Мемлекеттік рәміздерге құрмет
Форумның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ең алдымен қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің ең қадірлі, ең қастерлі символдары. Аспан түстес Байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың әрбір элементінде Елбасының, сондай-ақ осы іске атсалысқан әрбір азаматтың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраты жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік рәміздерді насихаттауды үйлестіретін негізгі орган болғандықтан, отандастарымыздың осы қасиетті символдарға деген құрметін арттыруға арналған жиынның маңызы зор», деді А.Мұхамедиұлы.
Бұдан әрі министр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасындағы Қазақстан жазуының латын графикасына ауыстырылуы туралы әңгімеледі.
«Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығының аясында министрлік биыл мемлекеттік Елтаңбадағы «Қазақстан» сөзін латын графикасында жазу туралы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізіп, тиісті жұмыстар жүргізді. Осыған байланысты еліміздің әр өңірінде халықтың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті нығайту мен кеңінен насихаттауға арналған ақпараттық, танымдық іс-шараларды өткізу аса маңызды», деді ол.
2018 жылдың 12 қыркүйегінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы А.Шаққалиев, мемлекеттік Елтаңбаның авторы Ж.Мәлібеков және «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» өкілдері қатысқан жиында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық жағдайлар» заңына өзгертулер енгізу қажеттігі айтылып, көп ұзамай Елтаңбаның жаңартылған үлгісі шығарыла бастады. Жандарбек Мәлібеков Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл игі іс қазақ әліпбиінің жаңа белесі екенін атап өтті.
«Елтаңбаның жаңартылған стандарттық үлгісін жасап беру ісімен шұғылданып жатырмыз. Латын қарпінің Елтаңбада орналасуы біздің әліпбиіміздің бостандық алғаны деп білемін. Оның Елтаңбадағы көрінісі бүкіл қазақ даласының қазіргі кездегі бостандығын көрсетеді», деді Ж.Мәлібеков.
Бұдан соң жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері мемлекеттік рәміздер саласында атқарып жатқан қызметтері туралы өзара пікір алмасты.
Қалқаман Жақып,
«Жыл патриоты» номинациясының иегері, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры:
– Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі жарық көрген болатын. Осы еңбектің негізінде қоғамдық және ұлттық сананың жаңаруында сілкініс пайда болды деуге болады. Соның жалғасы ретінде биыл жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Президент қазақ ұлтының төл тарихы тереңде жатқанын көрсетіп берді. Осы еңбек ұлттық санамыздың жоғары сатыға көтерілуіне әсер ететіні белгілі. Мінеки, 27 жылға жуық тәуелсіз ел болып отырмыз. Ел болу үшін бірінші кезекте оның рәміздері болуы керек. Онсыз ұлттың елдігі мен мемлекеттілігі болмайды. Сондықтан бүгінгі патриоттар форумында елдің рәміздеріне деген құрмет ерекше. Мұнда жиналғандардың ішінде жастар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтардың жетекшілері бар. Сондай-ақ әртүрлі саланың қыр-сырын меңгерген еңбекқор азаматтар келіп отыр. Тіпті мен секілді зейнеткерлер де көрініп қалады. Бұл дегеніміз – ұрпақтар арасындағы жалғастықты үзбеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғау. Ең бастысы – осындай шаралар өсіп келе жатқан жастарға отансүйгіштікті дәріптеп, елі мен жеріне адал қызмет етуге, Қазақстанның патриоты болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.
Елбасы – бүгінде тек Қазақстанның ғана көшбасшысы емес, түркі әлемінің, түркітілдес елдердің көшбасшысы екенін өз еңбегімен көрсете білген тұлға. Соның көрінісі мен айғағы ретінде келесі жылы болатын түркітілдес елдердің конгресін айта аламыз. Осы секілді кездесулер мен басқосуда өзімнің де көңілім ерекше әсерге бөленеді. Жастардың еліне деген сүйіспеншілік сөздері мен істерін көргенде келешекке деген үлкен сенім ұялайды. Шынын айту керек, кеудеңді мақтаныш кернейді. Біздің жастар жақсы, біздің жастар тамаша. Бірақ соларды тәрбиелеп, үлгі көрсетуде біздің де атқарар үлесіміз көп.
Алена Ким,
«B Tim Enterprises» ЖШС-ның директоры (Ақтау қаласынан):
– Бүгін біз өте қызықты форумға қатысып отырмыз. Мұнда әртүрлі өңірден келген делегаттармен өзара пікір алмасып, зияткерлік қабілетімізді арттыра түстік.
Сондай-ақ үш тілге деген қызығушылық туралы пікір алмасуды көздеп отырмыз. Мысалы, мен ағылшын және қазақ тілін үйреніп жүрмін. Жаңашылдықты да ескеру керектігін білемін. Өйткені жақында қазақ тілі латын әліпбиіне толық көшеді. Сондықтан осындай өзгерістен айналамыздағы достарымыздың да қалыс қалмағаны жөн. Ал бүгінгі форумға келген жастармен осының төңірегінде сөйлесе аламыз. Форумға келгеніме өте қуаныштымын. Мұнда жиналғандардың жасы болсын, үлкені болсын еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан адамдар. Олар Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған мерекелік шараның қонағы мәртебесіне ие болып отыр.
Эльмира Мырзағали,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты:
– Жамбыл облысынан 4 делегат келіп отырмыз. Бұл патриоттар форумы біздің жұмысымызға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Елбасымыздың сарабдал саясатына сәйкес Тараз қаласында мемлекеттік рәміздерді қастерлеу жұмыстары жолға қойылған. Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру жұмыстары тек мемлекеттік деңгейде қалып қоймауы керек. Бұл игі іс әр отбасынан басталуы керек деп ойлаймын. Мен ана ретінде де балаларыма мемлекеттік Туымызды, Елтаңбамызды, Әнұранымызды ұлықтау керек екенін әрдайым айтып отырамын. Патриоттық тәрбиені бала ең алдымен отбасынан көру керек.
Форум соңында түрлі салада қызмет етіп жүрген үлгілі 20 азаматқа «Жыл патриоты» номинациясы беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шара патриоттық әндерден тұратын концертпен аяқталды.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»