«Мен 20 адамды өлтіргім келген». Галявиев оқ атқандардың бәрін қырып тастағысы келген

0

Қазандағы мектепте бірнеше адамды атып тастаған Ильназ Галявиев жауап алу кезінде 20 адамды өлтіруді жоспарлағанын айтты, деп хабарлады Life-shot Telegram-арнасы.

«Мен оқ атқан адамдарға жай жарақат салуды емес, біреуін де қалдырмай өлтіруді көздедім. Ал біреуді жарақаттасам, солай істегім келді, я болмаса, қорқытқым келді деген сөз емес, жай мүлт кеттім, тіпті, оларға екінші рет оқ атқанда дұрыс тимеген болуы мүмкін. Содан жарақат алған. Мен олардың өлгеніне көз жеткізген жоқпын. Мәселе сонда. Гимназияда шамамен 20 адамды өлтіргім келді», — дейді Галявиев.

Оның айтуынша, басында сондай оймен келсе де, артынан есебін жүргізбеген. Алайда барлығын өлтіруге бекінгенін анық білді.

«Ал оқ таусылғаннан кейін мен дәлізге шықтым. Бірінші қабатқа түсіп, басты кіреберіске қарадым. Ол жақта көк киімді ер адамды көрдім. Оның қолында қару болды. Сол кезде ішкі істер органдарының келгенін түсіндім. Өйткені арғы жағында полицейлердің көлігі де көрініп тұрды. Бәрібір ұстайтынын түсіндім. Сөйтіп берілуге шешім қабылдадым», — деді Галявиев.

Ол қосымша оқ-дәрісі бар сөмкені екінші қабаттағы дәретханада қалдырып кеткен. Бірақ оны алуға бармаған. Полицияны көргеннен кейін далаға қолын көтеріп шыққан. Гимназияның кіреберісінде тәртіп сақшылары оған тізерлеп отыруды бұйырыпты. Сосын қолын қайырып алып кеткен. Ал полиция көлігінде Галявиев өзін өлтірмек болған. Бірақ полицейлер оған жол бермеген.

«Қолымды тістеп, май мен бұлшық етке дейін жеткенімді білемін. Бірақ күретамырды таба алмадым. Тістің ізі әлі де бар. Полицей күретамырды тістеп үзуге тырысқанымды көргеннен кейін мені тоқтатты. Сөйтіп мені бөлімшеге жеткізді. Істеген ісіме өкінбеймін. Ресей заңнамасы бойынша кінәмді толығымен мойындаймын, ал өзімдікі бойынша жоқ. Адамдарды өлтіргенім дұрыс болды деп ойлаймын. Шынымен де құдай екенімді көрсеттім, басқалар менің қалағанымды істеуге тиіс», — деді ол.

Айта кетейік, 11 мамырда таңертең 19 жастағы Ильназ Галявиев Қазандағы №175 гимназияда оқ жаудырды. Мектепте 700 адам болған. Жеті бала мен екі мұғалім көз жұмды. Тағы 20 адам ауруханаға жатқызылды.