Мемлекет басшысының төрағалығымен сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті
Фото: akorda.kz
Астана, BAQ.KZ. Жиында сот жүйесін Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауда көрсетілген басымдықтарға сәйкес одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
– Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен бара-бар. Осыған байланысты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында маңызды жұмыс атқарылды. Сот жүйесін жетілдіру экономикамызды жаңғыртудың және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың маңызды бөлігі саналады, — деді Елбасы.
Отырыста Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев, Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов және Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Т.Донақов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Сот жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының атқарған жұмысының қорытындылары жөнінде баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай, сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны атап өтілді.
– Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шығаруы керек. Осыдан кейін, әрине, олардың сапасына қатысты сұрақ туындайды. Бұл істердің 30 пайызы сотта қарауды қажет етпейді, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елімізде сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
– Сот кадрларының сапасы, олардың мүлдем басқа әдістерді талап ететін заманауи экономикалық жағдайларға әзірлігі және бейімделуі – маңызды мәселелердің бірі. Құқықтық сауаты жоқ судьялар бізге реформа жүргізуге көмектесе алмайды. Судьялар құзыреттіліктің, адалдықтың, әділеттілік пен әдептіліктің үлгісі болуға тиіс, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде судьяларды іріктеу тәртібі күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, судья лауазымына 100 үміткердің ішінен 5-еуі ғана сынақтан өткен. Бұл талаптар сот жұмысына күрделі істерді қарастыруға қабілетті әрі біліктілігі жоғары заңгерлерді тарту үшін қойылып отыр. Мұндай мамандарға тиісті жағдай жасалып, лайықты жалақы белгіленеді.
– Ант берген судьяларға айтарым, ант дегеніміз – жай ғана сөз емес. Өз іс-әрекеттеріңізде антты басшылыққа алуларыңыз керек. Судьялардың жалақысы мен оларды қамтамасыз ету мәселесі салық төлеушілер қаражаты есебінен шешіледі. Сондықтан, судьялар тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заң бұзған судьяға ең қатал жаза қолданылуы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кадрлық мәселелердің бәрін Жоғары Соттан Жоғары Сот Кеңесіне беруді ұйғарды. Судьялардың мансаптық ілгерілеуі қоғам тарапынан бағаланатын кәсіби біліктілігі мен адалдығына ғана байланысты болуға тиіс.
Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткізіледі. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот пен Жоғары Сот Кеңесінің басшылығына бұл мәселенің шынайылығын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз – тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады. Сот құрамы судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды.
Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орайда, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ