Мемлекет көпбалалы отбасыдан үйді қандай жағдайда тартып алады? Вице-министр жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында көпбалалы отбасылардан жалдамалы пәтерлер қандай жағдайда тартып алынуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сурет: Comode.kz 

«Олар жалдамалы үйлерде қанша тұрамын десе, сонша уақыт тұра алады. Оларды ешкім шығарып жібермейді. Бірақ біз оларды қандай жағдайда үйден шығара аламыз? Егер 60 күн ішінде коммуналдық төлемді кешіктірер болса, сол пәтерге қасақана қандай да бір зақым келтірсе, көршілері шағымданса, егер сол үйді хостел, дүкен секілді басқа мақсаттарда пайдалану үшін қайта жасақтаса, осы секілді заңда жазылған тәртіппен тартып алынады. Мемлекет мұндайға жол бермейді, үй иесінің көшуіне тура келеді», — деп айтты Өскенбаев.

«Жалға алған адам ол үйде қанша тұрамын десе де тұра береді. Егер жағдайы жақсарып, басқа жаққа көшемін десе, әрине, өткізеді. Балалары өсіп, өз алдына отбасы болып кетуі мүмкін. Алайда үйді алған адам сонда тұра беремін десе, оны ешкім қумайды. Тек оны басқа мақсатта пайдалануға болмайды. Мәселен, хостел немесе дүкенге айналдыруына мемлекет жол бермейді», — дейді Өскенбаев.  

Оның айтуынша, елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 31 мыңы әкімдіктің баспанаға мұқтаж азаматтар есебінде тұр. Жыл сайын 50 млрд теңге көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы пәтерлер салуға бөлінеді. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны, 2025 жылға дейін 40 мың отбасыны жалдамалы пәтермен қамтуға мүмкіндік береді. 1 мамырда 249 пәтер берілді. 7 мамырда Семей мен Өскеменде көпбалалы отбасыларға 10 пәтер кілті табыс етілді. Мамыр соңына дейін 1200-1300 көпбалалы отбасына пәтермен қамту жоспарланып отыр.  

«Баспана үлестіруде арнайы кесте бар. Мысалы 9 мамырда Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласындағы көпбалалы отбасылар пәтер кілтін алады. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласының тұрғындарына беріледі», — деді вице-министр. 

ТҮҚЖБ көпбалалы, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға маусым айында жеңілдікті кредит беруді жоспарлап отыр. Бұл займдар жыл сайынғы мөлшерлемесі 2 процент, бастапқы жарна 10 процентпен 20 жылға беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін. Өскенбаев «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» секілді наградалары бар аналар мен көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте баспана берілетінін атап өтті.

Вице-министр көпбалалы отбасыларға берілетін үйден өзге үйлерді тапсыру жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын жеткізді.

stan.kz