Мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істеу тәртібіне қашан көшеді?

0

Әрбір мемлекеттік органның басшысы кімді қашықтан жұмыс істеуге көшіретінін өзі шешеді. Қызметкерлердің жалақысы толығымен төленеді

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Негізі әрбір мемлекеттік орган бұны өз ыңғайына қарай жасайды. Алайда мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді. Сондықтан мен бұл бастаманы тезірек іске асыруға кеңес беремін. Ол мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығына да, мемлекеттік аппараттың жұмысына да қажет», — деді Жайылғанова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы толығымен төленеді. Бірақ әрбір органның басшысы кімді қашықтан жұмыс істеуге көшіретінін өзі шешеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті

«Мәселен, талдаумен айналысатын мамандарды, сауалдарға жауап жазатындарды, сосын сан алуан жобалармен айналысатын қызметкерлерді онлайн режимге ауыстыруға болады. Бұдан бөлек, кейбір мамандарды ақылы еңбек демалысына жіберуге рұқсат етіледі. Бірақ ол адамдардың демалысқа кетуі мемлекеттік органның жұмысына кері әсерін тигізбеуі керек», — деп атап көрсетті Жайылғанова.

Тоқаевтың бастамасы

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және квазимемлекеттік саладағы қызметкерлердің 70 процентін қашықтан жұмыс істеуге көшіру керек екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

«Төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор қызметшілерінің 70%-ін қашықтан жұмыс істеуге көшірген жөн», — деді президент.

Мемлекет басшысы жеке кәсіпорындарға да осындай шараны қолдануды ұсынды.

Алматы мен астана карантинге жабылады

16 наурыз күні Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол бір айға созылады.

Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.

Адамдардың қозғалысы, көліктердің кіріп-шығуы шектеледі. Қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта тоқтап немесе шектелуі мүмкін, я болмаса түнде мүлде қатынамайды.

Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.

Карантин аймағының периметрі белгіленіп, кіру-шығу пункттері анықталады.

Арнайы емдеу мекемелері үш санат – вирус жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер мен карантинге алынғандар бойынша үздіксіз жұмыс істейді.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда – 18 адам, Алматы қаласында – 17 адам. 



sputniknews.kz