Мемлекеттің қолдауы және финтех. Қазақстанның ТМД аумағында көш бастауының себебі неде? — Қазақстан жаңалықтары

0

AIFC Fintech Report 2019 – Астана халықаралық қаржы орталығы жүргізген финтех нарығының 2019 жылғы қортындысы бойынша зерттеуіне сәйкес, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігінде Қазақстан бірінші сатыға көтерілген. Жалпы сандық технологиялардың дамуы, оның ел экономикасы мен азаматтардың күнделікті өмірінде, денсаулық сақтау мен білім беруде, сауда-саттықта елеулі рөл ойнай бастауы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен vемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаулары мен баяндамаларында, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айшықталған еді.

Мемлекеттің алға қойған межелері қазіргі таңда орындалып, олар өз жемісін бере бастады деуге болады. Ең алдымен, сандық технологияларды дамыту үшін интернеттің еліміздің барлық аумағына дендеп енуін, төртінші өндірістік революция кезеңі аясында елдегі жұмыс процессін автоматизациялау жақсылап қолға алынды. Қазір осы жұмыстарды арнайы мемлекеттік «Цифрлік Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырады. 

Осы міндеттерді жүзеге асырудағы мемлекеттің негізгі мақсаты — 2025 жылдан бастап жалпыұлттық ішкі өнімді 30% -ға дейін өсіру. Оның өте амбициялық, асқақ міндет екенін айта кетуіміз керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің хабарлауынша, сандық технологияларды дамыту нәтижесінде 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Сандық экожүйеге 67 миллиард теңге инвестиция салынып, өндіріс шығындары 5-8 пайызға төмендемек. 4 жылдан кейін мемлекет жоспарынша, халықтың 97 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. 

«Толығымен сандық мемлекет құрып, дамыған елдер дәрежесіне жету үшін жалғыз үкіметтің қолдауы аздық етеді. Ол үшін бизнес те, кәсіпкерлер мен IT саласының мамандары да бір мақсатта жұмылуы тиіс», — дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

умные города

Мысалы, атын бүкіл әлемге ұялмай жариялай алатын, нағыз отандық финтех жобалар бар.  Kaspi – 12 жылдың ішінде, біздің көз алдымызда бөлшек нарықта қызмет ететін банктен ірі технологиялық платформаға айнала білді. Қазір Қазақстан аумағындағы ең ірі қаржылық экожүйе Kaspi-ге тиісілі. Экономикалық белсенді халықтың жартысынан астамы, демек кем дегенде 6 миллион қазақстандық Kaspi мобильді қосымшасын пайдаланады. 4 жарым миллион отандасымызда Kaspi Gold картасы бар. Былтыр ел бойынша ішкі қаржы аударымдары мен қолма-қол ақшасыз төлеу жүйелері бұған дейін болмаған рекордтық өсім көрсеткені тіркелген. 2019 жылдың қортындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 триллион теңгені құрады. Осы көлемнің тең жартысынан астамы Kaspi экожүйесі арқылы жүрген.  Қазақстанның бұлайша дамуы ірі халықаралық алпауыттардың да қызығушылығын оятты. Нәтижесінде елге Apple Pay және Samsung Pay келді. 

Аталған экожүйенің тек қана қаржы аударымдары мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытып қана қоймай, елдегі ең ірі маркет-плейс болып отырғанын айта кету керек. Жалпы осының алдында, 2019 жылы қазақстандық интернет-дүкендерде сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрағанын премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеген болатын. Әлемдегі трендке көз салсақ, бөлшек саудадағы электрондық коммерция нарығы қазірдің өзінде дәстүрлі сауданы ығыстыра білген. 2019 жылы әлемдегі электронды сауда көлемі, тіпті авиабилеттер мен іс-шаралар билеттерін сатуды есептемегенде 3,5 триллион доллардан асқан. Көрсеткіш бір жылда 20 пайызға өсіп отыр.

Ал Қазақстан осы саланың өсуі бойынша тіпті әлемдік көрсеткіштердің барлығын артта қалдырып кетті. Елімізде электрондық сауда нарығының көлемі бір жылдың ішінде 1,8 есеге өсіп, 2019 жылдың қортындысы бойынша 700 млрд теңгеден асқан. Бір қуаныштысы, әрбір үш сатып алудың екеуі отандық интернет-дүкендердің үлесінде. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құраса, халықаралық интернет-алаңдарынан отандастарымыз 280 млрд теңгеге тауар алған. Отандық сатып-алулардың басым бөлігі Kaspi интернет дүкені арқылы жүрген. Бұл ретте жаңа индустрия қалыптасты деуге болады. 2019 жылы еліміздегі электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 

Біздің цифрлі дамуымызды үкімет арнайы құжаттар қабылдап, кешенді түрде жоспарлайды. Былтыр Электрондық коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттағы шаралар 3 бағыт бойынша құрылымдалған, атап айтсақ: электрондық саудада экспортты арттыру, отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тарту және инфрақұрылымды дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық сауданы ілгерілету.

2018 жылдан бері күнделікті өмірінде интернетті қолданатын ел азаматтарының үлесі тұрақты түрде 80 пайыздан асатын болды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі алдынғы қатарлы 50 мемлекеттің тізіміне кіреді. «Цифрлі Қазақстан» бағдарламасы асында қазіргі уақытта 117 қала және 250 адамнан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді Интернетке қосылды. 2020 жылдың соңына дейін тағы мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді Интернетпен қамту жоспарланған. 

Интернет қолданушылардың өсуі, біздің экономикамызды толықтай цифрлендіруге мүмкіндік береді. Ішкі нарықтың өсуі IT компаниялардың, технологиялық стартаптардың өз деңгейінде бағалануына, осы салаға инвестициялардың артуына сеп болмақ. Мысалы, елдегі IT-нарық 2019 жылы 18,3 млрд теңгеге инвестиция тартқан. 2018 жылдан бері елдегі IT компаниялар саны 3620-дан 5171-ге дейін өсіп отыр. 

Мемлекеттің дер кезінде қабылдаған кешенді бағдарламалары, Елбасы мен мемлекет басшысының IT нарығы мен финтех саласына жіті назар аударуы еліміздің технологиялық революция жасай алуына сеп болды. Нәтижесінде біз тек Орталық Азия емес, бүкіл ТМД аумағын мойындатқан көшбасшы бола білдік. 

stan.kz