Мемлекеттің есін жиғызған Бекболат Тілеухан ұлт мүддесін сататын азамат емес! – Бақтияр Тайжан

0
1291

Журналист Бақтияр Тайжан сынның астында қалған Бекболат Тілеуханға араша түсіп, досына түсіністікпен қарауға шақырды. Бұл туралы kznews.kz сайты жазады. 

«Бекболат Тілеуханов екеуіміз бір топырақтың түлегіміз. Сәкендей нұр дидарлы азаматты дүниеге әкелген аймақта, «Жаңаарқа — балуандар мен әншілердің елі» деген қанатты сөз бар. Сонау сексенінші жылдары алақандай Жаңаарқа Қазақстанның самбо, қазақша күрес құрамасын тең түсердей халде еді. Жеңілмейтін. Ал, әншілері беріден тартқанда Игілік Омаров, Қайрат Байбосынов, барда әншілердің кумиріне айналған Қорабай Есенов, солардың ізін басқан, Қазтуған, Ақтамберді Шалкиіздердердің жырынан қозғағанда жалаң қылышпен атқа мінгізіп жібере жаздайтын Бекболат Тілеуханов. Аты ерте шықты. Ерте есейді. Ұлыстың сөзін қай сында да қайыспай сөйлейтін қайтпас қайраткеріне айналды. Өткенде мерейтойымда Академиялық Инновациялық Университеттің құрылтайшысы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Жахан Оңалбеков «Бақтияр, адамдардың тек жақсы жағын көреді» депті. Момын, адал әке-шешемізден жұққан қасиет болар, шындығы осы. Маған жұрттың біразы күстаналап жатқан Бекболаттың «күмәнді» жақтары емес ұлтқа жасаған жақсылықтары әбден жақын. Дүмбілездеу, орысқолды Білім Министрі «Әліппені» оқу пәнінен аластап жатқанда Парламентте шыбын жанын шырқыратып қайтарып алған атадан ер болып туған Бекболатың емес па еді бұл?! Қазақ өз жерінде азшылық болды. Үні құмыға берді. Алыстағы ағайынның көші тоқтауға айналғанда Ақтамбердінің ұранына басып, мемлекеттің есін жиғызған, жарты есті министрлердің апшысын қуырған, көшті орнынан қозғаған Бекболатың емес пе бұл?!»,- деп жазды Бақтияр Тайжан өзінің фейсбук парақшасында.

Журналисттің айтуынша, Бекболат Тілеухан ұлт мүддесін сататын азамат емес.

«Оңтүстік Қазақстан — кеңес империясының тісі батпаған жер. Солтүстік, Орталықты орысқа айналдыруға шақ қалғанда қазағы мол, салт-дәстүрін сақтап қалған Оңтүстік илеуіне көне қоймады. Империяның Оңтүстікті жерге ұрған саясатын біздің көп ағайын әлі де шыңдық деп біліп, Шымкент десе ежірейіп шыға келеді. «Апыр-ау, елді ел қылған хан, төре, би, сұлтан, батыр, бай бағыландарыңның дені Оңтүстікте мәңгі дамылдап жатыр. Арғысын былай қойғанда қазақ руханиятының сардары Өзбекәлі Жәнібеков, берісі Октябрь Жарылқапов, Әбдісалан Нұрмаханов, Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдабековті жақсы көресіңдер де, оларды дүниеге әкелген Оңтүстікті қалай жаман көресіңдер деп ұлттың есін жидырған Бекболаттың емес пе бұл?! Айтса айтар кеп көп қой. Кейінгі кездері Бекболатты сынап-мінеушілердің көбейгені қорқытады. Әнебіреу, бүгінде бүкіл әлемге қазақша ән салдырып қойған Димашты елдегі конкурста құлатып «осы қатындауысты, шыңғырып ән айтатын әншілерден қорқамын» деп ұлы жаңалық ашқан, жау жоқта аттандап, жау кеткенде қылышын боққа ұратын айтыс ақыны «Бекболат қаңтар оқиғасын білді, қашып кетті» деп жүр. Сол Бекболат желтоқсанда қызмет ауыстырғанын, Түркияда болатынын айтпап па еді. Ашығы тек Аллаға аян. Қаңтарда қайда болдық. Тығылып үйде жаттық. Бүгінде «қаңтарда қайда болдың?» деп әркімге сұқ саусағын безейтін әсірепатриоттар да сол қырғында ешбірі төбе көрсетіп, халық ортасында жүрмегенін көрдік қой. Бекболаттың адвокаты емеспін. Сонау мектепте жүріп сыйлаған сыралғы дос, ұлт сөзін сөйлеген жақсы ініні жүндей түтіп жатқан соң аулағырақ тұра алмадық. Рас, Бекболат кемшіліксіз емес. Ондайдан ешқайсымыз құралақан емеспіз. Ұлық Алла ғана кемшіліксіз. Бірақ, қанша жерге ұрсақ та Бекболат ұлт мүддесін сататын азамат емес еді. Түсіністікпен қарайық. Ардақтыларымызды кенеусіз қырған зұлмат заманы емес. Парламентке Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталы, Мұхтар Шахановтан кейін ұлттық рух әкелген, қазақ мәселесіне келгенде шовинистерге қасқайып қарсы тұрған қарға бойды Қазтуғанымызды қадірлей білейік. Осы еді айтпағым. Барымызды бағалайықшы. «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деп абыз Әбіш аға айтпап па еді», — дейді ол.