп, аз да болса өз оқырмандарының көңілінен шығып жүр. Халық жинап берген ақшаға 6 сотық жер алған. Алайда үй салуға ақшасы жоқ.

“Мен үй кезегінде тұрмын. Алматыға екі қолымнан айырылған соң көшіп келдік. Ол кезде ата-анам бірге тұрған.  Бәрі мен үшін күресті. Мені емдетті. Дәрігерлерге апарды. Мен жасып қалмасын деп үлкен қалаға әкелді. Бұл жақта арнайы мектеп-интернатта оқыдым. Алматыға келгенімізге 20 жылдай болды. Сол кезден бастап пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Үй кезегін күтіп шаршадық.

Қай жерге көмек сұрап барсақ та, кезекті күт деп шығарып салады. Нұр Отан партиясында да болдым. Қазір мүшеліктен шығып кеттім. Маған көмек болмады. Әкімдікке де бардық. Бәрінің айтатыны бір жауап. Мен одан шаршап кеттім. Халықтың жинап берген азын-аулақ ақшасына жер алдым. 6 сотық жерім бар. Оған үй салуға ақша жоқ. Егер болса, үй салар едім. Тағы да халықтың көмегіне жүгінуден басқа амалым жоқ”, – деді ол.

Азамат Оразбек 7 жасында тоққа түскен. Екі қолынан дәрігерлердің салғырттығынан айырылғанын айтады.

“Жаңақорғанда арнайы зауыт болатын. Нағашымның үйіне баратынмын. 7 жастамын. Зауыттың ауласында трансформатор тұратын. Оның үстіне шығып тұрғындар өрістен келе жатқан малды қарайды. Бір кісі соған шығып малды қараңдаршы деп өтінді. Жауын жауып тұрған кез. Мен шыққанда тоқ соқты. Үстім су болғандықтан тоқ тартқан екен. Бірден ауруханаға апарды. Мені екі апта жай ғана жатқызып қойды. Ол аралықта ірің денеге жайылып кеткен. Кейін облыстық аурухана дәрігері “уақытында дұрыс ем жасалса, екі қолды да аман алып қалуға болар еді” деді. Ірің сүйекке түспей тұрғанда, кесу керек деп кесіп айтты. Солай екі қолымды кесті. Егер кеспесе, өзімнің де аман қалуым екіталай болды. Аллаға шүкір, өзім аман қалдым”, – деді өткенді еске алып.

Азамат ешкімді кінәламайды. Тағдырға көнеді. Алайда өмірден қажып, шаршап кететін кезі жиі болады.

“Шаршап кеттім. Қиыншылықтан. Елдің сөзінен. Кемсітулерден. Көшедегі балалардың мазағынан шаршадым. Кішкентай балалар мені қолын шошайтып көрсетіп жатады. Екі қолы жоқ деп айтады. Бәріне құлағым үйренген, бірақ кейде шаршап кетесің. Шыдай беріп те шаршап кеттім. Балаларым мен үшін арланбаса екен. Достары “сенің әкең мүгедек пе деп емес, сенің әкең чемпион ба?” сұраса екен деймін. Әсіресе жетімнің, мүгедектің ақысын жейтіндерден қорқу керек екен. Солар қашан тояды екен. Халық үшін қашан жұмыс істейді екен. Өз қарындарын тойдырып болмады ма?”, – деді көз жасына ерік берген ол.

Азамат Оразбек спортқа қызығып жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. Одан бөлек ән айтады. 17 авторлық әні бар.

“Әнші болуды армандаймын. Чемпион болуды армандаймын. Күніне екі сағат теннис ойнаймын. Суға жүземін. Ән айтамын”, – деді ол.

Азамат отбасымен Алматыға келгенде әкесі өзге әйелмен кеткен. Отбасында үш ағайынды. Өзінің үш баласы бар.

“Әкем басқа әйелмен кетті. Анам бізді асырап жеткізді. Өзімнің де үш балам бар. Өзім де үш ағайындымын”, – деді Азамат.