Мемлекеттілік тұғыры – халық

0
242

Тәуелсіздіктің ең басты тірегі – халық. Әлбетте аз халықтың азаттыққа қол жеткізуі қиын, қол жеткізген күнде берік ұстап тұру үшін ұлттың үлес-салмағын арттырудың маңызды болары белгілі. Азат рухтың айбынды болуы, ана тілдің мәртебелі өмір сүруі, ата-бабадан аманатқа қал­ған байрақты байсынға еркін иелік ету тек – бұқараның  өз жерінде қаулап өсіп, өркендеп тамыр жаюына тікелей байланысты. Өткен ғасырдың басында Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллионбыз» деп жазды. Сан бар жерде сапа бар. Еге­мендікке енді қол жеткізген елең-алаң шақта қазақтың де­мо­графиялық ахуалын тү­зеу – тәуелсіздікті тұғырлы ету­дің бірден-бір жолы екенін Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев терең түсінді. Бұл туралы Мем­лекет басшысы жуырдағы «Қа­зақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Жол­дауында айтып өткен бола­тын. «Халық саны осы жыл­дар­дың ішінде 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жас­қа дейін артты. Тәуел­сіз­дік алған алғашқы жылда Қа­зақстанда халық саны 14 мил­­лионнан аспайтын еді. Біз бе­рік экономикалық негіз қа­­лып­­­тастырдық», деген-ді Пре­зидент.

Міне, Елбасы айтып отыр­ған­дай, азаттықтың айқын табысы елге ел болып қосылған төрт миллион қазақстандық. Оның ішінде өз территориясында түрлі себеппен азшылыққа айналған мемлекет құрушы ұлттың – XXI ғасырдың басына қарай жалпы халық санының 70 пайыздық үлес салмағына жетеғабыл болуының өзі үлкен мерей.

Керегені кеңейткен көші-қон

Халық санын өсірудің екі жолы бар. Біріншісі, әрине та­биғи өсім. Бұл үшiн аналарға жа­салатын көмек, медициналық жәр­­дем және әлеуметтiк жәр­дем­­ақылардың маңызы ерекше. Екіншісі, қиырда жүрген қан­дастарды тарихи Отанына оралту. Осыдан тура 21 жыл бұрын, яғни 13 желтоқсанда әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақтың ата қонысқа ора­луына мүмкіндік берген «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заң­­ға Президент қол қойған болатын. Бұл жерде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қазақ тілінде жазылған тұңғыш әрі Астанада қол қойылған ал­ғаш­қы құжат екенін де айта кет­ке­німіз жөн.

Қиырдағы қандастардың ұлы көші жайлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кет­ті. Сол көрсеткіш бойынша ха­лық саны 14 миллионға дейін түс­кен. Қазіргі уақытта қайта қал­пымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қан­дасымыз сырттан келді», деп зор мақтанышпен айтады. Ел­басының ерен еңбегімен қол­ға алынған тарихи қадам бү­гінде өз жемісін беріп отыр. Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, биылдың өзінде республикаға 7 162 отбасы немесе 11 617 этностық қазақ қоныс ауда­рып, оралман мәртебесін ал­ған. Қандастардың – 47,9%-ы­ – Өзбекстаннан, 40,4% – ҚХР-дан, 3,8% – Моңғолиядан, 2,9% – Түрікменстаннан, 1,3% – Ресей­ден  және 3,7% – бас­қа елдерден кө­шіп келіпті. Оралман­дардың ең көп бөлігі Алматы – 32%, Түр­кістан – 18,1%, Маң­ғыстау – 10,9% облыстарына және Ас­тана қаласына – 9,4% қо­ныс­тан­ғанын айта кетуіміз керек.

Қаншама тар өткел­ден өтіп, Қараөткелдің бойы­на Аста­насын салған Алаш жұр­­ты бүгін­де халық саны бо­йын­­ша 18 миллион 380 мың­ 803 адамға жетіп отыр. Халық санының қарқынды өсуіне мемлекет тарапынан ба­ла­ның тууына байланысты бір реттік төлемнің жыл сайын өсіп отыруы, сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жоғары төлемдер  жас отбасыларға жаңа серпін сыйлайтыны рас. Айталық, жыл басынан бері бесінші және одан кейінгі балаға 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 151 515 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы беріліп отыр.

Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жас отба­сы­ларға, көпбалалы аналарға, олар­­дың бала-шағаларына Үкі­мет тарапынан нақты, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылу қажет. Елбасы кейінгі Жолда­уын­да мәлімдегендей, келер жыл «Жастар жылы» болып жа­риялануы жас буынның сан жағынан да, сапа жағынан да жаңа белеске көтерілуіне үлкен мүмкіндік деуге болады.

2050 жылға қарай халық саны бойынша 24 миллионнан асуымыз мүмкін

Жалпы демографиялық өсім­ді ұлғайту үшін ана мен ба­ла өлі­мінің алдын алу негізгі та­лап­тардың бірі. Мемлекет басшысы да жыл сайын аталған мәселеге ерекше мән беріп, ана мен бала үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуді тапсырып келеді. Мемлекет тарапынан берілетін көмек пен қолдаудың негізінде елімізде соңғы жылдары бала туу көр­сеткіші 25 пайызға артқаны бай­қалады.

Шамамен күн са­йын елімізде 1000-нан астам сә­би өмірге келеді. Демограф Ер­болат Нығыманұлының айтуынша, Қазақстан халқының са­ны экономикалық жағдай тұ­рақтала бастаған 2002 жылдан бас­тап өскен. «Бүгінде әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің ішінде Қазақстан халық саны бойынша 64-ші орында тұр. Әр­түрлі дағдарыстардың салдарынан өсу қарқынымыз енді ғана екпін алды деуге болады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халқымыздың саны 20 миллионға жетуі керек деп есеп­тейміз», дейді демо­граф. Елі­міздегі халық саны бо­йынша биылғы көрсеткішке көз  жү­­гіртер болсақ, 2017 жылмен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3% -ға өскендігі байқалады.

Статистика комитетінің Де­мо­графиялық және әлеуметтік статистика басқармасының бас­шы­сы Гүлмира Қарауылова­ның айтуынша, Қазақстан хал­қының саны былтырғы көр­сеткішке қа­ра­ғанда тағы 44 мың­дай адам­ға толыққан. «АХАЖ органдары ұсын­­ған аза­маттық хал актілері жаз­бала­рындағы мәліметтерді өң­деу нәтижесінде, 2018 жыл­ғы қаңтар-маусымда туған­дар­ саны 192,7 мың адамды құ­рады, бұл 2017 жылғы қаң­тар-мау­сымға қарағанда 1,8%-ға көп.­ Туудың жалпы коэф­фи­­циен­ті 1000 адамға 21,26 сәби­ден келеді. Биылғы респуб­ли­ка халқының табиғи өсімі 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыс­тырғанда 3,3 мың адамға немесе 2,7%-ға көбейіп, 125,9 мың адамға жетті. Табиғи өсім­нің жал­пы коэффициенті 1000 адамға шақ­қанда 13,89 адамды құрады», дей­ді Гүлмира Сай­лау­бекқызы.

Жоғарыдағыдай көрсет­кіш­­­­­термен қатар, ана өлімі соң­­­ғы ши­рек ғасыр уақыт­та 4 есе­ге­ азай­­ғанын  айта кет­ке­німіз дұ­рыс. Дәрігерлер қауы­мы ана өлі­­мін бұдан әрі де азайту үшін бі­лімі мен білігін, тәжірибесін тереңдете түсуде.

Мамандардың болжамы бо­йынша, демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыс осы қар­қынмен жалғасатын болса, елімізде 2050 жылға қарай ха­лық саны 24 миллионнан аса­ды деп күтілуде.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/