Мемлекеттік құпияны таратқаны үшін сотталған Бағлан Майлыбаев бостандыққа шықты — Қазақстан жаңалықтары

0

Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары, мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Бағлан Майлыбаев мерзімінен бұрын босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бағлан Майлыбаев

Бұл туралы оның ағасы Ерхан Майлыбаев мәлімдеді. 

«Бағлан Майлыбаев бостандыққа шықты. Сот шешімі заңды күшіне енді. Қазір ол Нұр Сұлтанда. Өзін жақсы сезінеді», — деді ол.

Бағлан Майлыбаев қызметінен 2017 жылдың 12 қаңтарында босатылып, 16 қаңтарда ұсталып, кейін сот шешімімен қамауға алынды

Бағлан Майлыбаевты сот Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі «Қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану» және Қылмыстық кодекстің 185-бабының 3-бөлігі «Ауыр зиян келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету» қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған мүлкі тәркілене отырып, мемлекеттік органдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот отырыстары жабық режимде өтті.

Майлыбаевпен бірге президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Николай Галихинді қамауға алды. Оған да мемлекеттік құпияны жария етті деп айып тағылды. Оған үш жыл мерзімге мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айырып, шартты түрде төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Майлыбаевтың мүлкі 171 миллион теңгеге бағаланып, мемлекеттік органдарға берді. 2019 жылдың ақпан айында Бағлан Майлыбаев орташа қауіпсіздік колониясынан қоныс-колониясына ауыстыру туралы өтініш берді. Сот бұл өтінішті қабылдамады. 

Бұған дейін де Майлыбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш түсірген. Бірақ сот оның бұл өтінішін де қабылдамады. 

 

stan.kz