Мемқызметкерлерге сыйлық бергендер жазаланады — Қоғам|16 Қараша 2018, 13:14
Астана, BAQ.kz тілшісі. Биыл елордада мемлекеттік қызметкерге сыйлық жасаған 6 азаматқа ірі көлемде айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасының жаңалықтар қызметі хабарлайды.
Жыл басынан бері тек Астанада мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасаған 6 адам жазаланды. Оның төртеуі сот шешімімен 336 700 теңгеден айыппұл төледі. Қалған екі дерекке қатысты сот шешімі енді шығады. Олар қызметкерлерге 500, 2000, 3000 теңге көлемінде ақша беріп, «рақмет» айтқан.
Нақтырақ айтсақ, астаналық кәсіпкер салық есебін тапсыруға көмектескен кірістер комитетінің қызметкеріне 500 теңге берген. Кейін ол осы әрекеті үшін сотталып, соттың өкімімен 700 есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Тағы бір астаналық көлік салығын төлеуді тездеткені үшін қызмектерге бір қорап конфетті сыйға тартқан.
«Merci конфетін берген азаматқа кеше соттың өкімі шықты. Ол бір қорап конфет үшін 337 мың айыппұл төлейді», — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева.
Ұлттық бюро енді сыйлық берген азаматт та оны алған мемлекеттік қызметкер де қатаң жазаланатынын ескертіп отыр. Заңсыз алынған сыйлық көлемі 4 810 теңгеден (2 АЕК) асса, мемлекеттік қызметкерге әкімшілік жаза ретінде 1 млн 443 мың теңге айыппұл көзделген. Ал сыйлық құны одан жоғары болса, қылмыстық жаза қолданылады. Себебі, алыған сыйлық пара болып есептелінеді.
Осы орайда Жазира Жылқышиева алдағы айда бірнеше мереке қатар келетіндіктен «пакет» тасып, сыйлық алмасу үрдісі көбейетінін атап өтіп, абай болуға шақырды.
«Алдағы айда мерекелер көп. Бұрын олар мемлекеттік органдарға сыйлықтарымен келіп жататын. Оны енді ескертеміз. Бұлай болмайды, бұл заңға қайшы. Міндетті түрде жазаланасыз. Ал, ресми жиындар мен делегациялардың сапарынан түсетін сыйлықтар мен кәдесыйлар арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы керек», — дейді департамент басшысы.
Енді ресми жиындар мен делегациялар сапарынан түсетін сыйлықтар мен кәдесыйларды 7 күн ішінде арнайы мемлекетік қорға өткізілуі керек.
Қазіргі таңда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты ресми сыйлықтар қоймасында құны 3 млн теңгеден асатын 1400-ден астам сыйлық пен кәдесый жиналып қалған. Оның ішінде қымбат алкоголь өнімдері мен галстуктар, ұялы телефондар мен қымбат картиналар да бар.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ