«Мен адастым»: Өмір бойына сотталған террорист Руслан Күлекбаев жасаған ісіне өкінетінін айтып, көз жасына ерік берді
Өмір бойына бас бостандығынан айырылған алматылық атқыш Руслан Күлекбаев сотталғаннан кейін алғаш рет журналистерге сұхбат берді. Бұл жөнінде Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Руслан Күлекбаев жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» қатаң режимдегі колониясында өтеп жатыр. Карцерде кітап оқиды. Оған анасы мен балаларын көруге рұқсат етілген.
“Күлекбаев мекемеге келген кезде мінезі тұйық болды. Радикалды мінезі оңалмаған күйде болды. Басқа адамдармен байланыспай өзі оқшау отырады. Тек мекеменің қызметкерлерімен ғана. Кейде психологтармен және теологтармен сөйлеседі”, – дейді колония басшысы Дархан Нұрекешев.
Журналистермен сұхбатында Күлекбаевтың өзі күнә жасағанын айтып, оны мойындады. Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол көз жасына ерік те жіберді.
“Менің сотта не айтқанымды бәрі біледі. Мен сонда: “О Аллахи, Субханаллах, мені тіпті ату жазасына емес, одан да қатты жаза қолданса да ол мен үшін түкке тұрмас” дедім. Мен ол кезде ештеңеден қорықпадым. Сол кезде есіме алсым, өзімнің қандай қатігез болғанымды ойлаймын. Күнә жасаған сәтте менің жүрегім қатайып, қап-қара болып кетті. Мұның үлкен күнә екенін мен кеш түсіндім”, – дейді Күлекбаев.
Ол Алматыда халықты жаппай атып жатқан кезде жағдайының қандай болғанын да жасырмай айтты.
“Ішімде алай-дүлей төңкеріс болды. Ойым жаман іс істесем екен, кімді өлтірсем, кімнен не тартып алсам деп сол жайлы ғана ойладым. Мен сол кезде не істеп жатқанымды түсінбедім. Мен адастым. Білімді дұрыс алмадым”, – деп қосты өмір бойына бас бостандығынан айырылған кісі өлтіруші.
Сондай-ақ Руслан Күлекбаев өзі өлтірген адамдардың туыстарынан кешірім сұрады.
“Өткен іс өтті. Оны қайта артқа қайтара алмаймын. Бірақ олардың жүректері тыныш табуы үшін, егер мен көріп, естіп отырсаңыздар, егер мені кешірсеңіздер – бұл сіздердің маған көрсеткен жақсылығыңыз болар еді. Алла екі дүниеде де бар жақсыны нәсіп етсін”, – деді Күлекбаев.
Осыдан 7 жыл бұрын Руслан Күлекбаев Алматы көшелерінде 10 адамды атып кеткен. Көбінесе олар полиция қызметкерлері болды. Ол мүлкін тәркілеумен өлім жазасына кесілді. Кейін өлім жазасына мораторий жарияланғанына байланысты Күлекбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2018 жылы Күлекбаевтың түрмеде екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны хабарланған.