Мемлекетшілдіктің негізгі алғышарты – ұлттық сана-сезім

0

Қарап отырсақ ұлттық тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлт болып ұйысу процесіне тарихи тақырыптарға қатысты дискуссиялар қозғаушы күш болып отырды. Естеріңізде болса, 90-жылдары ұлттық сана-сезімге үлкен дүмпу берген де тарихқа қатысты пікірталастар. Сол кезде пайда болған тарихтың ақтаңдақтары мәселесі, репрессия кезінде құрбан болғандарды ақтау, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту, баһадүр батыр бабаларымыздың астарын беріп, тойларын атап өту – ұлттық тарихи сана-сезімнің қалыптасуына үлкен серпіліс берді. Одан кейін, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқанда, Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы – ұлттық тарихымыздағы жоғымызды түгендеп, жинақтауға мүмкіндік тудырды. 2013 жылы Елбасының бастамасымен ұлттық тарихты академиялық тұрғыдан түгендеу жолында жұмыстар жүргізілді. Өткен жылғы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы дискуссияларға тағы бір қозғау салды. Ал бүгінгі мақаланы Елбасының ұлттық тарих жөніндегі тақырыптық туындысы деп қарастыруға болмайды. «Ұлы даланың жеті қыры» – ұлтты жаңа ойларға жетелей­тін кезекті бағдарламалық мақала. Мұның алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қазақ қоғамының күн тәртібін анықтауға мүмкіндік берсе, бүгінгі мақала да ұлттық сана-сезімнің қалып­тасуындағы жаңа дискурс.

Бүгінгі мақаланың ойы неде? Бүгінгі күнге дейін біз тарихымызды жинақтап, толық­­тырып, бары мен жоғын анықтаумен келдік. Ендігі ретте қазақ ұлтының әлемдік өрке­ниет­тегі орнын және үлесін көрсету. Түсінген адам үшін шын мәнісінде мемлекет­тің тәуелсіздігі мен егемендігі шарттарының бірі. 

Мемлекеттің болашақтағы өміршеңдігі тиісті институционалды шарттарға: мемлекет­тік құрылымы, шекарасы, ұлттық валютасы, экономикасы, әскері, мемлекеттік институттарымен қатар, рухани құндылықтармен де анықталады. Біз жапон, қытай, араб мәдениеттеріне тамсанып, сүйсінеміз. Олар сол мәдениеттерін көрсете алғандарының арқасында мемлекеттілігінің өміршеңдігін де қалыптастыра алды. Бұл ұлттық мәдениеттер ертең оңай жоғалып кетпейді. Жаһандану заманында қазақ ұлтының өз орнын сақтап қалу, сонымен қатар басқаларға адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді көрсете білу аса маңызды. 

Біз кездейсоқ пайда болған, әлемдік периферияда кездейсоқ факторлар әсерінен қалыптасқан ұлт емеспіз. Біз мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің қалыптасуына әрқашан үлес қосып қоймай, тіпті үлкен әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық. Біз Жібек жолының бойында орналасып қана қойған жоқпыз, Жібек жолының тоғысқан орны болдық. Біз Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырдық. Сол арқылы қазақ мәдениеті өз алдына бөлек өркениет болып қалыптаса алды. Қазақ мәдениеті әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі, өзегі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің эпицентрінде болған қазақтың санасында өзінің бай мәдениетінің орнын анықтауымыз қажет. Бұл мемлекеттіліктің бір маңызды тірегі. Біз мемлекеттілікті құрдық, енді мемлекетшілдікті қалыптастыруымыз керек. Ал мемлекетшілдіктің негізгі алғышарты – ұлттық сана-сезім мен тарихи сана-сезім. Бүгінгі мақала қазақ қоғамына терең пікір қалыптастыруға, көлемді дискуссияларға үлкен негіз болмақ.

Ерлан ҚАРИН,

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы