«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

0

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» тақырыбымен онлайн форматта өткен республикалық байқау мәресіне жетті.

Өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту және мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыруды мақсат еткен шараға республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктелген үздіктер қатысты.

Мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеген 21-35 жас аралығындағы қоғамдық белсенді этнос жастары мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері, білім, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері баяндалған бейнеролик ұсынып, берілген тақырыпта ой толғады және «Менің тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында эссе жазды.

Байқауға қатысушылардың тілді меңгеру деңгейін, жауаптарының  мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалаған білікті әділқазылардың шешімімен Анастасия Ирубаева (Ақмола облысы) Бас жүлдені иеленді.

І орынға Муаттар Адиханбаева (Түркістан облысы), ІІ орынға Абдухамидова Хурматой (Шымкент қаласы) лайық деп танылды.

Ал Андрей Потанин (Нұр-Сұлтан қаласы) мен Ирина Чеченева (Атырау облысы) ІІІ-орынды теңдей бөлісті.

Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының үміттерін арқалаған Галина  Дураченко мен Равана Ибрагимова ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға бағытталған шаралар кешені одан әрі жалғаса беретін болады.