Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру заңына қандай өзгерістер енгізілді
2018 жылғы 28 желтоқсан 20:45 199
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру туралы» Заңға қандай толықтырулар енгізілгенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (240 500 теңгеден 1 202 500 мың теңгеге дейін). Одан бөлек, 1000 АЕК-ке дейінгі сатып алуда тапсырыс берушілер тауарлардың фирмалық атаулары көрсетсе алады. Бұл, министрліктің пікірінше, сатып алынатын тауарлардың сапасын арттыруға көмектеседі.
«Бұл қазіргі уақыттағы баға ұсыныстарымен сатып алуда сапасыз тауарларды жеткізу мәселесімен негізделген. Мұндай өнім техникалық ерекшелікке көрсетілген сипаттамаларға сай келмейді. Тауарларды қабылдап, қолдануға бергенде-ақ істен шығады», — деді ҚР Қаржы министрлігі Заңнама департаментінің директоры Сәбит Ахметов министрлікте өткен брифингте.
Заңға сәйкес, ықтимал жеткізушіге «қаржылық тұрақтылық» деп аталатын жаңа біліктілік талабы қойылады. Ол төлеген салықтар, айналымдық және негізгі қаражаттың болуы және еңбекақы төлеу қоры арқылы анықталады.
Сонымен бірге, жаңа қабылданған Заңда «кәсіби шағымданушылардың» жолын кесу де көзделіп отыр. Яғни, олардың сатып алу ниеті жоқ, тек қана өтінімдерді өзара қарау шеңберінде басқа қатысушылардың ақпаратына қол жеткізу үшін өтінім береді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін басқа қатысушылардың құжаттарын қарауға тыйым салынады, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған тауар жеткізушілердің арыз-шағымы қаралмайды. Сондай-ақ, сатып алуға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша шарт жасасу мерзімі тоқтатылмайды.
Заңдағы ең негізгі жаңалық — мемлекеттік сатып алулар веб-порталын пайдаланудың ақылы түрге ауысуы. С. Ахметовтың айтуынша, сатып алуларға қатысу үшін жарна сомасы сатып алу сомасына тікелей байланысты болмақ. 1 миллион теңгеге дейін — жылына 1 АЕК, 10 миллион теңгеге дейін — жылына 10 АЕК, 100 миллион теңгеге дейін — 20 АЕК, 1 миллиард теңгеге дейін — жылына 60 АЕК. Ал егер, шексіз сома болса — жылына 122 АЕК төлеу міндеттелген.
«Конкурс қорытындысын қарауда еш мәселе жоқ. Бірақ, қатысуға өтінім берерде қатысушының ақы төлегені тексеріледі. Шағын және орта бизнесті қорғау үшін ықтимал тауар жеткізушілер түрлі теңгейде шектелген.
1 миллион теңгеге дейінгі сатып алуға қатысатын ШОБ 1 АЕК немесе 2,5 мың теңге төлейді. Бұл әрбір сатып алуға емес, жылына бір рет қана төленеді. Елімізде дәл осындай 37, 726 жеткізуші бар», — деп толықтырды сөзін ол.
Егер жеткізуші көрсетілген сомадан асатын өзге де сатып алуға қатысқысы келсе, жетпей тұрған қаражатты ғана төлейді.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz