Домой Жаңалықтар Мемлекеттен тыс үшеу. Тілеухан мен Тазабек «крышаларын» алдап келген бе?

Мемлекеттен тыс үшеу. Тілеухан мен Тазабек «крышаларын» алдап келген бе?

0
5076
Бүгін «Нурсултанский соловей» телеграм-каналында көңіл аударарлық дерек жарияланды. Ондағы мәліметтердің шын-өтірігіне бәс тіге алмаймыз, бірақ бұл жайт тағы бір ресми сауалдың жолдануына түрткі болды.

Телеграм-канал бүй деп жазады: «Анонимді ақпарат көзінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, дәстүрлі емес діни ағым ұстанатын әрі салафиттік және ваххабиттік астыртын ұйымның жетекшісі Қайрат Сатыбалдыға тергеу изоляторында діни парызын атқаруға рұқсат етілген. Тіпті ол үшін арнай бөлме беріліпті.

Тәртіптің жұмсаруына «Қазақтелеком» АҚ-ның 24 пайыз акциясын люксембургтік офшордан шығаруы және қазақстандық теміржол инфрақұрылымы нысандарын 100 пайыз көлемде мемлекетке тапсыруы белгілі бір дәрежеде себеп болғанға ұқсайды.

Сондай-ақ Сатыбалды құқық қорғау органдары таққан айыптарды толықтай мойындап, тіпті кейбір нәрселерді өзі шынайы баяндап беруге келіскен. Ондағы ойы – сот үкім шығарарда осы жайтты ескерер дегені.

Құқық қорғау органдары істі індете тергегенде Сатыбалдының қазақстандық кәсіпкерлерден және басқа да тұлғалардан аса ірі көлемде қаржы алғаны анықталған. Мұны пара деп бағалауға болады. Өйткені пара берушілер «Елбасының жақын туысы» арқылы өз бизнестері үшін мемлекеттің артықшылықтарына қол жеткізіп, құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалуды көздеген.

Оның сан мәрте ақша алғаны айналасындағы топты жасырын бақылау, телефон әңгімелері, аса ірі көлемдегі қаржыны алып жатқан сәті арқылы дәлелденсе де, Сатыбалдының өзі мұны мойындамады.

Тергеу материалдарында көрсетілгендей, Сатыбалдыға жақын топтың ішінде бұрынғы мәжілісмен Бекболат Тілеухан мен қоғам қайраткері Мұхаметжан Тазабек те бар.

Сатыбалдының әрекетіне қарағанда, берілген қаржының бір бөлігі туралы ол мүлдем білмейді. Тілеухан мен Тазабек делдалдық қызметі үшін пара берушілерден «комиссия» ұстап отырған немесе пара берушілерді адастырып, алаяқтық әрекеттерін іс асырып келген.

Қазір бұл екеуін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр».

Қайрат Сатыбалды аттан түспей тұрғанда Мұхамеджан Тазабек порталымызға көлемді сұхбат берген. Бір кездегі айтыс ақынының кең көсілуіне, ашыла айтуына барынша мүмкіндік жасағанбыз.

Алайда Қ.Сатыбалды ұсталғалы бері М.Тазабекте үн жоқ. Бір кездегі «крышасының» ұсталуына қатысты ләм-мим демеді. Тілшіміз сан мәрте хабарласып, хат жолдағанымен, Тазабек жауап бермеді. Осының өзі белгілі бір ойға жетелейді.

«Үшеудің ісіне» байланысты құзырлы органға ресми сауал жолданды, жауап кешікпейді деп сенеміз.